Қазақстанда көп балалы отбасылар қандай көлемдегі жәрдемақыларды алады
Фото: Zakon.kz
2024 жылдың басынан бастап көпбалалы отбасылар 348 млрд теңгеден астам сомаға жәрдемақы алды, деп хабарлайды Zakon.kz.
2024 жылдың 17 қазанында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің берген мәліметінше, жыл басынан бері көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақымен орта есеппен 576,4 мың отбасы жалпы сомасы 348,9 млрд теңге мөлшерінде қамтылды, оның ішінде қыркүйек айында 525,9 мың отбасына 35,2 млрд теңге мөлшерінде жәрдемақы төленді.
Бұл мемлекеттік жәрдемақыға бірге тұратын 4 және одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.
Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп төленеді және 2024 жылы:
4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 59 183 теңге;
5 балаға – 20,04 АЕК немесе 73 988 теңге;
6 балаға – 24,05 АЕК немесе 88 793 теңге;
7 балаға – 28,06 АЕК немесе 103 598 теңге;
8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әрбір балаға 4 АЕК немесе 14 768 теңге мөлшерінде төленеді.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 7%-ға артқанын атап өтеміз.
Биыл көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 474 млрд теңге қарастырылған.