Сәкен Сейфуллиннің туғанына -130 жыл
Бүгін қазақ әдебиетінің негізін құраушы, үш бәйтеректің бірі Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл,деп хабарлайды arainfo.kz.
Жазушы Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы, Ортау ауылында дүниеге келген. Сейфуллин өз өмірін жазуға арнаған. 1914 жылы оның «Өткен күн» атты өлеңдер жинағы жарық көрді. Сәкен Сейфуллин өмірде де, әдебиетте де белсенді күрескер ақын ретінде танылды.
Оның «Асау тұлпар» өлеңдер жинағы, «Бақыт жолына», «Қызыл сұңқарлар» атты пьесалары, «Домбыра», «Экспресс», «Тұрмыс толқынында» атты поэтикалық жинақтары жарық көрген.Сәкен Сейфуллиннің шығармалары әлемнің көптеген тілінде жарық көрді. Ол - «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған алғашқы қазақ жазушысы.
Қазақстан Жазушылар одағы таңдаулы деректі проза мен публицистикалық шығармаларға жыл сайын беріліп тұратын С.Сейфуллин атындағы әдеби сыйлық тағайындады (1985). Алматы, Астана сияқты көптеген қалалар мен елді мекендерге, театрлар мен мектептерге, кітапханалар мен көшелерге Сәкен Сейфуллиннің аты берілген.