Мәртебелі мамандық
Шәкірт жүрегіне жол тауып, санасын білім сәулесімен жарқырату – екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Жыл өткен сайын білім беру жүйесінде жаңашылдық пен жасампаздық жанданып келеді. Өскелең ұрпақты өрге сүйреп, білім шыңына жетелеуде ұстаздың орны ерек. Бүгінде жас болса да меңгерген мамандығынының майталманына айналған мұғалімдер жетерлік.
математика пәнінің мұғалімі:
Математиктеріммен мақтанамын
– Әл-Фараби атындағы ҚазГУ-ді бітіріп, Еңбек жолымды Жанкенттегі №104 мектепте бастадым. 2014 жылдың желтоқсанынан бастап Б.Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназияда математика пәнінің мұғалімімін, – дейді Еркін Жиентайұлы.
Ол мұғалім болуды оқушы кезінде таңдаған. Мектепте математика, физика, химия пәндерін сүйіп оқыған шәкірттің: «Болашақта математика мұғалімі болып, аудандағы дарынды балаларды облыстық, республикалық деңгейдегі сайыстарды жеңіске жеткізсем» деген арманы болды. Бала арманын үлкен мақсатқа айналдырған Еркін Жиентайұлы ата-анасына «мұғалім болсам деген ниетін жеткізеді. Ұлдарының бұл шешімін қуана құптаған ата-анасы жан-жақты терең білім алуына жағдай жасайды.
– Әкем Алматы, Ақтөбе, Қызылорда қалаларына барған кезінде арнайы бір күн уақытын бөліп, маған түрлі математикалық кітаптарды әкеліп беретін. Қазақстандық, әлемдік математиктердің өмірбаяндарымен таныс болдым. Олардың жеткен жетістіктерін сүйсініп оқыдым. Менің математикаға деген құштарлығым арта түсті, – дейді ұстаз.
Еркін Сыдықовтың есімі аудан жұртшылығына шәкірттерінің бағындырған белесінен де таныс. Оқушысы Ақбота Ұзақберген Қарағанды қаласында өткен республикалық Президенттік олимпиадада жарысқа қатысты. Басқа да көптеген шәкірттері аудандық, облыстық, ресубликалық сайыстардың жеңімпаздары.
– ҰБТ-дан үш жыл қатарынан ең жоғары 45 балл алған жеті оқушым бар. Математикалық бағыттағы өзімнің сыныбымның орташа баллы аудан бойынша бірінші орында болды. Математиктеріммен мақтанамын. Математикаға құштар шәкірттерді көргенде өзім де ерекше шабыт аламын. Оларға білгенімді үйретуден жалықпаймын. Керісінше, сен берген білімді меңгеріп, нәтиже көрсеткенде төбең көкке бір елі жетпей қалады.
Алда талай жоспар тұр. Біраз уақыттан бері аудандағы талантты, дарынды балаларды топтастырып, олимпиадалық резервті дайындау жоспарымызда бар. Әлемдік додаларда бақ сынайтын жас математиктерді шығаратын ұйым құрудың алғашқы баспалдағы қаланды десем болады. Тіпті ауданда физика-математика пәндерін тереңдетіп оқытатын білім беретін орталық болғанын қалаймын, – дейді Еркін Жиентайұлы.
бастауыш сынып мұғалімі:
Бала бойындағы дарынды дамыту маңызды
Ақмарал Жәнібекқызы Жанқожа батыр атындағы №70 орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі. М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледждің түлегі. Мұғалім болуды бала күнінен армандаған. Ақмарал Жәнібекқызы аудандық «Пән мұғалімдері олимпиадасы – 2022» олипиадасынан ІІ орын иегері. Облыстық «Алтын тұғыр» олимпиадасының жүлдегері. Шығармашыл ұстаз аудандық «Бақытты балалық шақтың бір сәті» фотобайқауынан жеңімпазы. Өткен жылы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының ұйымдастыруымен өткізілген «Педагогикалық идеялар аукционы – 2023» байқауында «Үздік заманауи сабақ» номинациясы бойынша үшінші орынмен марапатталған.
– Ұстаздық – білім мен қабілеттің, талап мен таланттың түйіскен тұсынан туатын құдіреті күшті мамандық. Ұстаз болуға деген талпыныс маған да жас күнімде өз ұстазымның игі мінезіне, адами болмысына, даналығы мен даралығына деген құрметімнен туды. Бұл асқан зор жауапкершілікті қажет ететін мамандық. Оны алып жүру – үлкен мәртебе, зор жауапкершілік. Әр жетістігім, оқушыларымның жеңісі алдағы уақытта әлі де шыңдалуға, ізденуге, шәкірттерімді алға жетелеуге, тынбай еңбек етуге серпіліс берді, – дейді Ақмарал Жәнібекқызы.
Ұстаздың мерейін өсіріп, мәртебесін үстем ететін басты нәрсе – шәкіртке берген білімінің нәтижесі. Ақмарал да алдындағы оқушының талантын танып, шығармашылығын шыңдай білген жан. Бір ғана шәкірті Адия Қуандықованы атап кетер болсақ, ол 2022 жылы «Менің отбасым» байқауының аудандық кезеңінде бірінші, облыстық кезеңінде үшінші орын иеленді. Аудандық «Зерде» ғылыми жобадан жаратылыстану бағыты бойынша және «Бастау» республикалық математикалық олимпиадасының аудандық кезеңінде екінші орын тұғырынан көрінді.
– Мұғалім болу – айтуға оңай болғанымен, нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні шындық. Ұстаз жолы – қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандықтың төресі десек болады. Әр оқушының жан дүниесі, өзінше бір әлем. Ұстаздың міндеті – шәкірттеріне мәлімет беріп қана қоймай, оны білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға ықпал ету. Күнделікті сабақ жоспарынан тыс тың дүниелерді тауып, шәкірттеріме үйрету менің мақсаттарымның бірі әрі бірегейі. Сынып жетекшісі болғандықтан әр баланың бойындағы дарынын әрі қарай дамытуды көздеймін. «Бұлақ көрсең, көзін аш» демей ме дана халқымыз. Кез келген баланың бойында бұғып жатқан талант бар. Оны жарыққа шығаруға мұғалімнің де ықпалы зор. Сондықтан баланы өзі бейім іске баулығанды жөн санаймын, – дейді жас ұстаз.
тарих пәнінің мұғалім:
Сабағымды цифрлық технологияларды пайдаланып өткіземін
– Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін 2019 жылы тарих пәні мамандығы бойынша қызыл дипломға бітірдім. 2020 қыркүйек айында еңбек жолымды №249 мектеп-лицейде бастадым. Әулетімізде мұғалімдік қызметте жүрген, аға-тәтелерім бар. Солардың ізін жалғастырғым келген болар, мұғалім болуға ниет білдірдім. ҰБТ кезеңінде дайындық бастағанда ата-анам барынша қолдау көрсетіп, білім мүмкіндік жасады. Білім саласына да, қоғамдық жұмыстарға да барынша қалмай белсенді қатысуға тырысамын. Бұл мамандық мені үлкен жетістіктерге жетеледі. Әлі де талай асуды алатыныма сенемін.
Биылғы жыл да мен үшін ерекше болды. «Құзырлы мұғалім және табысты оқыту жолдары» атты аудандық семинарда іс-тәжірибесімен бөліскенім үшін және «DIGITAL KAZAKHSTAN» Жаңа замандағы цифрлы білім беру атты аудан тарихшылар секциясында іс-тәжірибесімен бөліскенім үшін Қазалы аудандық білім бөлімі басшысының алғысын алдым. Сонымен қатар «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» III республикалық жастар форумында іс-тәжірибесімен бөліскенім үшін NIS педагогикалық шеберлік орталығы директорының «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» клубының ресми онлайн алаңында іс-тәжірибесімен бөліскені үшін NIS педагогикалық шеберлік орталығы директорының алғыс хаты берілді. «Ұлы даланың ұлы есімдері: Жалаңтөс баһадүр және түркі дүниесі» атты облыстық дөңгелек үстелінде баяндама жасағаны үшін Қызылорда облыстық оқу орталының директорының Сертификатын алдым. Жалпы білім беру ұйымдарының жас ұстаздар арасында өткізілген «Үздік жас маман – 2022» аудандық байқауының 1, 3 дәрежелі диплом иелендім. «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» республикалық педагогикалық олимпиадасының республикалық кезеңінің III дәрежелі диплом жүлдегері болдым. «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» III республикалық жастар форумында квестегі жеңісі үшін NIS педагогикалық шеберлік орталығының арнайы грамотасымен марапатталдым.
Шәкірттерім де талай додада топ жарып, мектеп-лицей абыройын асырып жүр. Оқушым Нұрғазы Олжас «Менің кіші Отанымның болашағы» сайысының аудандық кезеңінің 1 орын, облыстық кезеңінің 3 орын иегері. Анеля Ниятова «Менің кіші отанымның тарихы» сайысының аудандық кезеңінде 1 орын, облыстық кезеңінде 3 орын иеленді. «Т.Жүргенов өмірбаяны» аудандық театр қойылымында оқушыларым екінші орын алды. 5-6 сыныптар арасында жалпы білім беретін пәндік олимпиаданың аудандық кезеңінде Айжан Айбекқызы 1, облыстық кезеңінде 2 орын иеленді.
– Әлемнің жетекші елдерінде білім беру саласына жаңашылдықтар күн сайын енгізілуде. Біздің басты мақсатымыз – бұл үрдістен қалыс қалмай, оны барынша толық меңгеріп, уақытылы игеріп отыру. Баршаға мәлім, 2017 жылы «Digital Kazakhstan» бағдарламасы қабылданды. Осы жобаны іске асыруда жас ұрпақтың қосар үлесі мол. Өйткені олар цифрлық технологияларды жетік меңгеріп, оны білім алу барысында қолданса, болашақта цифрлық сауаты жоғары ұрпақтың қалыптасарына сенімім зор. Ал цифрлық ұрпақ – еліміздің болашағын өзгертетін, үміт артар жас буын. Менің қазіргі енгізіп жатқан жаңашылдығым – тарих пәнін цифрлық технологияларды пайдалана отырып өткізу және осы арқылы жас ұрпақтың білімін жетілдіріп, олардың цифрлық сауаттылығын арттыру. Әрине болашақта бұл жоба жаңа қырларынан көрініп, оқушылардың білімге деген қызығушылығын одан әрі арттырады деп сенемін. Әрбір мұғалім өз сабақтарында цифрлық технологияларды барынша тиімді қолданса, біз болашағымызды дамытатын нағыз цифрлық ұрпақты қалыптастыра аламыз. «Digital Kazakhstan» жобасын жүзеге асыруда «Digital Ustaz»-дың қосар үлесі айрықша болмақ, – дейді жас ұстаз Аслан Сараман.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА