Әділеттіліктің алдаспаны
Қазақ тарихында өзіндік орны, өнегелі жолымен қалған ұлт қайраткері, әділдіктің алдаспаны болған Әйтеке бидің орны бөлек. Биыл Орталық Азия халықтарына ортақ тұлғаның туғанына – 380 жыл. Осынау айтулы дата қарсаңында өнегелі өмір иесінің өткеніне, қоғамдағы орнына бойладық.
Атадан ұл туса игі
Даналық, даралығымен елге сыйлы тұлға 1644 жылы қазіргі Өзбекстан жеріндегі Нұрата облысы Бұхара жеріндегі Қызбибі тауының етегінде дүниеге келген. Қазақта «тектілік» деген терең ұғым бар. Болашақ бидің шыққан жерін байыптасақ, қазақ халқы үшін қызмет еткен тұғырлы тұлғаларды танисың. Атақты тимуридттер мемлекетінің негізін қалап, Самарқанды өзінің астанасы еткен Әмір Темірдің ең жақын кеңесшілерінің бірі Ораз би, Қоқан ханы Ақша, Самарқанды басқарған Жалаңтөстердің қай-қайсысы да өз дәуірінің қайталанбас қаһармандары.
Ораз қажы – Әйтекенің бесінші атасы. Тарихқа үңілсек, бүкіл өзбек, парсы, қырғыз, қазақ жұрты «Синесоф буа» яғни «жаны пәк адам» атаған Ораз қажы кеңесімен Әмір Самарқандты астана еткен. Ораздың Тоқпан атты баласы Темірдің қол бастайтын бас батырларының бірі болған. Тоқпанан Тоғамыс, Шобан, Сейітқұл тарайды. Сол Сейітқұл бидің есімі де Орта Азия жұртына түгел таныс. Сейітқұлдың сегіз ұлының бірі Ақша, бір ұлы Жалаңтөс батыр. Ақшаның ұлы Бәйбектен Әйтеке туылады.
Қазақтар ішіндегі беделді басым болған, сыртқы саясатты берік ұстанып, Шайбани мұрагерлерінің арасындағы қақтығыстарды хандықты нығайту мақсатында ұтымды пайдаланған Шығай хан. Ханның тұсында ақылман кеңесшісі атанған Сейітқұл әулиенің ұлы Жалаңтөс 12 жасында Тамды мен Қызылқұм қазақтарының ханы Дінмұхамедке қызмет етіп, жастайынан төзімділігі, терең ойлылығымен халыққа сыйлы болып, сол дәуірдің жоғары дәрежесі «Аталық» атағын алады. Қалмақ ханы Батурды жеңіп,1643 жылы Жетісуға басып кіргенде, көмекке 20 мың әскерді жібереді. Жалаңтөс Бұхар ханы Азиз, Иран шахының шабуылында жауға қарсы тойтарыс беріп, қазіргі тілмен айтсақ, халықаралық маңызды мәселені шешуде дұрыс тактикалық әдіс, қолбасшылық қырымен танылған даңқты дарабоз, ұтырлы стратег.
Материал Әйтеке би туралы тарихи деректер, құжатнамалық қағаздар, Ж.Боранбай есімді автордың тақырыптық мақаласы мен ұрпақтарының пікірлері негізінде дайындалды.
Әйтеке бидің шын есімі – Айтық.
Деректерді сөйлетейік. Ж.Боранбаев Әйтеке бидің жанама 4 есімі болғанын дәлелмен жеткізеді. Оның айтуынша, Әйтеке, дұрысы Айтеке, қазақ дәстүріндегі құрмет мәнінде жалғайтын қосымша арқылы көпке танылған есімі. Мақаладағы екінші мысал, ел арасында Айтықби деп те атағаны. «Түп-тұқияннан өзіме шейін» кітабындағы Шапырышты Қазыбек би Тауасарұлы оны барлық жерде «Айтық» деп атайтынан жолдар келтірілген. Келесі мағлұмат бидің өмір сүрген кезеңіндегі кітаптарда азан шақырып қойған атының Айтмұхаммед екенінен дерек береді. Сондай-ақ төл ұғымдағы Алла Тағаланың көркем 99 есімі, Пайғамбарымыз с.ғ.с аты қойылған сәбидің ешбірін толық атымен атамағандығын айтып өтеді.
Әйтекенің шешендік өнерге шыңдалуына алғаш әсер еткен әкесі Байбек пен Қосуақ бидің ел арасындағы істері екені айтпаса да түсінікті.
Бала Әйтеке бес жасында ауыл молдасынан хат таниды. Жеті жасқа жеткенінде арда ұл Жалаңтөс батыр мен атасы Ақша ханның тәрбиесін тел алады. Сол тұста Самарқанға келетін ел ағалары, айтулы азаматтар, шахтар мен елшілерді қабылдау, олармен ресми кездесу өткізу рәсімдеріне куә болады. Сондай маңызды басқосуларда шешендік, даналық сөздерді санасына сіңіріп, көсем де шешен сөйлеуге төселеді. Ақша бабасынан елшілік, ел басқару жолдарын үйренсе, Жалаңтөстен әскери қолбасшылық дағдыларын меңгерген.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, айналасындағы ахуал, алғашқы баспалдақтар оның өмір мектебі, бағындырған биігіне бастау болады.
Жиырмасында бас болған
Әйтеке би өз заманындағы жан-жақты білімді ала алған. Алғаш Ұлықбек медресесінде, кейін Жалаңтөс салдырған әйгілі “Тіллә-кари”, “Шердор” медресесіне шәкір болады. Бұл жерлерден дін, құқық, астрономия, тарих, математика, шешендік өнер пәндерінен дәріс алып, араб, парсы, шағатай, өзбек тілдерін игереді.
Медресені тәмамдаған соң Әйтеке еліне оралып, әкесімен ел басқару істеріне араласа бастайды. Жиырмадан асқанда Бұқара мен Самарқан төңірегіндегі қазақ, өзбек, қарақалпақтардың биі болады. Жиырма бес жасында Кіші жүздің бас биі болып сайланады. Аталық, жүздің басты жауапты адамы болу – маңызды іс. Ру тартыстық араздық қазақтың «бас ауруына» айналып тұрғанда, оларды ұйыстырып, елдің сыртқы жаудан қорғауға күш салу адамнан жан-жақтылықты қажет етеді. XVII ғасырдың қазақ территориясы үш шаруашылық-аумақтық бірлестіктерге бөлінеді. Бұл жүздік одақтар басшысының билігінде үлкен ықпал болады.
«Жасы кіші демеңіз, Ақылы асса, аға тұт» дегендей, аз уақытта өз ортасына сыйы артып, беделі биіктегенін үш жүздің атқақонарларының басын қосқан Ордабасы, Күлтөбе, Ұлытауда өткен маңызды жиындарға қатысуынан байқауға болады.
Құнды құжат құрастырушысы
Тәукені хан етіп сайлайтын 1680 жылғы басқосуда Әйтекенің ықпалы зор болады. Ал “Хан кеңесі” өткенде, Әйтеке Кіші жүз атынан осы кеңестің мүшесі болып қатысады. Бұл тұста хан кеңесі, билер кеңесі жұмысы қолға алынып, жыл сайын үш жүздің атақты адамдарының басын біріктіретін тұрақты мемлекеттік орган жүзеге асады.
Тарихтағы маңызды рөлге ие «Жеті жарғы» қабылдануы – ХVII ғасырдағы қазақ хандығының ыдырау қаупі туындаған қысылтаяң шағында қажеттіліктен туындаған, қиындықтан алып шыққан саяси бағдары болды. Қазақ қоғамының дамуындағы бірлік пен билікті қамтамасыз еткен дала ұстанымдарынан бастау алған дәстүрлі заңдар жиынтығы әлі күнге дейін зайырлы елдер Конституцияларын зерттеушілер мен этнографтарды тәнті етіп келеді.
Бағыты айқын, мақсаты түзу хандық билігі дәл осы тұста барынша күшейіп, дәуірледі.
«Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолын уақыт талабына сай етіп, ондағы ережелердің жеті түріне күрделі өзгерістер енгізілгенде, қазақтың үш биінің де жарғыда өз қолтаңбалары қалады. Әйтекенің ұсынысымен “Сүйек құны”, “Өнер құны” баптары енгізіледі. Жарғыдағы қағидаларды қазақ қоғамы ХХ ғасырдың басына дейін қолданып келген.
Деректерге жүгінсек, 1685 жылы Әлі сұлтан мен қарапайым халық арасындағы үлкен жанжал дауға айналады.
Әлі сұлтанның Бүркіт атты ұлы бір кедейдің сұлу, ақын, әнші-домбырашы қызына құмартады. Қыз дегеніне көнбегенде, жігіт басын мыжып, аяусыз ажал құштырады. Қыздың сүйегін даулағанда, сұлтан елемей, ашындырады. Екі жастың оқиғасы ел арасындағы араздыққа алып келеді. Қыз тарапы әділдік іздеп, Әйтеке биге жүгінеді. Мәселені жан-жақты байыптаған Әйтеке жанына Жабай батыр Қазыбекұлын ертіп, құнын алып береді. Би «сүйек құнмен» бірге қыздың өнерлі екендігін ескертіп, «өнер құнын» төлеуді талап етеді. Сөзі мірдің оғындай Әйтекенің қаһарынан қаймыққан Әлі сұлтан толық екі құн төлеуге мәжбүр болыпты.
Айыр тілді Әйтеке
Тәуке ханнан Абылай ханға дейінгі қазақтың «қой үстіне бозторғай ұялаған» заманы туралы айтылғанда, ел билеу ісіндегі ақылшысы Әйтеке бидің аты жиі аталады. Бабамыз қазақ жұртының ымырашылдықпен ынтымақтасуына ықпалдасып, бірігуіне аянбай атсалысады. Әйтекенің тағы бір қыры – батырлығы. Батырлық баянын жеткізетін жазба өзі мекен еткен Өзбекстан Республикасының бас музейінде сақталған.
Соның бірі Әйтекенің жоңғарлардың Сайрам қаласына шабуылын тойтаруға қатысқаны. 1683 жылы кіші жүздің әскери жасағын басқарып, бес мың әскерімен жоңғар әскербасы Ғалдан-Бошақтыға қарсы соғыста жеңіске жетеді.
Көптеген айғақтарға қарағанда, оның сөздері, алдын ала болжай алатын қабілеті үлкен түйінді түйіткілдердің алдын алады.
Күлтөбенің басындағы дәстүрлі жиындардың бірінде Әйтеке би жиналғандарға қарап: «Елдің бағын ашпаса, ер мұратқа жетер ме? Ерінің сағын сындырсы, ел мұратқа жетер ме? Ел тірегі ер, ер тірегі – ел бола білген қауымның басынан бағы кетер ме? Есті еріңді ез тұтсаң – өзіңді өзің қорларсың, Есеріңді ер тұтсаң – іргеңізден жау кетпей, төріңізден дау кетпей, Сойқанға сойқан жолығып, соларсың да зорларсың. Ел мұраты – көрешек, Ер мұраты – келешек, Көрешегін күйттеген – түбі қоймас сүрінбей, Келешегін күйттеген – түбі қоймас сүйенбей. Жетелі ер адаспас – бабадан қалған сөз бар ғой, жетелі ел адаспас – бағзыдан қалған сөз бар ғой!», – дейді.
1699 жылғы көктемде өткен Хан Кеңесінің кеңейтілген отырысында шекара аймақтарына әскери жасақпен нықтап, қауіп төнетін ауылдарды көшіру туралы ұсынысқа бастау болады. Барлық қазақ жасақтарының Ресей, Қытай, Түрік және Еуропаның əскери өнеріне мейлінше машықтанған бір қолбасшыға бағынуы туралы ұсынысты жорықты сезінбеген адамның айтуы мүмкін емес. Сондай-ақ қолбасшының қарадан шыққан адам болу туралы пікірі дәстүрлі түсініктегі қалыптасқан қожалар мен төрелерге бұра тартудағы басымдылықтың құлауына себепкер болады.
Билікке құмартқан сұлтандар арасындағы тартыстар, руластар арасындағы ұдайы егестер мен жоңғар шапқыншылығының салдарлары Әйтеке би тағдырында да әсер етпей қоймайды. Нәтижесіне Хан Кеңесін тастап, Нұрата маңындағы өзінің туған жеріне қайтады. Соңында «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін. Батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін. Егер бай болып, елге пайдаң тимесе, батыр болып жауға найзаң тимесе, елден бөлек үйің күйсін деген даналық өсиет қалдырған ол халқына қалтқысыз қызмет етті, тынымсыз терін төгеді. Бірлігіне бастамашы, ынтымағына ұйытқы болады. Тағы бір жолдарында «Өмірім өзгенікі, өлім ғана өзімдікі» дегенді қалай қапысыз айтқан деп таң қаласың.
1700 жылы қайтыс болады. Өзбекстан жеріндегі қорымы туыстас түркі жұрттары үшін қастерлі, өзара жақындықты кемелдендіріп, рухани терең танымға бойлата түсуде.
Жақсының аты өлмейді
«Соңында кенен, кемел мұра қалдырған қайраткердің қадірі ешқашан аласарған жоқ. Еліміздің 4 қаласында ескерткіші тұрғызылса, Ақтөбе облысының бұрынғы Қарабұтақ және Комсомол аудандары біріктіріліп, қазір Әйтеке би ауданы аталды. Қазалы ауданының орталығына да аты берілді. Қазақстанның ірі қалаларында Әйтеке би атымен аталатын көшелер бар. 2003 жылы Қазақстанның пошта маркасы шығарылды.
2008 жылы сол кездегі Қазақстанның Өзбекстандағы өкілі Зауытбек Тұрысбековтың бастамасымен «Сейітқұл баба – Әйтеке би» кесенесі бой көтерді,» – дейді ұрпағы Роза Баймаханова.
Сейітқұл әулиенің тұсындағы мұнараның биіктігі 9 метр, ал, Әйтеке би бейітінің мұнарасы 7 метрді құрайды. Кесененің қасбеті 11 метрге жеткізіліп, мозайкамен өрнектеліп, құран сүрелерімен бедерленген. Ұзындығы 15, ені 8 метр кесенеге жалғасып салынған мешіт, мұражай, намазхана бұл күнде көпшілік тәу ететін қасиетті орынға айналып үлгерген. Мұнда келуілер легі толастамайды. Онда жергілікті жұрттар мен қонақтардан бөлек, шетелдегі қандастарымыз да жиі ат басын бұрады екен.
Республикалық Жалаңтөс қорының президенті Нажмадин Мусабаев Қазақстан тарихына өзгеріс енгізіп бабамыз туралы шынайы тарихи ақпараттарды мектеп оқулықтарына қайта жариялап өзгертуге ұсыныс жасап жүрген азамат. Әйтеке туралы дау-дамай туындағанда, мүрдесін қазып, Герасимов әдісі бойынша зертханаға жіберген жағдай куәгері болашақта би ескерткіштері бабамыздың бас сүйегі негізінде салынып, қазақ әдебиетінде жарияланған суреті басшылыққа алыну керектігін айтады. Сондай-ақ біз көріп жүрген сақалы қауғадай қариялық жасқа ол кісінің жетпегенін жеткізді.
Баба мұрасын қастерлеуші азаматтан «Әйтеке биден бізге жеткен жәдігер бар ма?» деген сұрақты қойдық.
«Әйтеке би небәрі 56 жасында қайтыс болған. Бұл мәселе туралы Өзбекстанға барған сапарларымда іздестіріп, өте жақын адамдардан сұрастырдым. Ұғынғаным, ұрпақтары сақтай алмаған болуы керек. Өзіңізге белгілі, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламада» түгел ұрпақтары Сыр бойына қарай көшкен. Көшті Әйтекенің немере інісі Тасым батыр мен Әйтекенің үлкен ұлы Өтебас би-батыр бастап келген. Сондай қысылтаяң шақта жоғалтып алуы мүмкін. Өзбекстанда Әйтекеге арнап музей ашылды. Онда жәдіргерлері жоқ. Әлі де іздестірілуі керек деп ойлаймын», – деді ол.
Роза Баймаханова жақында АҚШ азаматы, бизнесмен әрі жәдігер жинаушы Анвар Викториннің Жалаңтөс Баһадүрге қатысты жаңа құжат табылғаны туралы ақжолтай хабар жарық көргенін жеткізді.
Қазіргі таңда қызу келіссөздер мен зерттеу-зерделеу жұмыстары жүріп жатыр. Тіпті, оны сатып алғысы келетіндіктерін де табылған. Ал Анвар АҚШ-тан тарихи Отаны – Орталық Азияға келгенін, ұлттық құндылығымызға айналғанын қалайтынын айтқан. Алдағы уақытта қолжазба зерттелсе, Әйтеке би туралы бізге беймәлім мағлұматарға кездесуіміз бек мүмкін.
Бидің кішісі болған ба?
Әйтеке бидің ақсақалдық жасқа жетпей, өмірден озғаны жайлы мәліметті жоғарыда айттық. Ж.Боранбаевтың зерттеуімен негіздейік.
Астана қаласында, Жоғарғы сот ғимаратының алдында тұрған үш бидің кеңес құрып отырған бейне туралы тұжырымы айтады.
««Қазақ ұлттық энциклопециясы» және «Елтұтқа» кітабы 1700 жылды көрсетсе, Демек, мұндай үш ұлы бидің бас қосып, сұхбат құруы дәл сол 1700 жылдан кейін мүмкін болмайды.
Төле биді 1663-1756, Қаз дауысты Қазыбекті 1665-1765 жылдар арасында өмір сүрген деген. Бұған қарап Әйтеке бимен 1700 жылы өлер шағында сұхбаттасты десек, Төле 37, ал Қазыбек-35 жаста болған», – дейді.
«Менің елім Қазақстан» атты энциклопедияда «Кіші жүздің биі Әйтеке би Бәйбекұлы 1682-1766 жылдар арасында өмір сүрген десе, Шапырашты Қазыбек Тауасарұлы атты автор жазған «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты кітаптағы қисынсыз деректі келдіреді.
«Астанасын Асыға орнатқан (Ясса-Түркістан қаласы) Тәуке өзіне ақылшы етіп Арыстың Ақ тұқымы Төлені, Арыстың Жан тұқымы Қазыбекті, Арыстың Бек тұқымы Айтықты алған. Айтық (Әйтеке би) алғашқы екеуінен кіші болған. Ол Төледен төрт, Қазыбектен екі жас кіші болатын, бірақ ол аз жасап 56 жасында дүниеден өтті».
«Әбілқайырдың өлімі және осылай болуы біреудің қолынан өлері хақ еді. Ұлу жылы (1748 жылы) Барақтың оны өлтіргенінен қазақ елі құлақдар болғанда, оған ешкімнің де жаны ашыды деп айту қиын еді. Соның бір мысалы тұрғысында Айтықпен (Әйтеке би) кездесуімді айтсам болады. Кіші жүз Құндақұл қарияның асына тышқан жылы Айтық аға да келген екен. Сонда онымен ақтық рет кездестім. Ол демікпе ауруына (астма) шалдыққан екен». В.А.Моисеев «Джунгарское ханство и казахи XVII-XVIII вв» деген кітабында (Алматы, «Ғылым» баспасы 194-бет) «Нұралы сұлтан әкесі Әбілқайырды өлтерген Барақты құрамында Ұлы жүз Төле би, Кіші жүз Әйтеке би, Шөмекеден Жалған би, Шектілерден Сырлыбай мен Баба би, Ысықтан Көбек мырза кірген билер сотына тартты, сот Барақты ақтады»– деп жазады.
В.А.Моисеев бұл деректерді Ш.Уәлихановтың 1985 жылы шыққан 5 томдығынан алдым деп көрсетеді. Шоқан Уәлиханов онда: «Мәселен Орта жүздің аса күшті билеушілерінің бірі Барақ сұлтан 1758 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайырды өлтіріп, өзін тергеу үшін барлық қазақ билерінің ішінен төртеуін таңдап алып, сот құрады. Олардың қатарында Үлкен Ортадан Төле би, Кіші Ортадан Әйтеке би кірді» – дейді.
1748 жылы Әбілқайырдың орнына Нұралыны ақ киізге салып, хан көтерілген Кіші жүздің үлкен жиынында Әйтеке бидің екі баласы – Жалтыр мен Қонысбайдың келген Тевкелеев күнделігінде бар.
Софы Сматайдың «Қаз дауысты Қазыбек» зертеу еңбегінде«1680 жылы Қазыбек би үш жасқа толғанда кейінде Әз Тәуке атанған атанған Тәуке қазақ хандығының тағына отырып еді» дейді. Мұны қаперге алсақ, 1680 жылдары енді ғана 13 жасқа келген Қаз дауысты Қазыбектің атақты «Жеті Жарғыны» жазысуы қисынсыз. Төле би болса Тәуке таққа отыратын 1680 жылы небәрі 17 жаста екен. Демек, 13 жасар Қазыбек, 17 жасар Төле Тәукені хан сайлайтын жиынға қатыса лмайды.
Атақты «Қарақұм» кеңесі шақырылғанда Төле 47, Қазыбек 45 жаста болады. Ал Әйтеке 1644 жылы дүниеге келген болса, 66 жастан асып қалады.
Атақты Қожаберген жырау жырлаған
«Елім-ай» дастанында:
– Төреден Әйтеке би безін деді,
Келді ғой көсем болар кезің деді.
Қазақты батыр, көсем басқармаса,
Быт-шыт қылар жау қалмақ сезін деді.
Хан, сұлтан, төре күні өткен деді, –
деген жолдар бар.
Мәшһүр-Жүсіп «Даналарға дейін» өлеңінде:
Қазыбек, Әйтекедей көсем өткен,
Әлдибек, Айтбай, Майлы шешен өткен.
Жолы үлкен, жасы кіші Төле бидің,
Әйтеке, Қаз дауысты Қазыбектен!, – деген қатарды Мәшһүр қателесіп айтты деу орынсыз.
«Өмірім – өзгенікі, өзімідікі – өлім ғана» деген сөз соңында қалған ұлттың ұлы елі үшін туып, елі үшін өлген жан. «Алмас қылышы қын түбінде жатпайды» деген халық нақылы сан жылдарды жылыстырып, ұрпақтарына ұранға айталған демократиялық билік иесінің ғибаратты ғұмырын еске түсіреді. «Биыл алғаш рет 380 жылдығы Халықаралық дәрежеде аталып өтуі оның мұрасы мен тарихын әлі зерттеу, жұрт жадында жаңырту қажеттігін көрсетіп отырғандай.
Дайындаған
Алтын МЕЙІРХАНОВА