Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тас жолдағы трагедия: асығыстық қайда апарады?

Тас жолдағы трагедия: асығыстық қайда апарады?

«Жол үстінде жан тапсырды». Ауыр естілетін қасірет. Дегенмен жылдамдықты асырып, «обгон» жасаймын деп асығып жүретіндер әлі азаймай тұр. Статикаға сүйенсек, жылына көлік апатының салдарынан әлем бойынша шамамен 1 миллионнан аса адам, әуе апатынан 1 мың адам жан тапсырады екен. Ал елдегі жағдай ше?
Деректерге сүйенсек, біздегі жағдай да мәз емес. Қара жолдағы «катастрофаның» алдын алу мүмкін бе? Қашанғы жұрт қара жамылады? Кінәлі қайсысы? Жауапты кім?

Соңғы уақытта жол апаты жайындағы ақпараттарға жиі ұшырасатын болдық. Оның ішінде танысымыз да, тамырымыз да, жақынымыз бен алысымыз да бар. Жолға шыққанда жанымызды шүберекке түйіп, өміріміз көзімізден зырғып өтеді. Неге қазір қорқу басым? Себебі өз жолымен кетіп бара жатқан адамды, автобус күтіп, аялдамада тұрғандарды да қағып өтті емес пе? Қазір жол апаттары құдды бейбіт замандағы астыртын майдан іспетті талай-талай өмірлерді жалмауда. Ішкі істер министрлігі бұған елдегі жолдардың сапасыздығын айыптаса, дәрігерлер тағы бір басқа себептерді алға тартуда. Статистика бойынша, жол-көлік оқиғаларының 84 пайызы елді мекендерде болады. Апаттың негізгі себебі – жоғары жылдамдық.
ІІМ статистикасы бойынша, 2024 жылдың басынан бері ел жолдарында 500-ден астам адам көз жұмған. Жол-көлік оқиғаларының 84 пайызы елді мекендерде болады. Өлімнің төрттен бірі жаяу жүргіншілерді соғып кетумен байланысты. Апаттардың басым бөлігі олардың кінәсінен орын алады.

Сапасыз жолдың салдары қандай?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдаған Жолдауында осы тақырыпқа арнайы тоқталған еді. Дегенмен жол апатының астарында шешімін таппай жатқан көп мәселенің бары анық емес пе?
Жыл сайын қанша жол апаты болады? Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметінше, 2023 жылы Қазақстанда 15 886 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның салдарынан 1 984 адам қайтыс болған. Ал биыл мамырда Ішкі істер министрлігі жыл басынан бергі 4,5 ай уақыт ішінде 542 адам көз жұмып, 7 мың адам әртүрлі жарақат алғанын мәлімдеген. Дәл осы тұста ведомство жол апаттарының көбеюіне елдегі жолдардың сапасыздығы себеп болғанын алға тартқан екен. Қазақстанда жалпы автожолдардың ұзындығы 95 мың шақырымды құрайды. Оның 25 мың шақырымы республикалық жолдардың еншісінде. Айтпақшы, Көлік министрлігі 2024 жылдың алғашқы 6 айында еліміз жол құрылысында рекорд орнатқанын жария еткен еді. 12 мың шақырым жол жөнделген, оның 8 мың шақырымы – республикалық, 4 мың шақырымы – жергілікті желілік жолдар.
Расын айтқанда, елдегі жол-көлік оқиғалары тек адам өмірі мен қоғамға қауіп төндіріп қана қоймай, мемлекеттің имиджіне, соның ішінде туристік әлеуетіне кері әсер етеді. Сондықтан халықаралық қауымдастықтар жол апаты төңірегінде түрлі зерттеулер жүргізген. Мәселен, Біріккен ұлттар ұйымы бұған дейін әлемде жыл сайын 1,3 миллион шамасында адам жол апатынан қаза табатынын хабарлаған. Оқыс оқиға салдарынан көз жұматындардың әрбір төртіншісі жаяу жүргінші мен велосипедші. Ал жарақат алатындар 50 миллион шегінде. Ең қызығы, өміріне қауіп төнгендердің орташа жасы 5-тен 29-ға дейін. Яки жастар жағы жол апатынан көбірек құрбан болуда.
Былтырғы Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингінде жол сапасы бойынша Қазақстан 137 елдің ішінде 93-орынға тұрақтапты. Өте төмен көрсеткіш. Бұған қоса сарапшылар елдегі жол апаттарының 25 пайызы жолдардың сапасыздығынан болатынын алға тартады.

Альфард пен апат
8 ай бойы Қызылорда қаласында жұмыс істедім. Осы аралықта әрбір 2 апта са­йын Қазалыдан такси қызметіне жүгіндім. Тұрақты. Әр таксиге мінгенімде түрлі оқиға болды. Әдеттегідей екі күн демалыс ештеңеге жетпейтін, сол үшін кешкілік жолға шығатынмын. Бірде «Индрайвер» қосымшасы арқылы такси іздеп, қызметіне жүгіндім. Баруға 4 мың теңге жолақы сұраған жүргізуші көлігінің «зың» екенін айтып ағынан жарылды. Келді. Жаңа көлік. Көбі осылай екі ортада қатынап нәпақа тапқысы келетіндер армандайтын – Альфард көлігі екен. Алдыңғы орынға жайғастым. Бірер минут жүрген соң қалың ұйқыға кеттім. Кенет ойбайлаған ызы-шудан оянсам, жүк көлігінің алдына шығамын деп қарсы келе жатқан көлікті аңғармай қалған екен. Абырой болғанда екі көлік те тежегішін басып үлгерді. Біраз аялдай тұрып, қайта жолды жалғастырдық. Бұл бір емес, бірнеше рет әрбір таксиге мінген сайын болған оқиғалар еді. «3 сағатта жетуім керек» деп асығып, жанығатын, ашуланып, өкпелеп жүретін жүргізушілер де аз емес.
– Көлік тізгіндеп жүргеніме бірнеше жыл болды. Қазалыдан Алматыға, Қызылордаға клиент аламын. Көлігім – альфард. Таза, жайлы. Бастысы, тұтынушыларға бар жағдай жасалған. Бірнеше адамды мінгізіп, тас жолда жүрген соң жауапкершілікті мойныма аламын. Олардың үйімен аман-есен қауышуы үшін қатты айдамай, ережеге бағынамын. Бізде whatsapp желісінде арнайы осы таксистерге арналған чат бар. Кезегіміз келгенде адам жинап жолға шығамыз. Кейде жігіттер асығып, жылдам жүріп, тұтынушылардың ашуына тиіп жатады. Бір ғана қателік өміріңді өксітетінін ұмытпаса деймін, – дейді аудан мен қала арасын жалғаған жүргізуші.
Әрине, барлық жүргізуші бірдей демейміз. Бірнеше жылдық тәжірибесі бар, қарапайым көлік белбеуін ауылда жүрсе де тағатын жүргізушілер бар. Байыппен айдайды, сабырмен діттеген жеріне жетеді. Алайда жанығып, асығып көлік тізгіндегендер талай мәрте апатқа түсіп, бір өмірдің жалмауына себепші болды емес пе?
Есіңізде болса, Ақтөбе облысында таксиге мінген 5 оқушы мен 1 мұғалім жол апатына ұшырады. Артынша 1 мұғалім мен 2 оқушының қайтыс болғаны хабарланды. Олар республикалық олимпиаданың аудандық кезеңіне қатысуға бара жатқан. Осыған ұқсас оқиға кейінгі жылдары да болды. Осындайда сұрақ туындайды. Оқушылардың пәндік олимпиадасы неге күн қақап, тас жол тайғақ болғанда ұйымдастырылады екен? Неге осыны күн жылыда қолға алмасқа? Әлде болып жатқан трагедия олимпиада ұйымдастырушылардың қаперіне кірмей ме?

Энергетик себеп пе?
Жақында ғана бір жаңалықты көзім шалып қалды. Жеңіл көлік тізгіндеген жүргізуші энергетик сусынын ішіп, жол бойында апатқа ұшырай жаздаған. Абырой болғанда адам аман. Тек мөлшерден тыс энергетик сусынын тұтынған адам қатты жүрек соғысының дүрсілі мен түсініксіз бас ауруының салдарынан жедел-жәрдемге жүгінуге мәжбүр болған. Ұзақ жолға шыққанда такси жүргізушілерінің бір-бір энергетик ішіп отырғанын байқаймыз. Егер тас жолда қатты жылдамдықпен келе жатқанда осы сусынның зардабы әсерін тигізсе, өз жөнімен кетіп бара жатқандарға зиянын тигізеді емес пе?
Дәрігерлер де жол апатының кезекті себебі ретінде энергетикалық сусындарды атауда. Қала арасында такси арқылы жол жүргендер болса, көбінің ұйқысы қанбаған күйі жүретінін және басым бөлігінің энергетикалық сусындарды ішетінін көргені анық.
– Жол апатының көбеюінің бірінші себебі – энергетикалық сусындар. Көбі назар аудармайды, энергетикалық сусындарды шығарушы компаниялардың өзі “жүйке жүйесі қозған адамдарға тыйым салынады” деп ескертіп отырады. Жүйке жүйесі қозған адамдарға кімді жатқызамыз? Мәселен, неврология бойынша ұйқысы қанбаған немесе ұйқысы дұрыс болмаған адамдар осы санатқа кіргізіледі. Елімізде такси жүргізушілері ұйқысы қанбаған күйі энергетикалық сусын алып жолға шыға беретінін жақсы білеміз. Бұл сусынның ішіндегі L-карнитин және кофеин заттары жүйке жүйесін толықтай блоктайды. Жүргізушінің көзі ашық, сөйлеп, әңгімелесуі мүмкін, бірақ өзін басқара алмайтын күйде болады. Адам бұны сезінбеуі мүмкін, шынында барлығы өз бақылауында болмайды, – деп жеткізді мамандар.
Демек, жол апатының көбеюіне себеп көп. Сапасыз жолдар, жүргізушілердің жауапсыздығы, рөлі оң жақтағы автокөліктер және энергетикалық сусындар. Алғашқыларын міндеттеулер арқылы шешуге болар, ал соңғы мәселені тыйыммен шешу мүмкін бола қоймайтындай.

Статистика бүй дейді
2023 жылғы желтоқсан айы Алматыда үш адамның өмірін қиған және бірнеше адамды жарақаттаған автобус апатымен есте қалды. 2024 жыл басында да қайғылы жол-көлік апаты туралы хабар тарады. Павлодарда төрт жолаушысы бар автобус шұңқырға құлап кетті. Қазақстан Орталық Азия елдері арасында жол-көлік оқиғасы бойынша бірінші орында тұрғаны айтылды. Құқықтық статистика комитетінің былтырғы статистикасы бойынша, 2023 жылғы қаңтар-қараша аралығында 13 200 жол-көлік апаты тіркелген. Былтырғы қаңтар-қараша аралығында Қазақстанда жол-көлік апатынан 18 510 адам зардап шеккен. Жарақат алғандар саны – 16 300 адам, оның 3 700-ге жуығы кәмелет жасына толмаған. 8 400-ге тарта адам ауруханаға жатты.
Қаза болғандар саны – 2 200 адам, оның ішінде 280-і – кәмелет жасына толмағандар.
Автомобильдер, қоғамдық көлік, самокаттар, мопедтер мен қате жобаланған көшелер адам өміріне қауіп төндіреді. Заңда жол-көлік оқиғасына себепкер болған жүргізушілерге қатысты бап та бар. Жол-көлік оқиғаларын болдырмау, алдын алу мақсатындағы қатаң заң нормалары бар. Мысалы, мас күйде көлік жүргізуге болмайды. Жол апаты болып, адам денсаулығына орта, ауыр дәрежедегі зиян келтірсе, адам өліміне әкеп соқса, жүргізуші ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы арқылы жазаланады. Бас бостандығынан да айырылуы мүмкін.
Құқықтық статистика комитетінің мәлі­метіне сенсек, өткен жылы Қызылорда облысында жол-көлік оқиғасынан 128 адам қаза тапқан. Оның 15-і – кәмелетке толмаған бала. Биыл жыл басынан бері аймақта көлік апатынан 7 адам жан тапсырған. Қазірдің өзінде көлік апатының көрсеткіші алаңдатады. Жол жүрісі ережесінде көлік құралын масаң күйде (алкогольдік, есірткілік және т.б.) басқару тыйым салынған. Бұл құқық бұзушылыққа әкімшілік және қылмыстық жауаптылық көзделген.
Мәліметтерге сәйкес, Қазалы ауданында 2022 жылы 40 жол оқиғасы тіркеліп, 45 адам дене жарақатын алған. 16 адам ажал құшыпты. Ал былтыр 39 жол көлік оқиғасы орын алып, 10 адам қайтыс болған. 38 адам дене жарақатын алған екен. Қазалы ауданы бойынша 2024 жылдың өткен мерзімінде 64 жүргізуші көлік құралын масаң күйде басқарғаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылған.
Көлік құралын масаң күйде басқарғаны үшін жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру әкімшілік жазасына тартылады.
Ұқсас әкімшілік жаза көлік құралын масаң күйдегі адамның басқаруына беру құқық бұзушылығына да қарастырылған. Масаң күйін анықтау бойынша куәландырудан өтуден бас тарту құқық бұзушылығы үшін де жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және 8 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру әкімшілік жазасына тартылады. Бұрын көлік құралын масаң күйде басқарғаны үшін көлік құралын басқару құқығынан айырылған жүргізуші ҚР ҚК-тің 346-бабының 1-бөлігімен қылмыстық жауаптылыққа тартылады.
Облыстық Полиция департаменті тарапынан тіркелген әрбір жол-көлік оқиғасы талданып, белгіленген басым бағыттар бойынша шаралар қабылдануда. Бұл бағытта «Ekin Patrol G2» және «Вуево» мобильді кешендерінің қолданысқа енгізілуі нәтижесінде жол-көлік оқиғасы салдарынан қайтыс болғандар саны төмендеген. Ауданда, жалпы облыс бойынша жол-көлік оқиғасын болдырмау мақсатында «Қауіпсіз жол», «Заңсыз жолаушы тасымалдаушы», «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі», «Автомобиль» жедел профилактикалық шаралары үнемі жүргізілуде.
Түйін: Таяуда Көлік министрлігі 2025 жылдан бастап рөлі оң жақта орналасқан автокөлік иелерінің такси қызметін атқара алмайтынын мәлімдеді. Ол үшін қала аралық тасымалда танымал Индрайвер, Яндекс компанияларымен келісім жасалған. Бұл да жол апаттарын азайтуға септессе игі. Әйтпесе алыс жолдарда апатқа түсіп жатқан көліктерді қарасақ, рөлі оң жақта орналасқан, жүргізушілер арасында “зымыран” атанған Toyota Alphard секілді көліктер екенін жиі байқаймыз. Мамандар басты айып темір тұлпар тізгіндеушіде дейді. Жүргізуші тәртібінің төмендігі басты фактор екенін алға тартады. Айыбын арттырғанымен айылын тартқан жүргізушілердің тым аздығы кім-кімді де ойландырмай қоймайды. Көлік айдағанда есіріп есі кеткенше жүйткитіндер ойланса екен. Көлік жай ғана – темір. Ал адам жаны темір емес. Өмірі біреу ғана.

Айнұр ӘЛИ
01 қазан 2024 ж. 100 0

Баба рухы ардақталды

10 қазан 2024 ж. 54

Талғардағы трагедия

10 қазан 2024 ж. 65

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031