Жол апаты қай өңірлерде жиі тіркеледі?
Бір жылда жол апаты саны мен одан зардап шеккендер саны 12%-ға өскен. 2021 жылғы 5 айда Қазақстанда 4,7 мың жол апаты тіркелді, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы ranking.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл өткен жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда 12,2%-ға көп. Мысалы, 2020 жылы 5 айда елімізде 4,2 мың жол апаты болған: бір жылда минус 26,6%. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, соңғы бірнеше жылда (2015-2019 жылдары) жаяу жүргіншіні қағып кету (2019 жылы 7 мың жол апаты), көліктердің бір-біріне соғылуы (5,9 мың дерек), көліктің аударылуы (1,4 мың дерек) сынды жол апаты жиі тіркелген. 2021 жылғы қаңтар-мамырда жол апатының басым бөлігі Алматы қаласында тіркелген: 1,3 мың дерек. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 32,5%-ға көп. Кейін тізімде Алматы (840 жол апаты, бір жылда плюс 27,5%) және Жамбыл (425 жол апаты, бір жылда плюс 17,4%) облыстары тұр. Солтүстік Қазақстан облысында жол апаты дерегі аз тіркелген: 74 жағдай. Өткен жылмен салыстырғанда 17 өңірдің тоғызында жол апаты саны азайған. Биыл 5 айда жол апатынан 6,8 мың адам зардап шеккен (2020 жылмен салыстырғанда 12,3%-ға көп). Олардың ішінде жарақат алғандар саны 6,2 мың адам: 3,2 мың ер адам, 3 мың әйел, 1,1 мың кәмелетке толмаған бала. Сондай-ақ 2,7 мың адам ауруханаға жатқызылған. 607 адам жол апатынан қаза тапқан: 435 ер адам, 172 әйел, 43 кәмелетке толмаған бала. Алматы қаласында жол апатынан 1,5 мың адам зардап шеккен, Алматы облысында – 1,4 мың адам, Жамбыл облысында – 674 мың адам. Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет мәліметінше, осы жылғы 4 айда жол апатынан зардап шеккен кәмелетке толмағандар саны артқан: 699-дан 856 балаға дейін. Бұл жол апатынан зардап шеккендердің жалпы санының – 15,8%.