Татулықты ту еткен
«Адамның түсіне қарама, Еткен ісіне, төккен күше қара» дейді халық тәмсілі. Бір бойына ұяңдық пен қайсарлықты қатар сіңіру нәзікжандыларға ғана тән құбылыс па деген ойда қаласың кейде. Аудандағы денсаулық сақтау саласының мақтаулы маманы атанған Муаззам Рахметова осындай жан-жақты жан.
Муаззам Садуллақызы – Қазалының тумасы.
Әкесі Садулла Рахметов «Кеңес Одағының еңбек сіңірген саудагері, халық тұтыну саласының білікті маманы. Анасы Мукарам Омарова. 1959-1991 жылар аралығында медицина саласында қызмет еткен санитарлық дәрігер. Саналы өмірінде Қазалы аудандық санэпедстансасында санитарлық дәрігер, бөлім меңгерушісі, аудандағы бұл салаға тер төккен алғашқы бас дәрігер әйел болады. Мукарам Рахымбайқызы қызмет атқарған жылдары аудандағы эпидемиологиялық стансаның материалдық-техникалық базасының нығаюына, жас мамандардың осы салада мамандануына күш салады. Оның «КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Ерен еңбегі үшін», «В.И.Лениннің туғанына 400 жыл» төселгілері еңбегіне лайықты құрмет белгісі.
Кішкентай қаршадай қыз қызығушылықтан туған адалдық пен тазалықтың үлгісіндей болған ана жолын өмірлік мақсатына айналдырады.
Муаззам 1987 жылы Қарағанды мемлекеттік медициналық институтының санитарлық дәрігер мамандығын алып шығады.
Алғашқы еңбек жолы басталған солбір күннен паразитолог дәрігерлікті Қазалы аудандық санитарлық эпидемиологиялық қадағалау бөлімі мен басқармасының бас маманы міндетімен қоса атқарады. Мамандығына деген қызығушылығы мен жауапкершілігі анадан дарыған жас маман өзіне артылған жауапкершілікті қайыспай көтереді.
Паразитология – бір ағзаның екінші ағза есебінен қоректенуі, паразит пен оның иесінің байланысы, өзара қарым-қатынасы, тіршілігі, қоршаған ортаға тәуелділігі, жануарлар мен өсімдіктердің паразиттік аурулары, олардан арылу, сақтануды зерттейтін кешенді сала. Үнемі ізденіс, қайталау, тәжірибені жаңғыртуды қажет етеді. Дәрігер өзі қызмет еткен жылдар ішінде алғашқы кезеңнен бастап өзіне берілген тапсырмаларды тиянақты орындап, жаупкершілігін арттыра түседі.
Ұжымда құрметке ие, көпшіл, қиындықта жедел шешім қабылдауға қауқарлы. Ең басты қасиеті, өзі айтқан ісі мен сөзін бір арнаға тоғыстыра білуінде. Оның қарамағындағы қызметкерлер үшін тапсырманы сиырқұйымшақтандыру, кейінге қалдыру, ұмыттыру, сағырттық танытуға жол жоқ. Талап пен талдау бар жерде табыс та, тұрақтылық та болады. Бұл дәрігер– меңгерушінің айнымас кредосына айналған.
Жоспарлы семинар сабақтар, жедел іс-қимыл әрекеттеріне мейлінше машықтанған маманның үлгілі ісі облыс жұртшылығына кеңінен таныс. Қажетті жерінде пікірін қаперге алып, кеңесіне құлақ түреді. Ал көпшілік біле бермейтін мамандықты жергілікті жастардың таңдауына да Муаззамның түрткі болғанын айтпауға болмайды.
Өз ісінің шебері талай адамның жүрегіне үміт отын жағып, күйкі тірлікке қарамастан, әрқашан жайдары мінез танытып, айналасына жақсы аура қалыптастырып жүреді. Жас мамандар да жатықамайды, жанына үйір болатыны да осы қасиетінен. Қиын тақырыпты күнделіктегі өмір көріністерімен байланыстырып талқылағанда, санасында саңлауы бар әр адам үлкен ой түйеді, мамандығына деген қызығушылығын арттырады.
Гиппократ антына адал ақ халатты короновирус кезінде де белсенді қызмет атқарып, бар жиған тәжірибесі мен мүмкіндігін жұмылдырады. Бүкіл әлемге төнген қатерді еңсеруде белсене жұмыс істеп, аурушаңдықты болдырмау және азайту мақсатында атсалысқан азаматтық, кәсіби белсенділігі ескеріліп, ҚР Президентінің 2020 жылғы Жарғысымен «Халық алғысы» медалімен марапатталса, 2022 жылы «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен наградталады.
2023 жылы аудан әкімінің «Құрмет грамотасымен» марапатталады.
Муаззам әріптестеріне ғана сыйы артқан мақтаулы маман емес, отбасы мен жақындарының жарқын үлгісіне айналған жан. Қос бауыры Қарағанды медицина институтының түлегі. Хасан Рахметов білікті балалар дәрігері. Ташкенттегі мемлекеттік медициналық мекемеде қызмет атқарады. Үсен терапевт дәрігер мамандығын меңгерген. Қазір Қызылордададғы «Өндіріс» клиникасында УДЗ дәрігері болып жемісті еңбек етіп жүр.
«Мені нағашы ата-әжем тәрбиеледі. Атам Рахымбай – еңбек жәні соғыс ардагері. әжем Мукар 106 жыл жасаған бақытты кейуана. Бойымда қалыптастырған қандай жақсы қасиеттер болса, соның бастауында осы бір ақылман адамдар тұрады», – дейді әңгімесінде.
Қазақстандағы диаспоралар туралы сұрағанымызда: «Өзге ұлт өкілі екенімді өздерің айтпасаңдар, мен мүлде ұмытып кетемін» дейді жанарына күлкі үйіріліп. Бұл ұлтараздық араздық, рушылыдық, жікшілдік дегенге жаны қарсы адамның пікірі. Ол үшін ортақ Отан – Қазақстанның әрбір тұрғыны туған еліне деген перзентік парызын өтеуге міндетті. Әйтпесе тамырынан кім ажырасын?.. Туыстас жұртың ортақ құндылықтары көп. Сол егіз ұлттың қадір-қасиетін құстың қос қанатындай тел дарытқан болмыстан кеңдік пен адамдықтың, еңбексүйгіштік пен мейірбандықтың үлгісін бойыңа ұялатасың.
Біз сөз етіп отырған Муаззам Садуллақызы татулықты ту еткен, кейінгі буын үлгі етер ұлағаты бар, еңбегімен елге сыйлы адам.
Гүлмира ЕСМАҒАМБЕТ,
Ақсуат ауылдық округінің зертханашысы