Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Елді қорғау – нағыз жігіттің міндеті

Елді қорғау – нағыз жігіттің міндеті

Соңғы үш жылда әскерде 270 сарбаз бақилық болған. Төрт жылда 310 сарбаздан айырылсақ, жылына 77 жас жігіт қыршынынан қиылады деген сөз. Олай болса аптасына бір сарбаз жан тапсырады деп топшылауға болады. Олай деуімізге себеп те жоқ емес. Жақында ғана әлеуметтік желіде пойыз тамбурында Ұлттық ұлан сарбазын ұрып-соққан видео анықталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі де мәлімдеді. Оқиға 2023 жылдың күзінде, қызмет мерзімі аяқталғаннан кейін запасқа шығарылған мерзімді әскери қызметшілер үйге оралған кезде болған. Жасыратыны жоқ, соңғы кездері әскердегі сарбаздардың арасында өлім-жітім жиілеп кетті. Араға уақыт создырмай бірінен соң бірі желдей ескен жаңалықтардың легі де таусылар емес. Соғыс жоқ, бейбіт заман. Содан болар бұл мәселеге Мемлекет басшысы да араласқан еді. Әскерден табыт келмесін десек, нендей қадамдар жасауымыз керек? Кінәлі қайсысы, жауапты кім?

Сәулет ҚАЛДАШОВ,
ҚР Қарулы Күштері Бас әскери-медициналық басқармасының аға офицері, медицина қызметінің подполковнигі:


«Бір жақты пікір – қате ұғым»
– Бұл мәселеге бір жақты көзқараспен қарамау керек. Әскерде орын алып жатқан өкінішті, қайғылы жағдайлар тұтас қоғамды алаңдатуда. Статистика да сөйлеп отыр, жыл сайын 15-20 шақты сарбаздың өлімі тіркеледі екен. Оған деген халықтың да ойын түсінуге болады. Әскерге баласын сап-сау қылып беріп, қайғылы оқиғаның куәсі болып отыр. Бірақ оған әскери күштерді, құрылымдарды кінәлау бұл бір жақты. Оларды нақты кінәлі деп тану орынды емес. Мен ойлаймын, бұл әскерге келген балалардың психологиялық жағдайы, рухани жетілуінің әлсіздігі болуы мүмкін. Тәрбиенің де толық берілмеуі себеп. Яғни, бала анасының ішінде 9 айдан соң өмірге келгеннен кейін әке-шешесінің алақанында өседі. Ата-анасының тәрбиесімен жетіледі. Балабақшаға барады, мектепте білім алады. Одан соң оқу орнына түсіп, білімін шыңдайды. Осы сатылардың барлығын өтіп болған соң барып әскерге келеді. Бір жыл ғана. Бұрынғыдай 2-3 жылдық әскер жоқ. Ағаларымыз осы әскердің барлығын арқалап өтті ғой. Әрине, әскер деген оңай емес. Онда белгілі бір тәртіп болады. Таңнан кешке дейін барлығы уақыт-уақытпен жүзеге асады. Бала ол жерге барғанда басқа ортаға түседі. Ер адамдардың аймағы болған соң ол жердегі қарым-қатынас та басқаша болады. Ол жерге бала мықты, сабырлы, төзімді болып бармаса психологиялық әлжуаздық мінез өте қиын болады. Әскердегі физикалық жаттығулардың өзі ауыр болады. Ату, оқ дәрі, қару-жарақтың түр-түрін пайдалануды үйренеді. Таңнан кешке дейін мұның бәрі уақытымен жазылған сол осының барлығын орындауы керек. Бала соны көтере алуы керек. Сол ортаға әскери билет алып кетейін, болмаса осы шақыртулардан құтылайыншы деп мәжбүрлі келген әлжуаз, әлі де жетілмеген бала «группа рискада» жүреді. Яки ол осы әскерден құтылу, қашу, өтірік ауырып қалу, қол жұмсау секілді амалдарды санасына тоқып жүруі мүмкін. Бұл тек бүгін ғана орын алып жатқан жағдай емес. Бұрын да болған. Ант қабылдап, әскерге келіп қойған соң барлық ауыртпалықты көтере алмай, оңай құтылудың жолын іздейді. Сондағы 12 ай. Осы аз уақыт аралығында төзімділікпен, шыдамдылықпен сы­нақ­тардан өтсең, міне, нағыз елін қорғайтын азамат болып шығасың. Әскер баланы үлкен физикалық жат­тығуларға шынықтырып, әр­түрлі қиындықтарға мойымайтындай ер мінезді қылып шығарады.


Нұрлан КУЛЬБАЕВ,
Қазалы аудандық қорғаныс істері бөлімінің бастығы:

«Адал қызмет ету – әр азаматтың борышы»

– Өзім қызмет бастаған жылдан бері ауданнан әскерге аттанған сарбаздардың барлығы аман оралды. Тек осыдан бірнеше жыл бұрын әскерге борышын өтеуге кеткен жас сарбаздың мәйіті келгені көпшіліктің есінде болар. Әрине, бұл қаза аудан жұртшылығына ауыр тиді. Ата-аналардың да жүрегіне күдік ұялағаны рас. Бірақ ұдайы тынымсыз қызмет етіп, түсіндірме жұмысын жүргізіп, тиісті сала басшылары ата-анаға басу айтуда. Жалпы бөлімнің жұмысы – жұмылдыру, азаматтарды мерзімдік әскери қызметке жіберу, келісім-шарт бойынша әскери қызметке тағайындау, әскери-оқу орындарына қабылдауға құжаттар дайындап, тілек білдірген түлектердің оқуға түсуіне қолдау білдіру, соларға үгіт-насихат жүргізу. Қазалы аудандық қорғаныс істері бөлімі облыс көлемінде алдыңғы шептен көрінуде. Жалпы жылына екі мәрте әскерге шақырылым ұйымдастырылады. Нәтиже жақсы. Шынына келгенде, әскерге барғысы келетін де, барғысы келмейтін де жастар бар. Мұндайда насихат жұмыстарына аса көңіл бөлінеді. Әскерден қашқан балаға қабылданатын шаралар да бар. Соңғы кездері орын алып жатқан оқиғаларды естіп, біліп отырмыз ғой. Ата-ананың баласын әскерге жібергісі келмейтіні де сол. Әлеуметтік желіде тараған түрлі ақпараттарды көріп отыр. Алайда ер жігіттің басынан не өтпейді. Шыдамдылықпен қайыспаған баладан мықты азамат қалыптасады. Отбасында бала дүниеге келгеннен бастап патриоттық тәрбие беріле бастауы керек. Одан соң балабақша, мектептерде елжандылыққа, Отансүйгіштікке арналған іс-шара, жобалар бар. Маман ретінде ұстаздармен кездескенде «балаларды патриоттық сезімге, елжандылыққа тәрбиелеу қажет» деп айтып жатамыз. Қазір аудандық прокуратураның бастамасымен жергілікті атқарушы органдары өкілдерінің, қорғаныс істері бөлімі және полиция қызметкерлерінің, Ауған соғысы ардагерлерінің қатысуымен тұрғындар арасында әскери қызметке шақыру және оны ұйымдастыру тәртібін түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Халықпен кездесу өткізіліп, аталған мәселе жан-жақты талқыланып, түсіндірулер жасалып тұрады.


Мақсат ЖҮСІП,
әскерге барып, азаматтық борышын
өтеп келген жас:
«Әскердің жүгі жеңіл емес»
– 2004 жылы Қазалыда дүниеге келдім. Әскерге барып, азаматтық борышымды өтедім. Былтыр әскерден шақырту түсіп, ойланбастан аттандым. Өзімнің мамандығым – өрт сөндіруші. Білесіз бе? Әскерден келген әрбір жігіт нақты бір ой түйіп келеді. Менде де солай. Ата-ананың қадірін түсіну, барды бағалау, уақытпен санаспау бір бөлек. Ал Отан алдындағы борышыңды адал атқару бір бөлек. Бірақ өзге жердегі жігіттермен жақсы араласып, бір үйдің баласындай болып кеттік. Бастапқы айларда сапта жүруді үйреніп, ант қабылдауға дайындалдық. Дәрістер алдық. Темірдей тәртіпке бейімделдік. Ешқандай қиындық болмады. Әскерден уақытты тиімді өткізуді, дұрыс өмір сүруді, автомат ату, техникаларды айдауды үйрендік. Бүгінде сол әскердегі өмірді көруден жалтаратындар көбейіп келеді. Мүмкін өзіндік себебі бар шығар. Бірі – несиесін айтады, бірі – ата-анасына қарап отырғанын себеп қылады. Күнкөріс қамымен де сыртта жүргені қаншама. Одан бөлек жалтарғандардың арасынан жауапкершіліктің жоқтығы да анық байқалады. Себебі, ауруын айтып, не өзге де сылтаумен өтіріктің шырмауында жүргендер бар. Отан алдындағы борышын әрбір азамат өтеуі тиіс қой? Елін қорғаған ер отбасын да қорғайды. Шапшаң болу, шыңдалу жігіттерге керек дүние. Барлық ер-азамат әскердегі өмірді көрсе деймін. Мұнда қызықты күндер де көп болды. Әскер алдымен темірдей тәртіпке үйретті. Тазалыққа баулыды. Автомат атуды, БМП, МТЛБ айдауды үйрендік. Әр азамат – отбасының тірегі, қорғаны. Сол секілді Отанының да қорғаны болуы тиіс. Себебі «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі». Халықтың ұлы болу – әрбір ер азаматтың арманы болуы керек. Ал Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу – нағыз қайсарлықтың көрінісі.


Руслан ӘЛИЕВ,
Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің әскерге шақыру және әскерден тыс бөлімшесіның бастығы, капитан:

«Әскер – жігітті ширатады»
– Кезінде Бауыржан Момышұлының «Соғыс психологиясы» шығармасында «Әскери тәрбие проблемасы – бұл жөргекте жатқан кезден бастап, найзаласқан қоян-қолтық айқасқа дейінгі аралықта жүргізіле беретін тәрбие проблемасы. Ата-ана тәрбиесі мектеп жасына дейінгі тәрбиенің ең басты сатысына, кезеңіне саяды. Мектеп тәрбиесі, коғамдық-жастар тәрбиесі – адамның қалыптасуындағы ең басты кезең. Адам қоғамдық тәрбиеге ақтық демі біткенше мұқтаж болады, қажет етеді. Ересек адамға тәрбие беруді жалғастырудың қажеті жоқ деушілік – мүлдем қате!» делінген. Егер нақты қате кімнен кетсе, жауапкершілікті бөлісу, кемшілікті мойындау да ерлік. Қоғамға барлығын сілтей салу да дұрыс емес. Бейбіт уақыттағы адам шығынының жиілеуі сол қоғамға да, армияға да әсте абырой әпермесі анық. Әр азамат – отбасының тірегі, қорғаны. Сол секілді Отанының да қорғаны болуы тиіс. Себебі «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі». Халықтың ұлы болу – әрбір ер азаматтың арманы болуы керек. Ал Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу – нағыз қайсарлықтың көрінісі болып қала бермек. Әскер десе шоши қарайтын күйге жеттік. Неге? Қазір әркім әртүрлі пікір айтып, қоғамның ойы екіге бөлінді. Дегенмен баланы жастайынан сабырлы, намысшыл етіп тәрбиелесек әскерге келгенде ол сынбайды. Өзінің біліктілігін, ержүректілігін көрсетіп, барлығынан өте алады. Әскерде орын алып жатқан оқиғалардың бір жақты себебі осы деп ойлаймын. Баланың әлжуаз болуы сол отбасындағы тәрбиеге байланысты, одан соң мектеп, сосын барып қоғам. Міне осы үшеуі балаға жақсы тәлім беріп, жаман жолдан тайдырып, оның бойына патриоттық рухты дарытса нұр үстіне нұр болар еді.

Айнұр ӘЛИ

28 қыркүйек 2024 ж. 103 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031