Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мамандықтың бәрі жақсы, қажеттісін таңдай біл

Мамандықтың бәрі жақсы, қажеттісін таңдай біл

2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды «Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Әрі біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», – деді Президент биылғы Жолдауында.
Жұмысшы мамандығының беделі артатын шақ келді. Темірден түйін түйген ұста, балтасы мен балғасын серік еткен шебер, құбырларды жалғайтын темір пісіруші, құбыр бойының қыр-сырын білетін слесарь қоғамға әбден қажет. Бүгінде өзінің кәсібінен береке тауып, тұтынушыларға қалтқысыз қызмет етіп отырған жұмысшы мамандық иелерімен жолығып, мамандыққа қалай келгендігі туралы тілдескен едік.

Талғат Сисенбав, темір ұстасы:
Бастысы – іске деген адалдық
Қазалыда токорь Талғатты танымайтын адам кемде-кем. Темірден түйін түйген шебер іздесеңіз, барлығының көрсетер бағыты бір. Ол – Әйтеке би кентіндегі С.Мұханов көшесінің бойында орналасқан «Талғат» кешені. Талай адамға аты таныс темір ұстасына бізде бардық. Шуылдаған санок дауысы, тарсылдаған темір дыбысы, қайнаған еңбек. Бұл шеберхана ішіндегі көрініс. Төрге таяу орналасқан станокта темір жонып тұрған шеберге жақындадық. Жұмысын тоқтатып, бізге бет бұрды. Келген мақсатымызды айтқан едік жылы жүзді жан станокты тоқтан ажыратып, жұмыс үстеліне қарай бағыт алды.
– «Ұялы» деген жерде туып-өстік. Бес жасар кезімде отбасымызбен осында қоныс аудардық. Әкем теңізде маторлы қайық айдады. Теңіз тартылып, ондағы жұрт үдере көшкенде бізде жүгімізді жинап жолға шықтық. Міне содан бері осындамыз. №420 мектепте оқыдым. Мектептен кейін Рига да әскери борышымды өтедім. Туған жерге келген соң Депоға жұмысқа тұрдым.Алғашқы жылдары Шәкім,Андрей, Мансур деген ағалардан үйренгенім көп болды.Қырық үш жыл бір жерде табан аудармастан еңбек еттім. 1996 жылы жеке цех аштым. Алғашқыда жалғыз станокпен жұмыс істедім. Қазір олардың саны 17-ге жетті. Барлығының өзіндік атқаратын қызметі бар, – дейді темір ұстасы.
Талғат Сисенбавтың үш ұлы да әкесінің ізін жалғап келеді. Барлығы да бұл кәсіптің қыр-сырын меңгерген. Жанында ұлдары Ғани мен Қасиет қолғабыс етеді. Үлкен ұлы Мейрамбек өз үйінің жанынан шағын цех ашып, жұмыс жүргізуде. Қасиеттің жеке кәсібі бар. Компьютерлік орталық ашып, тұтынушылардың талғамынан шығып отыр. Ал аналары Майрагүл Ілиясова уақытында тігін шеберханасында жұмыс істеген.
– Бала кезден темірден түрлі бұйымдар шығарғым келіп, ойға шоматынмын. Сондықтан шығар бұл кәсіптің мен үшін қиындығынан қызығы көп болды. Әр темірдің атқарар қызметі мен құрылымын білудің өзі біліктілік. Кез келген жұмыстың өзіндік қиындығы бар. Мәселен, темір ұстасы болу да екінің бірінің қолынан келе бермейді. Осы уақытқа дейін келіп жұмыс істегісі келген жас жігіттер болмады емес. Десе де, көбісінің шыдамы жетпейді. Еңбек төзімділікті, ыждаһаттылықты талап етеді. Оның үстіне халыққа қызмет етіп отырғандықтан әр істің сапалы атқарылуы маңызды. Жүрдім-бардым жұмыс істеу абырой әкелмейді.Бастысы – кәсіпке деген адалдық, – дейді Талғат Орыналыұлы.

Баян Байғабылова, шаштараз:
Әрекет етсең, берекетін көрерсің

Заман талабына сай бүгінде сұлулық салондарының саны да артты. Шеберлердің қызметін пайдаланатын жандар да көбейді. Мәселен, қай салонға бас сұқсаңызда кезекке тап боласыз. Талай жылдан бері осы салада еңбек етіп жүрген жанды іздегенімізде орталық базардың жанына жақын орнласқан «Баян» сұлулық салоны бірден еске түсті. Өйткені осында бірнеше жыл бұрын ашылған салон әлі де өз жұмысын жандандыруда. Бұл жақта да қызу жұмыс. Әр шебердің алдында келуші. Бірі шаш бояп жатса, енді бірі тырнақ сәндеуде. Салон иесі Баян Қайнарқызына жолығып, уақыт бөліуін өтіндік.
– Біз кішкентай кезде телеарнадан «Сен сұлу» деген бағдарламаны көрсететін. Соны қызығып, үнемі үзбей көретінмін. Адамдардың бет пішініне қарай шашын қиып, сәндесем деген арман солай пайда болды. Өз идеяммен қыз-келіншектерге сұлулық сыйласам деп үнемі ойлайтынмын. Негізгі мамандығым заңгер. Дипломмен Әйтеке би кенттік әкімдігінде жұмыс істедім. Тұрмысқа шыққаннан кейін бала күтімімен үйде отырдым. Сол уақыттарда жолдасыма сұлулық салонында жұмыс істегім келетіндігін айттым. Студент кезімде осы салада арнайы курс оқығаным бар. Жолдасым шешімімді қолдап, мен «Арай» сұлулық салонында еңбек жолымды бастап кеттім. Бес жыл аталған салонда еңбек етіп, тәжірибелі маман Гүлзия Омарова ханымнан көп нәрсе үйрендім. Бес жылдық тәжірибеммен жеке салон аштым. Он үщ жылдан бері жұмыс жасап келеміз. Тұрақты клиеттеріміз бен жаңадан біздің қызметімізді тұтынушылар жетерлік. Біз барлық қызмет түрін көрсетеміз. Әр жылдары білімімді жетілдіріп отырдым. Белгілі шеберлер Айбек Абжан, Динара Алимусаева, Айгерім және Айзада Асқарбектен курс оқып, түрлі техникаларды меңгердім.
Халыққа сапалы, қызмет көрсету өзіме және жанымдағы әріптестеріме қойған басты талабым. Қасымда шебер қыздарым бар. Бірнеше шәкірт тәрбиеледім. Барлығы дерлік осы салада өзіндік орыны бар жандар. Өз алдына жеке кәсіп ашқандары да бар. Жолдасыммен алты бала өсіріп, тәрбиелеп отырмыз. Үлкенім Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік универсиетін бітірді. Одан кейінгі екі қызым да студент. Кішілері мектепке, балабақшаға барады.
Менің ұққаным, еңбектенген адам жерде қалмайды. Адал еңбек, маңдай тер өз бағасын алады. Әркім өз ісін жауапкершілікпен атқарып, адал табыс табуды ғана көздесе, алға адымдайды. Әрекет етсең, берекетін де көрерсің деп бекер айтпайды, – деді кейіпкеріміз.

Жолжақсы Шүкір, электро-монтер:
Бұл өміршең мамандық

Күнделікті өмірде электр жабдықтарын бірнеше мәрте тұтынамыз. Тіпті тұрмыстық техникалардың барлығының жұмыс жасауы тоқ көзіне тікелей байланысты. Ал электр желілеріндегі ахауларды тауып, жөндеу жүргізетін электро-монтерлердің еңбегі зор. Осы мамандықты меңгеріп, еңбек етіп жүрген жандар жетерлік. Соның бірі – Жолжақсы Шүкіров. Ол АҚ «СНПС-Ақтөбемұнай-газ» Ақтөбе мұнай сервис басқармасында жұмыс істеп жүргеніне он алты жылдан асып барады.
– 5 разрядты электро-монтермін. Жұмысым аса сақтықты әрі тиянақтылықты да талап етеді. Қоғамға қажеттілігі көп мамандық деп есептеймін. Жалпы кәсіптік мамандықтардың келешегі зор. Тіпті тұрақты жұмыстан өзге қосымша табыс көзіне айналдыруға әбден болады, – дейді Жолжақсы Аманкелдіұлы.
Оның айтуынша, барлық мамандық маңызды және әр қызметкердің жауапкершілігі әртүрлі. Ал электрмен жұмыс істейтіндер өз ісіне немқұрайлы қарамауы тиіс. Әрбір электрикке үлкен жауапкершілік жүктеледі.Себебі жанындағы қызметкердің де, басқа адамдардың да қауіпсіздігі олардың міндеттерін орындау сапасына байланысты. Сондықтан да адамның бұл мамандықтағы білімі мен тәжірибесі жоғары болуымен қатар, қызметтік міндеттерін де сапалы атқара білуі қажет.
– Электрик электр құрылғыларымен жұмыс істегенде және оларды іске қосқанда қауіпсіздік ережелерін сақтауға мұқият қарауы керек.Қазіргі уақытта бұл мамандық өте танымал және жоғары ақы төленеді. Оны дамыту үшін орта кәсіптік білім жеткілікті. Көбінесе кәсіпорындарға 3-ші санаттағы және одан жоғары электромонтер қызметін атқара алатын адамдар қажет.


Зейнегүл Қуантқанқызы,
тігінші:

Сүйікті ісім табыс көзіне айналды

Бүгінде кәсіпке бет бұрған жастар көп. Өзінің тұрақты жұмысымен қатар тігіншілікті алып жүрген келіншек Зейнегүл Қуантқанқызының қолынан шыққан түрлі құрақ көрпелер көздің жауын алады. Бала кезден әжесі мен анасының тігін тіккенін көріп өскен Зейнегүлдің санасында «әр қыз бала тігін тіге білу керек» деген түсінік қалыптасса керек. Бұны кейіпкерімізбен әңгіме барысында байқадық.
– Мен Жанкент ауылының тумасымын. Сол жақта оқып, мектеп бітірдім. Қазір Әйтеке би кентінде тұрамын. Тұрмыстамын. Жолдасыммен бір ұл, үш қыз тәрбиелеп отырған көп балалы отбасымыз.
Мен тігінге бала күннен құмар едім. Мектепте еңбек пәнінен жақсы көріп оқыдым. Оқушы кезден тігін тігіп жарыстарға баратынмын. Тұрмыс құрғанда да өзіме керекті дүниелерімді өзім тігіп алдым. Ағайын-туыстардың да өтінішін орындап жүрдім. Қызығып, рақмет айтатын.Балдарым кішкентай болды сыртқа шығып жұмыс жасай алмаймын. Осыдан бірнеше жыл бұрын жолдасым туған күніме тігін машина сыйлады. Қатты қуандым. Сосын «Неге кәсіп көзіне айналдырмасқа?» деген ой келді.
Марқұм әжем үнемі тігін машинасында отыратын. Мен бала кезімнен әр әйел адам тігін тігуге міндетті секілді көрінетін. Өйткені анам да бізге неше түрлі көйлектерді өзі тігіп беретін. Киімнен бөлек көрпелерді өзі дайындайтын. Менің қабілетім осылай ашылды. Былтыр мемелеттік грантқа қол жеткізіп, тігін машинасын сатып алдым. Содан бері тапсырыс қабылдап, кәсіпке нақты бет бұрдым десем болады. Көбіне құрақ құрап, қыз жасауын дайындаймын. Бірнеше қыздың жасауы қолымнан шықты. Қазір этностильдегі көрпелер сәнде. Аламан құрақ, амандасу құрақ, ши құрақты да құраймын. Тігін тіксем демалып ойым бөлініп неше түрлі құрақ шығарып тіге беремін. Бірақ арнайы білімім жоқ, – дейді тігінші келіншек.
«Үйден шықпай балапандарымның жанында отырып,сүйікті ісіммен айналысып, несібемді тауып отырмын» деген Зейнегүлдің қолынан әлі талай керемет туындылар шығарына сендік.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
24 қыркүйек 2024 ж. 81 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031