Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлиханның асуы

Әлиханның асуы

Осыдан бірнеше жыл бұрын «Аты-жөнім болады, Төреғали Төреәлі», – деп домбыраны сабалап, ән айтқан үш жасар баланың өнері көпті сүйсіндірген. Балақайдың бұлайша әндетуі бекер болмай шықты. Жақында «ТТТ» деген костьюмді киген өнерлі өренді Ұлы дала баласы өзінің жеке парақшасына жүктеді.

С.Сейфулиин атындағы №165 мектеп оқушысы Әлихан Мұсағали – Төреғалидің батасын беріп, қанатын қомдаған өнердегі ұлы. Қазалылық балақайдың бүгінде асқан асуы, бағындырған биігі жетерлік.
Жастайынан әнге елітіп, тілі анық шықпаса да, ырғаққа ілесіп, қимылға қосатын сәбидің қылығын алғашында айналасындағылар қызық көріп, келешегіне үлкен үмітпен қараған.
2022 жылдың ақпанында, жеті жасында, аудандағы «Аделя» өнер орталығының эстрадалық вокал үйірмесіне қабылданады. Мұндағы вокалист мамандар Рахымжан Мақсатбаев, Еркебұлан Абай Әлиханның әнге әуестігінен бөлек, музыканы тез қабылдай алатын қасиеті, табиғи дарыны барын байқайды.
Жеті айдан соң Қызылорда қаласында өткен өнер байқауына бақ сынауға аттандырады. «Juldyz Star» атты облыстық байқауда Әлихан бірінші орынға ие болады.
2023 жылы «Атадан – мұра» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен «Ұлы дала ұрпағы» атты V Республикалық жасөспірімдер арасында өткен өнер жарысында да топ жарып, бас жүлдені олжалап, Түркия мемлекетіне өтетін жарысқа жолдама алады. Сол жылдың 19 ақпанында «Жеті өнер» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Қазақстан Үміті» атты IV Республикалық шығармашылық конкурсы ауданнан өнерпаздарды іріктегенде Әлихан орталықта өзімен машықтанатын Ерасыл Әбдіғани екеуі дуэт болып, өнер көрсетеді. Нәтижесінде жұп топ жарып, алғашқы орынды алады.
Көп ұзамай облыстық Мәдениет және спорт басқармасының қолдауы, «Мұрагер» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен болған «Қызылорда FEST» байқауында жеке орындаудағы әнімен бас жүлдені қанжығалайды.
Жыл басынан бері Әлихан Арманұлы облыс орталығында өткен «TALANT SHOW» өнер фестивлінде, Республикалық «Талантты жұлдыздар» өнер байқауының аймақтық іріктеуінде, облыстық «Бозторғай» балалар мен жасөспірімдер байқауларында бас жүлде биігінен көрінеді.
Үйдегі төрт баланың кенжесі Әлиханның сабақ үлгерімі де жаман емес. Ата-анасы мен ұстаздары конкурстарға кеткенде, дайындалғанда мектеп бағдарламасынан тыс қалып қоймауына күш салады.
«Бала тәрбиесі – күрделі процесс. Қазір әр перзентті өз икемділігіне баулу туралы көп айтылып жүр ғой. Бабаларымыз айтқандай, қабілетін шыңдауға мүмкіндігінше күш салып, «бетінен қақпай, белін буғанымызбен», тәрбиесі, дұрыс қалыптасуы үшін өз балалардай кейде қаталдық танытатынымыз бар. Кейде «Баланы жастай ән айтқызу дұрыс емес» деген пікірлер айтылып жатады. Әкесі де, мен де оған қарсымын. Балада талап болса, неге тежеуіміз керек. Тек «сағы сынып, мұқалмаса екен»деген аналық тілегімді үнемі қосып отырамын», – дейді анасы Жанар Жұмамұрат.
««тТт» деген киімнің сырын неде? Төреғали мен Әлиханның байланысы қандай?» деген сұрақты қойдық.
Әлиханды Төреғалидің әкесі, продюссері Төреәлі Әлиханұлы қазір қолдап жүр. Ол кісілермен Мұсағали отбасының туыстық байланысы бар екен. Бір жағынан, ұлдарының Ұлы дала баласының атасымен аттас болуы да бір-бірен жақындастыра түскен. Төреәлі мырза Әлиханның бірнеше рет жарысқа баруына демеушілік танытса, Төреш концертінде: «Менің орнымды басатын бала бар» деп елдің алдына шығарып, сенім артқан. Болашақта өнерлі шаңырақ осы баланың жұлдызын жағуға көмектесетінін айтқан. Бұл туралы Әлиханның әкесі Арман Нұралиев айтып берді.
Ұстаздарының айтуынша, репертуар таңдауда орталық мамандары бала жасы, дауысына аса мән береді. Соған қарамай, Әлихан әрдайым күрделі әндерді орындауға бейім болып шықты. Өз жазылушылары бар кішкентай кейіпкеріміздің Димаш айтқан әнді орындап, талайды тәнті еткен жазбасы парақшасында сақтаулы. Оны тыңдаушылар мен қайталап көрушілер қатары қалың.
«Әр өнер иесінің алға қойған арманы болады. Менің арманым, жақында өмірден озған, менің болашағыма деген сенімімді ұялатқан атамның атын әлемге таныту», – дейді Әлихан.
Ата-анасы кенже ұлдарына ниеттеп, әнші ағасыныкіне ұқсайтын сахналық киімдер тіктірген. Қазір Әлиханды ауданда өткен шаралардың барлығына шақырады. Тойларда өнер көрсеткенін қалайтындар да аз емес. «Біздің басты мақсатымыз – табыс табу емес, баламның шырағын жағу» дейді ата-анасы.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
24 қыркүйек 2024 ж. 158 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031