Төрештің ұлы топ жарып жүр
Осыдан бірнеше жыл бұрын «Аты жөнім болады, Төреғали Төреәлі», – деп домбыраны сабалап, ән айтқан үш жасар баланың өнері көпті сүйсіндірген. Жақында «тТт» деген костьюмді киген бұл өнерлі өренді Ұлы дала баласы өзінің жеке парақшасына жүктеді. Сондай-ақ жеке концертінің бірінде «Менен кейін жұлдызы жанатын бала осы болады» дегені бар.
С.Сейфулиин атындағы №165 мектеп оқушысы Әлихан Мұсағали – Төреғалидің батасын беріп, қанатын қомдаған ізбасары, өнердегі ұлы. Қазалылық балақайдың бүгінде асқан асуы, бағындырған биігі жетерлік.
Қазалыдағы «Аделя» өнер орталығының эстрадалық вокал үйірмесіне баратын бала республикалық, облыстық, аудандық жарыстар жеңімпазы.
Анасы Жанар Жұмамұраттың айтуынша, әнші баланы нағашы жағынан туыстары болып келетін Төреәлі отбасы қолдап жүр. Оған ұлдарының Ұлы дала баласының атасымен аттас болуы себепкер болған. Продюссер Әлиханның бірнеше рет жарысқа баруына демеушілік танытса, болашақта өнерлі шаңырақ осы баланың жұлдызын жағуға көмектесетінін айтқан.
Ата-анасы кенже ұлдарына ниеттеп, әнші ағасынікіне ұқсайтын сахналық киімдер тіктірген. Қазір Әлиханды ауданда өткен шаралардың барлығына шақырады. Тойларда өнер көрсеткенін қалайтындар да көп. «Біздің басты мақсатымыз – табыс табу емес, баламның шырағын жағу» дейді ата-анасы.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА