Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұмыссыз жүрме, жас маман

Жұмыссыз жүрме, жас маман

Қай кезде де қоғам жүгін қайыспай көтеретін қозғаушы күш – жастар. Мемлекет алдында бәсекеге қабілетті буынды тәрбиелеп, олардың білімі мен сапасына, ұмытылысы мен ынтасына зерлеу маңызы тұр. Ендеше Қазақстан халқының 5 миллионға жуығын құрайтын жастардың өмір сүру көрсеткіші қандай? Әлеуетті көтереді деп жүрген әлеуметтік буынның ахуалын байыптадық.

Қандай қолдау бар?
Ел сенім артқан жастар – елдің болашақтағы болмысы ғана емес, бүгінгі бедері десек, мемлекет тарапынан керемет идеяларды тудырып, жүзеге асыруына көрсетілген қолдау қатары жыл санап артуы орынды.
Ел мүддесі игіліктеріне жол ашып билік пен бұқараның алтын көпірі болатын депутаттардың үлес-салмағы жастармен көбеюі ашық қоғамдағы азаматтық кредоға жол ашып, ертеңге үміт ұялатады.
Қазақстан ТМД елдері қатарында өз түлектерін шетелге оқуға жақсы жағдай жасаған бірден-бір мемлекет саналады. Елімізде жоғары білім алу үшін білім гранттары бөлінуі де мол мүмкіндіктерге жол ашады.
Жақында қабылданған «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты аясында өз саласында озық нәтижеге қол жеткізген талантты жастар танылады. «Дарын» Мемлекеттік сыйлығының мөлшері миллион теңгеге ұлғайтылған. Биылғы жаңалық, Мелекеттік сыйлыққа жаңа «Қоғамдық қызмет» жаңа номинациясы қосылуы болып отыр.
Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» бастамасын іске асыру – уақыт талабы. Еңбек мобильдігі, ваканциялар аясында нақты шаралар көзделген жоспар орындалса, 2024 жыл соңына дейін 341,3 мың адам жұмыс таппақ. 943 мыңнан астам жасты жұмыспен қамтуды көздеген межеде грант арқылы 193,8 мың қазақстандық тұрмысын түзейді делінсе, 318,1 мың тұрғын бос жұмыс орындарына орналасады. Жылдық 2,5 процентпен жеңілдік беруде –5,8 мың, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бо­йынша 15,2 мың адам арманын орындамақ.
Біз көрсеткен сандарды санамалаған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минстрлігінің мәліметінше, электрондық еңбек биржасындағы қосымша ашықтық пен уақыт үнемдеу, сондай-ақ жемқорлықтың алдын алуға мүмкіндік тудырады. Жұмысқа орналасу бойынша мониторинг минстрліктің ақпараттық жүйелеріндегі мәліметтерге негізделеді.
Қолданыстағы «Алғашқы жұмыс орны» жобасы жұмыс тәжірибесі жоқ 35 жастан аспаған жастарға арналған.
Жоба бойынша жұмыс беруші еңбек мобильділігі орталығымен келісім негізінде қатысушыны кемінде 18 ай мерзімге жұмысқа орналастырады. Маман үшін жергілікті бюджеттен ай сайынғы субсидия мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды.
«Ұрпақтар келісімі» жобасында жұмыс іздеу­шілер мен жұмыссыздар қатарындағы білім беру ұйымдарының түлектерін жұмыспен қамтуға жәр­демдесу бойынша қосымша шаралар іске асырылады. Мансап орталықтары жұмыс берушілердің өтінімдерімен қатысушыларды зейнеткерлік жасқа жеткен белсенді жұмыскерді кейіннен ауыстыра отырып, жұмысқа орналастыруды ұйымдастырады.
Ел тұрғындары алдында тұрған кедергінің бірі – баспана мәселесі.
2024 жылдың 9 айында «9-20-25/Отау» жаңа ипотекалық бағдар­ламағасына 20 мыңға жуық жас отбасы өтініш берген. Бұл бағдарлама осы жылдың наурыз айынан бастап жүзеге асып жатыр. Ал еліміздің 16 өңірінде жылдық кредит бойынша пайыздық мөлшерлемесі 5 процент, бастапқы жарнасы 10 проценттік, 25 жылға дейінгі мерзімге берілетін жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары жүзеге асуды.
Жоғарыдағы мәліметтер жыл өткен сайын жас­тар арасындағы әлеуметік жағдай жақсарып, жұмыссыздық қысқарып келе жатқандығын көрсетеді.

Қимылдаған қыр асады

Қазалылық Ақбаян Игенбай өз нәтижелілгін көрсетіп келе жатқан «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы жұмыс тауып, көтереме ақы, тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Бағдарлама аясына бөлінетін қаржы биыл үстемелегенін естіген жас маман өзі сияқты талапкерлер үшін жасалған жақсы жағдай деп түсінеді.
«Қазір әскердегілердің бір тобын келісімшарттық негіздегі әскери қызмет етушілер құрайды. Мен де солардың бірімін», – дейді Мирас Әлихан. Бүгінде әскерге барушыларға, әскерде қызмет етушілерге көптеген көтерме көмек бар. Мәселен, әскери қызметін өтеп келген жасқа мемекеттік грант иегері атануға мүмкіндік қарастырылған. Ал әскери қызметкерлер мен олардың отбасына жеңілдіктер алу, қызметтік пәтер беру, жұмыс қиындығын ескеру жан-жақты зерттелген.
Аудандағы ахуалға байыптасақ, Қазалыдағы мансап орталығына жұмыс іздеуші ретінде жыл басынан 9504 адам тіркелсе, олардың 2998-і жұмысқа орналасқан. 1728-і тұрақты жұмыс тапқандар. Олардың қатарында «Алғашқы жұмыс орны», жастарға берілетін 2,5 проценттік несие, түрлі жобалар үшін мемлекеттік грант алғандар бар. Кәсіби бағдар бойынша жұмыстарымен қамтылудан өзге мемлекеттік бағдарламалар мен бастамалардың бағыттарымен консультациялық көмек алғандар да жеткілікті.
Қуанарлығы, бұл көрсеткіштің көбін ауыл тұрғындары және жастар құраған.
Жастарды жұмыспен қамтумен бірге, кәсібін ауыстырып жаңа мамандықтарды игеруіне мемлекет маңыз беруде.
Облыс бойынша жұмыссыз және өздігінше жұмыспен қамтылған жастарды қолдауға бағытталған көрсеткіш көңіл қуантарлық.
Мамандығын ауыстырып, кәсіп ашқан келіншек Гүлсім Ерғалиқызы. Мұғалімдік мамандығына орай жұмыс таппаған жан шаштараздықты үйреніп, жұмысын бастаса, Еркенұр Бекқасым оқушылар оқитын қосымша орталық жұмысын жүргізіп отыр. Данияр Әли дәнекерлеуші болып, тапсырыс қабылдауда. Айгүл Нысанайқызы қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, кондитерлік өнімдер дайындау цехын ұлғайтқан.
««Жастар практикасымен» уақытша жұмысқа орналасып, тұрақтап қалғандардың бірімін. Еңбектенген адам мақсатына жетеді. Алғашында әріптестерімнің тарапынан «уақытша адам ғой» деп жауапкершілік жүктемеу, жас маман деп қырын қарау әркеттетері болған. Ал жұмыстағы екі жыл менің мүмкіндіктерімді барынша пайдаланып, өзімді дәлелдеуіме жеткілікті болды. Биылғы оқу жылы басында өзге әріптестеріміз сынды сағат, сынып жетікшілігін алдым», – дейді Сәуле Амантай.
Шетелде өткен бес жылы жаңа мүмкін­діктерге жол ашқан Ербол Жанболатұлын сөзге тарттық.
«Жоғары оқу орнын бітіріп, «мен сұранысқа ие маманмын» деген ұстаным алғашында менде де болған. Екі-үш рет әңгімелесуге қатыстым. Еңбек өтілім жоқтығын айтып, шығарып салды. Әр істің басын бір шалып, ақы ала алмаған, сауда жасап, қарызға кіріп кеткен кезім де болды. Бірде танысым арқылы Түркияға бардым. Алғашында байер болсам, кейіннен дәрі-дәрмек шығаратын компанияға жұмысқа орналастым. Биыл елге келіп, сол саланы өрістетпекпін», – дейді бізбен әңгімесінде. Түркиядан өзге Біріккен Араб әмірлігі, Америка құрама штаттары, Канада, Германияда саяхаттап үлгерген жас Қазақстанда жұмыс бастаймын деген жасқа қолдау жеткілікті. Тек іздену, зерттеу қажет. Арнайы орталықтарға барып тегін ақыл-кеңес, тіпті бизнес жоспар да құруға болады. Сонымен бірге жастардың жұмыс табудың тетігін Ербол сұранысқа сай бейімделу, ағылшын тілін, ІТ-технологиясын, әрдайым ізденісті арттыру қажеттігін меңгеруде деп түсіндіреді.
Отызға жетпей, тігін цехын басқарып отырған Еркебұланның бұдан өзге мейрамхана, шаштаразы бар. «Барлығына қалай үлгеруге болады?» деген сұраққа жалынды жас: «Бізде базалық білімі жоғары мамандар жеткілікті. Тек менеджерлік қабілет, әдеп қағидасы аса дамыған деп айта алмаймын. Келуші мен алушыны тарту, төл брендті қалыптастыруда бұл маңызды рөлге ие», – дейді.

Кедергі неде?

2024 жылдың басында республика жастарының жалпы саны - 5 759 781 адамды құраған.
Олардың бір тобын NEET санатындағы жастар құрайды. Бұл – бүкіл әлем назарын аудартып отырған қоғамдық мәселе. «NEET» терминін ағылшынның “Not in Empoloyment. Education or Training” ұғымының бас әріптерінен құралған. Қазақшаласақ жұмыс істемейтін, не оқымайтын, немесе өзге де жұмыстармен айналыспайтын адам».
Мұндай күрделі санаттағы 200 мыңнан аса жасқа ел Президенті пәрмен беріп, олардың үлесін 5 процентке дейін төмендету талабын қойып отыр.
Бұдан басқа қандай қиындық барын жастардың өздерінен сұрадық.
Аспанасты елінен жақында оралған жерлесіміз Айнұр Мұратбек жұмыс орындары шетелде білім алып келген мамандарға күдікпен қарайтынын айтты.
«Бізде мамандарға деген тапшылық қай салалада да бар. Мәселен техникалық білімі бар таныстарымыз аз уақытта өздері мақсат тұтқан межеден көрінді. Ал гуманитарлық білім алған мен екі жерге түйіндеме тапсырып, бірінен «Сіз алған білім біздегі білім жүйесімен сәйкес келмейді» деген жауап алсам, бірі «Бізге көп талап қоятын маман керек емес. Ертең жұмысқа тұрып алып, көп ақша сұрайсыңдар» деген пікірін анық айтты. Сонда шетелдік білімді жастар не үшін алу керек? Әзірге қытай, ағылшын тілдерін, қытаймен бизнесті үйрету курстарын жүргізіп, шетелге шыққан отандастарымызға жолбасшы болып жүрмін», – дейді ол.
«Жұмыс жоқ, бәрін мемлекет беруі керек» деген түсініктен толық арылатын кез келді. Ұят та болса, айтайын, қазақ атамыз «өз қотырыңды өзің қасы» деген. Бұл әркім өз болашағына жауапты деген деп түсінемін. Қазаны басқаның – қайғысы басқа. Ата-анаң оқытты, тәрбиеледі. Ары қарай ізден, зертте, ешкім қой дейді.
Ауылда тұрамын. Көпбалалы анамын. Бірақ бизнес жоспар құрап, ешқандай әке-көкесіз қорғап, қайтарымсыз грантқа қол жеткіздім. Отбасымды асырап отырғанмен бірге, тағы екі жасты жұмыспен қамтудамын”, – дейді Айжанар Өркен.
Психолог Манар Ерғалиева арнаулы әлеуметтік жәрдемақы тоқтатылып, күйзеліске түскен келіншекті білетінін, сондай-ақ «СОVІD-19» кезінде төленген әлеуметтік көмекті қызғанып, күйеуі отқа жағып жіберген жағдайды да жеткізіп, масылдық дендеген құлдық санадан арылатын кез келгенін атап өтті.
Маман айтқан тағы бір мысал, халқымыздағы отбасылық жүйе, туыстық тіркеспелі тәртіп.
«Әр адамға тұлға ретінде қалып­тасуымына мүмкіндік берілуі керек. Қателессін, бағын сынасын, күйзелсін, одан шығатын жол тапсын. Өзіндік иммунитетін қалыптастырсын. Кішкентай мәселе туындаса, топтасып келіп, шешіп тастау сырт көзге жақсы болғанымен, қателескен адам үшін тиімсіз. Сондықтан әр адам өз денесін қалай көтеріп жүрсе, жауапкершілігін де солай тіктей алуы қажет», – дейді сөзінде.
24 жастағы Самат Ақназар сұранысқа ие мамандықтар көп, олардан қалаған сумаңды талап ете аласың. Мәселен, трейдинг, СММ-ші, ауылшаруашылғы, таргетологтар тапшы. Жастар осы салада білімін жетілдірсе, жағдай мұндай болмайтынын жеткізсе, Анар Қуанышқызы екі дипломы бола тұра, қоғамдық жұмыс істеуге мәжбүр болуының сырын тек жемқорлықпен байланыстырады.
«Жастарды қолдау туралы жағымды жаңалықтар енгізіліп, қолдаулар қатары көбейгенімен, «баяғы жартас – сол жартас». Еш өзгеріс жоқ. Жастарды қолдайтын орталықтар, жұмыспен қамту жайы да формальді. Сынақтан сүрінбей өтсең де, «өзіміз хабарласамыз» деп шығарып салатын көріністен шаршадым. Елімізде жастарды мамандандыруға мүмкіндіктер мол, енді солардың жұмыспен қамтылу да сұралса деген өтінішім бар», – дейді.
Анкетаға қатысқан жігіттердің бірінің мамандығы – режиссер. Қазір вахталық әдіспен қарауыл болып жұмыс істейді. Келесі Еркін есімді жігіт. Құрылыс материалын шығаратын цехта жұмысшы. Қаржылық жоғары білімі бар. Дипломы бойынша жұмысқа орналаспауына өзі кінәлі. Құмар ойын құрыған кіріп кеткен азамат жұмысқа орналасса, айлық жалақысының барлығын қарыздары ұстап қалады, бұғатталған. Әзірге жан бағуға күнделікті аз болса да, қолына ақша салатын кәсіпорын тиімді болып тұр.
Сауалнамаға қамтылған жастардың 12,7 проценті шетелде жұмыс істеуге ықыласты екендіктерін ашық айтқан. Себеп не? Салдар қайсы? «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар» ма, әлде көрмегеннің бәрі керемет деген ойдан қалыптасқан түсінік пе екен, кім білсін?.. Жоғарыда көрсеткендей, жұмыс іздеген жанға мемлекетте мүмкіндік мол. Олай болмаса, Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға тұжырымдасы бекітілмеген болар еді. Уақыт талабына ілесіп, оны тееке өткізбей, әрекет берекетке жеткізетінін ұғыну ұмтылысы да маңызды. Тек Абай айтқан «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық» аздырып, адамдықтан адастырмаса еткені.

Алтын МЕЙІРХАНОВА

24 қыркүйек 2024 ж. 107 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031