Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Спорттық іс-шараларға бөлінетін қаржыға онлайн-бақылау жүйесі керек – Тұрлыханов

Спорттық іс-шараларға бөлінетін қаржыға онлайн-бақылау жүйесі керек – Тұрлыханов

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев
Парижде өткен олимпиаданың нәтижелері қазақстандық спорттағы елеулі проблемаларды көрсетті. Спорт саласындағы олқылықтарды атаған Мәжіліс депутаты, AMANAT фракциясының өкілі Дәулет Тұрлыханов Үкімет басшысына сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, жастар арасында бұқаралық спортты дамыту мүмкіндіктерін шектейтін білім беру мекемелерінде дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға арналған материалдық-техникалық базаның әлсіздігі болып отыр. Бұдан өзге,

оқу орындары әкімшілігінің студенттік спортты дамытуға және жастардың жарыстарға қатысуына мотивацияның төмен деңгейі;
әсіресе жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттаудың жеткіліксіздігі;
балалармен және жастармен жұмыс істейтін білікті мамандардың, әсіресе, жаттықтырушылардың жетіспеушілігі,
өңірлік деңгейден бастап спорттағы жоғары жетістіктер сабақтастығының әлсіз жүйесі;
өңірлерде олимпиадалық спорт түрлерін дамытудың төмен деңгейі және спортшыларды ұлттық құрамалар құрамына беруге мүдделіліктің болмауы ел спортының алға жылжымауына әсер етеді.
«Сонымен қатар, айтарлықтай салынған қаражатқа қарамастан, спортқа жұмсалатын шығындардың тиімділігі төмен. Елімізде спортты қаржыландырудың жалпы сомасы шамамен 300 млрд теңгені құрайды, алайда бұл қаражат қанағаттанарлық нәтижелерге әкелмей отыр. Сондықтан, осы жағдайды жақсарту үшін келесі шараларды қабылдауды ұсынамыз:

1. Спорттық іс-шараларды қаржыландыру процестерін толығымен цифрландыру және қаражаттың мақсатты пайдаланылуына онлайн-бақылау жүйесін енгізу.
2. Шетелдік тәжірибелерді қолдана отырып, спорттық іс-шараларды жоспарлаудың заманауи әдістерін қолдануды қолға алу.
3. Австралия спорт институты сияқты сәтті институттарды назарға ала отырып, спортшыларды оқытуды ғылыми қамтамасыз етудің тәуелсіз институтын құру.
4. Жас спортшылар мен олардың жаттықтырушыларын, әсіресе халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізетіндер үшін көтермелеу жүйесін күшейту.
5. Оларды пайдалануды оңтайландыру және олардың тиімділігін арттыру үшін спорт нысандарын басқаруда мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту.
6. Тренерлердің біліктілігін арттыру жүйесін енгізу, бұл оқытудың барлық кезеңдерінде мамандар даярлауға мүмкіндік береді», - деді депутат.
Дәулет Тұрлыханов спорт мектептеріне де тиісті дәрежеде көңіл бөліну керегін атап өтті.

«Бүгінгі таңда Қазақстанда тек 510 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді, 1991 жылмен салыстырғанда айтарлықтай аз. Бұл дегеніміз миллиондаған балалардың жүйелі түрде спортпен шұғылдану мүмкіндігінен айырылғанын білдіреді. Жаңа спорт мектептерін құру және спорт секцияларын дамыту маңызды міндет», - деді ол.

Депутат қазақстандық спортқа маңызды реформалар енгізу керек деп санайды.

«Ол үшін: 1. Президенттің спортты одан әрі дамыту жөніндегі шаралар туралы Жарлығы шығарылуын;
2. Осы Жарлықты іске асыру жөніндегі Үкіметтің Қаулысы қабылдануын;
3. Спортты дамытудың 2025-2028 жылдарға арналған бағдарламасы және 2032 жылға дейінгі Даму стратегиясы бекітілуін ұсынамын», - деді ол.
18 қыркүйек 2024 ж. 104 0