Елімізде жаңа темір жолдар салуға 150 мың тонна рельс пайдаланылады
Фото: "Қазақстан темір жолы" ҰК АҚ баспасөз қызметі
Қазақстанда жаңа темір жолдар салу үшін 2 млн астам шпал мен 150 мың тонна рельс пайдаланылатын болады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
"Қазақстан темір жолы" жалпы ұзындығы 1000 шақырымнан асатын темір жол құрылысы бойынша ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруда. Мемлекет басшысы өз Жолдауында "жобалар мерзімінде және жоғары сапалы деңгейде аяқталуы тиіс" деп атап өтті.
Бүгінде еліміздің әр өңіріндегі құрылыс алаңдарында күн сайын 5 мыңға жуық адам жұмыс істейді, 1300 астам техника жұмылдырылды.
Қолданыстағы Достық – Мойынты желісі бойынша ұзындығы 836 шақырымды құрайтын екінші жолдар салынуда. Қазба жұмыстары 96 пайызға орындалды: 7 миллион текше метр жер қабаты құйылды. 550 шақырымға жуық жаңа рельс пен шпал торлары төселді. Ағымдағы жылдың өзінде Мойынты-Балқаш және Бескөл-Достық учаскесінде екінші жолдар бойынша пойыздардың уақытша жұмыс қозғалысын ашу жоспарлануда. Алматы станциясының теміржол торабын айналып өтетін айналма теміржол тармағының құрылысы белсенді кезеңде. Мұнда 73 км негізгі жолдар салынады. Жаңа бөлек пункттерді дамытуды қоса алғанда, барлығы 123 км салынады. Рельефтің күрделігіне байланысты жоба техникалық жағынан қиын болып табылады. Кейбір учаскеде күрделі қиғаш су өткізгіш құбырлар орнатылады.
Дарбаза – Өзбекстанмен мемлекеттік шекараға дейінгі ұзындығы 152 км темір жолын салу үшін техника жұмылдырылды, аумақты құрылысқа дайындау жүргізілуде. Жер жұмыстары басталды, карьерлер әзірленуде.
Жаңа темір жолдарды салу шеңберінде жаңа бөлек пункттер ашу, көпірлер мен автожол өткелдерін салу көзделген.Жобалар Үкіметтің, Көлік министрлігінің, облыс әкімдіктерінің және "Самұрық-Қазына" АҚ көмегімен жүзеге асырылуда.
Темір жолдарды салу шеңберінде жаңа бөлек пункттер ашу, көпірлер мен автожол өткелдерін салу көзделген. Жаңа темір жолдары елдің транзиттік-көліктік әлеуетін арттырып қана қоймайды және де барлық қатынас түрлері бойынша жүктердің жаңа көлемін тартуға мүмкіндік береді. Құрылыс кезеңінде жобалар бір бірімен байланысты салаларға үлкен мультипликативті әсер етеді. Барлық құрылыс-монтаж жұмыстарын отандық мердігерлік ұйымдар орындайды. Рельстер, шпалдар, құрылыс материалдары қазақстандық кәсіпорындардан сатып алынады. Жаңа темір жол магистральдарын салу үшін 150 мың тоннаға жуық рельс, сондай-ақ бекітпелері бар 2 млн.астам темірбетон шпалдары сатып алынатын болады.