Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғашқы қыркүйек немесе гүл оқиғасы

Алғашқы қыркүйек немесе гүл оқиғасы


Білім күні жақындаған тұста көшелер мен сауда қатарларын түрлі гүлдерге толтыратын көрініс қалыптасқан. Сұраныс ұсыныстан тұратын нарық заңдылығын ескерсек, бұл әбден орынды. Әркім қай кезде не қажет, соған қарай әрекет етіп, несіп-нәпақасын теруде. Гүл сататын орындардағы гүлдестелер мен үй гүлдері, тіпті жасанды сұлу дүниелерді ұстазға тарту ететін үрдіс бар қазір. Көңілің қуанады. Мұндай кішкентай ғана табиғат сыйының адамның жанын сонша жадырататын қасеті бары қалай екен деймін кейде.
Қош, менің айтпағым бұл емес. Осындай кезде ойға оралатын оқиға...
Алғаш мектеп табалдырығын аттағанда мұғалімім Лиза Төлеуқызына гүл апарып берген-бермегенім есімде түспеді. Айғақтайтын сурет те жоқ. Көп нәрсені көкейге ұялататын әдетім бар еді. Шамасы, апармаған болуым керек. Біздің Бірілік ауылындағы шағын мектепте Қазақстанға, Одаққа танымал мұғалімдер де жұмыс істейтін. Еңбек өтілі бар, әдіс-тәсілдері салалық газет-журналдарға жарияланған. Сабақтары тәжірибе ретінде әріптестеріне үлгі етілген. Алайда солардың кейбірі оқушысынан бірде-бір гүл алып көрмеген десем, өздері де жоққа шығармас. Оқушыдан сый алу деген түсінік оларда мүлде қалыптаспаған. Бірінші қыркүйекте шәкірттері түгел жиналса, киімдері бүтін, денсаулықтары дұрыс болса, оларға содан артық сый жоқ. Ұзамай жететін ұстаздар күнде де ашықхат, қолдан жасалған бұйым, ары кетсе, пластикалық гүлдер ұсынған оқушыға: «Сендер әлі табыс таппайсыңдар. Ертең үкен болып, айлық жалақы алғандарыңда, мен сыйлық аламын» , – дейтіндері де болған.
Жасанды гүл дегеннен шығады. Бірде бір сыныптың қыздары Кеңес Армиясының құрылған күніне орай ер балаларға тарақ, тіс пастасы, беторамал, айна сынды қажетті заттардың жинынтығын тарту етеді. Қыздардың мекелеріне дейін бір-бірімен ұрысып екінші тарап, жауап ретінде сыйлықтарын дайындайды. Қазақтың тісі батпай жүрген адамына қой басының тісін қақпай қоятыны сияқты, балалар өз өкпе-реніштері ретінде сынған айна, тісі сиреген тарақ, таусылған тіс пастасының құтысы, өңі кетіп, ағарып кеткен гүл беріпті деседі.
Ойды ой қозғам, жазып жатқаным. Тақырыпқа оралайын.
Ұмытпасам, үшіншіге барған уақытым. Бір жыл бұрын денсаулыға орай білімді уақытша Қызылорда қаласында алған болатынмын. Соның әсері ме, әлде қызығушылығым оянды ма, ол жағы белгісіз.
Аяқ су үйге келіп, бір жағында Сырдария, екінші жағында ел «бірінші канал» атап кеткен Солтүстік магистрал арнасы бола тұра, ауылдағылар бақша егуге ықылас танытпайтын. Ауласына гүл өсіретін совхоз директорның әйелі, бастауыш сынып мұғалімі Күмісай апай, биология пәнінің мұғалімі Қуандық апай, үйінде көп балалары бар деп қатты қызығатын Жаңаберген ағаның әйелі Гүлжаһан апа, Әлжан атаның үйіндегі Рая апаларды әлі ұмытқан жоқпын. Осы қатарға бізге іргелес тұтатын, жақынымыз әрі көршіміз қосылыпты. Ойнап жүріп, Несіп апаның үйінде өсіп тұрған гүл барын білдім. Биологиялық атауы қалай екені беймәлім, жергілікті жұрт «жабайы роза» деп атайтын осы бір гүлді өсімдік жанында қандай биіктік бар, сонымен таласып өсе беретін сияқты. Қажетіңше, ұзын бойдан 20-30 сантиметрден кесіп ала бересің. Бұл үйдің келіні Таня тәтем ауылдағы анамның ең жақын екі адамның бірі. Сол туыстықты салсам да, алатыныма бек сенімдімін. Гүлді біздің ауылдағылар газетке, дәптер қағазына орайды. Үйде Алматыдан әкем әкеліп берген киімнің жылтыр сырты гүлді орауға жарап қалатынын іштей топшылап қоямын.
Жаңа оқу жылы жақындағаннан нысана еткен үй жаққа баруды жиілеттім. Есік алдында жүріп, сол үйдегілердің көзіне түсіп қалуға тырыс бағудамын. Әже «ананы алып берші» деп біреуді жұмсаса, дереу бара қоямын. Гүлсая есімді кішкентай бөлеме барынша қамқормын. Тіпті сол кезде өзім қанша жыл күткен қуыршағымды Гүлсаяға оп-оңай бере салғаным да жоспарыма жасалған амалдың алғышарты еді.
Отыз бірінші тамыз күні ойымды анама айттым. Тәтем: «Келсін. Ала берсін», – депті.
Ағам екеуіміз ертемен тұрып гүлді үйге алып келіп, сыртын жақсылап оратып алдық.
Мектепке барсақ, біз құралпы балардан бірде-бір адам гүл апармаған. Оң жағыма қараймын, сол жағыма қараймын, бәрінің қолдары бос тұр. Сыныпты түгелдеп тұрған жетекшіміз де ықылас танытып, гүлді алатын ниеті жоқ. Ұяңдық па, ұялдым ба, саптан суырылып шығып, мектеп ғимаратына кіріп кеттім. Есіктен енгенде, қас бетте тұратын мұғалімдер бөлмесіне қарама-қарсы үлкен терезе бар еді. Соның ернеуіне гүлді қоя салдым.
Ісімді бітірген бойда, қатарға тұрып, ағамды іздей бастадым. Ұзамай тауып алдым. Қарасам, қолында гүлі жоқ. Жақын барып, жағдайын білдім. Ұғынғаным, сыныптастары «бірінші класқа келіп жатсың ба, неге гүл әкелгенсің?» деп келеке еткен соң, ағама дереу шешім қабылдауға тура келіпті. «Қайда?» деп сұрағанымда берген жауабы әлі күнге дейін күлкімді келтіреді. Тыстағы әжетхана тесігіне апарып, тастап жіберіпті.
Менің гүлімді апайы бірінші сыныпқа жаңадан қабылданып жатқан бір кетік тісті қара балаға ұстатып қойыпты. Тани кеттім. Ана бала мәз. Еңбегімнің еш кетпегеніне іштей разымын. Содан қайтып мектеп бітіргенше, бірде-бір ұстазға гүл бермедім. Осы оқиға әсері ме екен, кім білсін?..
Қазір басымыз қосылса, осы сәтті еске алып, күліп аламыз.
Алтын МЕЙІРХАНОВА
27 тамыз 2024 ж. 151 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031