Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жасанды интеллект: Құлтемір бізді құл етпей ме?

Жасанды интеллект: Құлтемір бізді құл етпей ме?

Бұрын көршінің үйіне барып көк жәшікке телміру қазір жоқ. «Лягушка» қалтафонды көріп, «құрт» ойынын ойнау, бір мәрте қолға ұстап сымтетіктің кереметін көру бізге сән еді. Балалармен төбелесіп жүріп «тетристің» өзіне әрең қол жеткізетінбіз. Қазір ше? Ал қазір түртіп қалсаң төрткіл дүниені, шертіп қалсаң ғаламшарды шарлай аласың.
Қош. Заман дамыды. Әрқайсысымыз бір-бір смартфоннан ұстап, ноутбук, нетбук, планшетті қосымша құшақтап жүреміз. Интернет дамыды, ақпарат айдыны қолжетімді болды. Дегенмен жасанды интеллект деген дүние қоса пайда болды. Осы күнге дейін «жасанды интеллект те дамып келеді, қорықпайсың ба адам?» деп мақала жазғанымызбен, ешкімнің оған құлақ түрер шамасы жоқ. Біздегі ой көпшілікті жаңа дүниеден хабар алғызып, зиянынан сақтандыру.
Жасанды интеллект – қазіргі заманның ең маңызды технологиялық жаңалықтарының бірі. Ол өмірдің және бизнестің әртүрлі аспектілерін түбегейлі өзгертуге қабілетті. Қазақстан жаһандық қоғамдастықтың бір бөлігі ретінде ЖИ технологияларын белсенді түрде енгізіп, дамытып келеді, елдегі экономикалық және әлеуметтік жағдайды жақсартуға ұмтылады. Қазақстан үкіметі жасанды интеллектіні бизнес, инновация, IT секторы, медицина сынды көптеген салаларда белсенді қолданып келеді. Медицина саласына IT технологияларды енгізумен айналысатын жас стартапшы Шыңғыс Құлахметов ЖИ көмегімен – қауіпті және зиянды өндірісте жұмыс жасайтын қызметкерге ауысым алдындағы және ауысымнан кейінгі медициналық тексеруден бір минут ішінде өтуге мүмкіндік беретін MED365 жобасын енгізген. Айтуынша, MED365 термометрмен, тонометрмен, алкотестермен және пупиллометрмен жабдықталған автоматтандырылған медициналық тексеру жүйесінің (АСМО) көмегімен жасалады. Барлық деректер арнайы жүйеге түседі, онда жасанды интеллект оларды өңдейді және дәрігерлерге адамның денсаулығына қатысты мәселелер туралы сигнал береді. Жасанды интеллектіні пупиллометрмен біріктірген. Бұл синтетикалық есірткі қолданатын адамдарды анықтауға көмектеседі. Синтетикалық есірткінің іздері қан анализінде де, зәр анализінде де көрінбейді. Бірақ оларды көз жанары арқылы анықтауға болады. Қазір аппараттар наркологиялық диспансерлерде тұр, онда орталыққа есірткіге масайған күйде және 10 күннен кейін түскен науқастың суретін түсіреді. Бұл деректер нейрондық желіні үйретуге мүмкіндік береді. Осылайша, ол адамның есірткі қолданғанын түсіне алады. Мамандардың айтуынша, олар ауылдық жерлерде медицинаны дамытқысы келеді. Әсіресе интернет проблемалары бар немесе мүлдем жоқ жерлерде. Қазірдің өзінде аппараттың прототипі бар, оның көмегімен медициналық кеңселерде алғашқы сынақтарды алуға болады: қан, зәр, ­электрокардиограмма және т.б. Содан кейін нәтижелер автоматты түрде медициналық жүйеге түседі. Осылайша, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының бір бөлігі болуға тырысады.
Статистикалық мәлімет бойынша, Қазақстанда қауіпті және зиянды өндірістерде 1,5 миллион адам жұмыс істейді. Олардың бәрі күн сайын медициналық тексеруден өтуге міндетті. Жасанды интеллектіні білім саласында енгізумен айналысатын IT маман Дамир Кеңесбаев Қазақстанда ЖИ-дің табысты дамуы үшін білікті кадрларды даярлауға назар аудару қажет дейді.
Әрине, «құлтемірдің» атқаратын технологиялық қабілетіне ешқандай кінәрат қоймаймыз, күмән келтірмейміз. Жасанды интеллекті жарылқап жатқандардың қарасы көп. Әйтсе де, оның көмекші тетіктерін сынап жатқан өнер иелері де аз емес. Тіпті кейбірі нағыз өнерге қолғабыс ете алмайтынын алға тартады. Жақында британ жазушысы Салман Рушди «жасанды интеллектінің менің стилімде жазған мәтінін қоқысқа тастай салуға болады» деп сынға алды. Америкалық қаламгер Джон Гришэм мен «Тақтар таласы» туындысының авторы Джордж Р.Мартин де бұл пікірді қуаттады. Олар 2023 жылы OpenAI компаниясының ChatGPT құрастырушысына «авторлық құқықты бұзды» деген айыппен топтық шағым түсірген жазушылардың қатарында болды. Сондай-ақ былтыр неміс фотографы Борис Элдагсен Sony World Photography Awards байқауының бас жүлдесінен бас тартқан болатын. Өйткені оның конкурсқа ұсынған Pseudomnesia: The Electrician суретін жасанды интеллект салып берген екен. DALL-E 2 құралының көмегімен жасалған жұмысын фотограф бұл байқауға әдейі ұсынған көрінеді. Сол арқылы дүниежүзілік конкурстардың нағыз өнерді жасанды машинаның шартты сызбасынан ажыратуға қаншалықты қауқары жететінін байқап көргісі келген.
Bloomberg мәліметінше, генеративті ЖИ индустриясының құны жақын онжылдықта 1,3 триллион долларға жетпек. Яки ChatGPT-дің дамуы қарқын алмаса, кенжелеп қалмайды. ­Сарапшылар бұдан кейінгі жылдары жасанды интеллект компаниялар мен өндірістің жұмыс барысына, әсіресе шығармашылық процестерге тереңірек енетінін айтады. Сондықтан кем дегенде өнер иелерінің – жазушылар, суретшілер, музыканттардың жанайқайына құлақ асатын, әсіресе шынайы һәм түпнұсқалы өнерді қорғау және авторлық құқық мәселелерін реттейтін заңнамалық тетіктер керек дейді көпшілік.
Бізде ой тек біреу ғана. Адамның орнын жасанды интеллект басып кетпей ме деген күмән ғой. Алаяқтардың да осы интеллект арқылы көпшілікті алдап жатқанын көріп, біліп жүрміз. Қауіп пе?
Айнұр Әли
20 тамыз 2024 ж. 98 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 68

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 63

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930