Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаназа: жарыссөз маңы, бәсіре тігер бәсеке алаңы ма?

Жаназа: жарыссөз маңы, бәсіре тігер бәсеке алаңы ма?

«Әр елдің салты басқа» деген. Жуырда жақындарымыздың жаназасына батыс­тан, оңтүстіктен келген құда-құдағайлар таңдай қағып, бас шайқаумен болды. Айтса, айтқандай, сын көзбен байыптап қарасақ, маңыз беретін мәселе көп екен.

Жасы тоқсанға таяған әйел адамның ауырып жатқанын естіп, алыс-жақыннан ұрпақтары жиналды. Соңғы демі таяп қалған ананың айтуымен, сандығы 60 жеңсіз, 60 көйлек, 40 жаулыққа толтырылып, қосымша алтын-күмістер алынып, ақтықтан өзге таратуға 100 метр масаты, жәшік-жәшік шай әкелінді. Бұл жаназа шығарған үйдің ас дастарқанынан өзге «ғұрып».
Кейуана қайтыс болғанда, өзі өсиет еткендей, алыс-жақыннан қалың адам жиналды. «Анамыздың жасын берсін» деп ниет еткендер 15-20 минутқа жетпейтін уақытта абажаны айнадай етті. Көңіл білдіріп жатқан жандар өз үйі, көлемді шатыр, көршілер жайын қосқанда он үйге таяп қалды. Өсіп-өнген әулеттің дана анасына айналған апаға келгендер де құр қол келмеген. Қайтарларында да бос қайтпады.
«Өмірден өткен жан тірісінде көршілерден не ағайыннан бір зат сұрап алып, кейін қайтара алмай кетуі мүмкін. Сондықтан бәріне берілуі керек» деді үлкен қызы. Жөн-ақ. Салттан аттамаған қазақпыз. Алайда «анасы келгендердің барлығына қарыз болды ма екен?» деген ойда қалдық. 2000 теңге алып келгендерге жұқа жамылғы, 5000-20000 теңге көлемінде қаржы қиғандарға көрпе, 50000 теңге, одан жоғары жиғандарға, құдағайларға, қыздарының барлығына кілем тарату, балаларының әріптестерінің әрбіріне 500 теңгеден ақша үлестіру қаншалықты орынды екен?.. Тоқсан жасаған ананың «жолын берсін» деп ниеттеу деп қабылдадық. Мұндай келеңсіздікке 60-тан аспаған ер адамның үйінде де ұшырастық.
Отағасы денсаулығын дендеген дерттен көз жұмған. Жақындарына ниеттестік білдіре барғанда, 5-6 адамның кілем арқалап бара жатқанын байыптадық. Үйден шығар жолда 20-ға жуық кілем тиеген көліктің аулаға кіргенін көрдік. «Ер адам қайтыс болғанда, бұрын ештеңе таратпаушы еді. Енді әйелге жасалатын үрдістің ерлерге де ортақ сипат ала бастағаны ма?» – деген сауалымызға туыстары онсыз тағы болмайтынын айтты. «Пакетім бер еді» деп артына қарайлап тұратын жеңгелеріміз, «апардық та, тастадық» дейтін адуын әпкелеріміздің тойымын тыймай, жақсылыққа жетпесіміз белгілі.
Соңғы жылдары ҚМДБ-ның араласуымен жаназа асын ысыраптан аз да болса арылтты.
Жасы 80-ге жеткен ер адамның өсіп-өнген ұрпақтары жақсы деңгейде дайындаған мәзірін көріп, ауыл имамының: «Ағыраф сүресінде: «Жеңдер, ішіңдер, алайда, ысырап етпеңдер. Күдіксіз Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» деген. Мен мынадай дінге, адамгершілікке жат әрекет орын алып жақан жерде жаназа шығармаймын», – деген ұстанымын естіп, разы болдық. Келіндер тез арада дастарқанды ретке келтірді.
Мешіттен келген өкілдің айтып отырғанындай, белгіленген азық-түліктерден өзге жеміс-жидек, салат, крем қосылған торттар көп адам жиналған орында улану, өзге де асқазан жарақаттарына алып келетіні анық. Ал қазалы үйдің дәмін сыпыра салып алып, үйіндегілерді азықтандыру немесе оны жамандау, қайғы жұтып отырған жердегілердің санасына салмақ түсіретін жарыссөз алаңына айналдыру адамдық әрекетке жат. Одан өзге қайтыс болған адамның киімін, тіпті мәтітті жуындырған ыдыстарын талан-таражға салу айтуға ұят әрекет.
Тақырып турасында Қазалы ауданының бас имамы Нұрдәулет Нәбиден сұрадық.
«Жаназа айналасындағы ысырап­шылық біздің басты мәселеміздің біріне айналып отыр. Ғұрыпқа жасалып жатқан барлық әрекетке тосқауыл қоюға біз қауқарсызбыз. Өзіңізге белгілі, заң шығарушы органдар емеспіз, оған қақымыз да жоқ. Ұрпақтары жасаған амалдарын әке-шешемізге арнаған садақамыз десе, шектеу қоя алмаймыз. Алайда адамгершілік, ысырапшылықтың исламдағы орны туралы имамдар үнемі уағыздар айтып, барынша жол бермеуге атсалысады. Қазіргі уақытта осындай үгіт-насихат жұмыстары нәтижесінде ру-руға шапан кигізіп, қолорамал, сүлгі таратпау жолға қойылды. Ақ қалтаға көк қалта қайтару да әсте-әсте түсінікпен жойылады деп ойлаймын», – дейді.
«Қайын атам қайтыс болғанда, біздігі үрдіспен қайтарым жасауға кіріскенімізде, әулеттің үлкен ақсақалы келіп, аталықтан тараған ешбір адамға ештеңе таратпайтынын айтып, тыйды», – дейді Аягөз Сержанқызы.
Әркім сана бигінде өмір сүреді. Осындай кішкентай тыйымдар бара-бара толық түсікке тоғысса, одан жаман нәрсе шықпасы белгілі. «Өлік бардың малын шашады, Жоқтың артын ашады» деген бабаларымыз туырлық болған теберіктің татулыққа сызат түсіретінін біліп айтты ма екен?..

Кәмила МАҚҰЛБЕК
13 тамыз 2024 ж. 192 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031