Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қаралы үй – қан базар

Қаралы үй – қан базар

Әлемді жайлаған алпауыт індет салдарынан қазір жер-жерде өлім-жітім саны да артты. Жақынын жоғалтып, еңсесі езіліп отырған жанға «Қайғыны бөліссе, азаяды» деп тоқтау айту салтымызда бар дәстүр. Десе де, «Біреудің кісісі өлсе қаралы – ол, Қаза көрген жүрегі жаралы – ол» деп Абай атамыз айтқандай, қазалы үйді «қан базарға» айналдырып, шаш-етектен шығынға батырып, олардың жасаған амалдарын сынап-мінеу дағдысы таныс көрініске айналып бара жатқандай.

Жол беріп жүрген жолсыздық
Қазақ жұрты жақын туысы қаза болғанда көшпелі өмір салтында қалыптасқан, ислам дініне астасатын ғұрыппен шығарып салады, құрмет көрсетеді. «Өлімнің жолы ауыр» деп танысын, танымасын, жаманат хабар шыққан үйге көңіл айтуды парызға балайды, өзіне қарыз санайды. Бүгінде еліміздің барлық жерінде қаралы үйде алғашқы күнінен бастап мал сойылып, жаназаға қатысушылар құрметіне тамақ беріліп, аста-төк дастарқан жайылады. Бұдан бірнеше жыл бұрын өлімді үйде келушілерге жайылған тағам түрі тойдікінен артық болып бара жатқанынын естіген жергілікті имамдар мен ақсақалдар дабыл қағып, оларды бір ретке келтірген болатын. Алайда қымбатшылық алқымнан қысқан кездің өзінде бәсекелестікке салып, базардағы бар желінетін, желінбейтін азық-түлік түрлерімен үйді толтыру қайта арындағандай.
Салт-дәстүр зерттеушілері қаралы үй үш күн бойына қазан көтеріп, ас пісірмегендігін жазады. Бұл үрдіс көршілес өзбек ағайындар мен Оңтүстік өңірінде сақталып қалған.
Осы орайда санада самсап тұрған «Ысырапшылыққа исламның айтары қандай?», – деген сауалды аудандық Жанқожа батыр мешітінің өкілі Беганыш Жақсыбайға қойдық.
«Асыл дінімізде Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өсиетінде мүмкіндігінше тез орындалуы керек үш нәрсені айтады. Оның бірі – «жаназаны шығару». Қайтыс болған мүрдені жерлемей тұрып құрбандық ретінде мал сойып, тамақ беру ақылға сыйымсыз, дін тұрғысынан да орынсыз. Дінімізде құрбандық малы бала туылғанда, шүкіршілік еткенде, діни мерекелерде шалынады. Ал, қазаға байланысты құрбандық шалу дәстүріне жол берілмеген. Себебі, өлім қуанышты сәт емес. Сәйкесінше, жерлеу рәсімінен бұрын және кейін жаназа үйінде мал шалу, аста-төк тамақ беретін ысырапшылдық исламдық ұғымға кереғар түсінік саналады. Бұл туралы үнемі айтып жүрміз», – дейді ол.
Ауданда қаралы үйдің жайған дастарқан мәзірінде болуы тиіс тағамдар тізімі де жасалды. Оны қаперге алып жатқандар некен-саяқ.
Жаназа үйі – көңіл айтып келгендермен көрісу, сабырлылыққа шақыру және қайғы-қасіретті бөлісетін орын. Осындай жағдайда отырған жандар жанында қызу әңгіме айтып, ас-су ішу өмірден өткен кісі мен оның туыстарына құрметсіздікті көрсетеді.
Жақында өзіміз куә болған бір жағдай туралы айта кетуді жөн деп таптық. Егде тартып қайтыс болған кісінің қазасына жайылған дастарқанды отбасы мен балалары тәттілер мен үш түрлі салат, табиғи қаймақ, жеміс-жидектің түр түрімен толтырды. Себебін сұрағанымызда, «Әкеміз көп бейнеттенді. Тым болмаса, әруағы разы болып аттансын», – деген баласының сөзін естіп, таң қалдық. Сонда үйіп-төгіп дастарқан жаю перзенттік өтем бе? Парызды өтемек болса, тірісінде құрметтеп, тек атына лайықты ұл-қыз болу, ата-анасынан құрметін аямау жеткілікті емес пе еді. Содан кейін, әкенің үмітін ақтау ол өмірден өтіп кеткенде тоқтап қалады деген түсінік дұрыс па? Қазақ «елінің ұлы болсын!» деп бата беретініндей, баланың әулет атын асқақтатып, шыққан тегін өрістету ұрпақ жалғастығымен өрбімейтініне меңземейтін бе еді?

Бардың малын шашады, жоқтың артын ашады
Қазалы үйдегі орынсыздықтар қатарындағы исламға сай келмейтін «жағаұстатар» әрекеттерге де кезігіп жүрген жайымыз бар. Бала күнімізде жасы жетіп, өмір көрген әжелеріміз дүниеден өтіп жатса, сол кісінің жасын, жақсылығын берсін деп мата жыртып, теберік беріп жатқан жағдайды білетінбіз. Өткен жылы кластас қызымыздың әкесі қайтыс болып, көңіл айта барғанымызда, қызылды-жасылды бума-бума масатылардың жыртысын үйлестіріп жатқанын көрдік. Мата ұшына кішкентай қорапшадағы шай байланып жүр. Сондай-ақ ұятқа қалмау амалына санап, әруақты үйге түнеткенде күзететін ­достары не жақындарының басында арақ-шарап ішуі, жаназаға қатысқандарға және сол шараны атқаруға көмектескендерге ақша тарату, естелік бұйымдар, тұтынатын заттар беру сынды жолдан қосылған жоралар қатарын тізбектесең, қалтаны қаншалықты жұқартатынын бағамдайсың.
Этнограф Байғали Шаминнің айтуынша, дәстүр бойынша көп жасаған, немере-шөбере сүйген әжелер өмірден өткенде «телім», немесе «тәбәрік» үлестіреді, яғни, ине, жіп, түйреуіш, оймақ тағы да басқа заттарды таратады. Оның өзіндік мағынасы бар. Ине-жіп үлестіру – қайтыс болған адам көзі тірісінде көрші-қолаңнан, туысынан ине-жіп сынды кішігірім заттарды қарызға алуы мүмкін. Сол қарыздың қайтарымы. Ал адамдарды ізгілікке тәрбиелейтін «тәбәрік» тарату ұрпақтары осы адам сияқты ұзақ өмір сүрсек, үлгі-өнегелі болсақ деген ниетпен іске асыратын дәстүр. Бұдан бөлек марқұмды еске алуға арналған «нәзір беру», «жұбату шайы», «шек беру», «тұл аудару», «ас беру» сынды шараларды ретімен орындау, қайғыны жеңілдетіп, отбасының туған-туысының мейірімен барынша қанықтырады емес пе?
Көпшілік айтатын «Өлім – бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген ұстанымға айналған нақылды орынды қолданып жүрген жоқпыз. Тәмсілдің тағылымы – дүние-мүлікті шаш дегенге емес, адамның жақсы, не жаман болғаны, өмірден өткеннен кейін білінеді деген тұжырымға ­саяды.

Өлімнен ұят күшті ме?
Зейнеттегі көршіміз ковидтен қайтыс болған жеңгесінің жаназасына үйіндегі бес бөлмемен бірге үш көршінің үйіне келуілер кіргенін айтты. Сонда аты жаман ауруды ауыздықтай алмай тұрған тұста «Өлімнен ұят күшті» деп қаралы жерге қалыңынан жиналған жұрттың санасы ұрпағы мен өзінің ертеңіне алаңдаудан қалған ба деген ойда қаласың. Аудандық жұқпалы аурулар бөліміне түсіп жатқан науқастардың көбі осындай көпшілік жиналатын жерден кейін жағдайы нашарлағандар.
Өмір бар жерде өлім бар. Жоғарыдағы мысалдар қайтыс болған адамның артынан ешнәрсе жасауға болмайды деген тұжырым емес, оған пайда әкелетін амалдар жасауға насихаттау мақсатында түзілген болатын. Дәстүрімізде қаралы үйге көңіл айтып келген адамға «майыстырып» мәзір дайындамақ түгілі, келушіреді қарсы алмаған. Мұндайда алдынан шыққан адамды жек көретін қазақ хан болса да қарсы алмайды, шығарып салмайды. Алдынан қарсы алу – аруақты қорлауға жатады.
Қазақ салт-дәстүрлерін дәріптеуші Мәшһүр-Жүсіп Көпеев бір жазбасында: «Қаралы үйден тағам алып, соны үйіне апара жатқан адам өзімен не әкетіп бара жатқанын білер ме екен? Бір шаңырақта адам о дүниелік болып жатқанда, сол шаңырақтан түйір дәм алу жақсы нәрсе емес. Себебі, қаралы үйден шыққан тағамнан қан тамшылап ағып тұрады. Ал қан тамшылап тұрған тағамды үй-ішіңе апарып жегізу – сол қаралы үйде болып жатқан қайғыны өз шаңырағыңа да жұқсын деп тілегенмен бірдей», – дейді. Бұл жолдарға айқындауыштың қажеті жоқ. «Өлеңді жерде өгіз, өлімді жерде молда семіреді» деп сананы жұтатпай, тексіз іске тойым салуды әркім өзінен бастағаны жөн-ақ.

Дайындаған Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
14 қыркүйек 2021 ж. 1 023 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930