Қазалыда құрылысшыларға құрмет көрсетілді
Ел экономикасының дамуында құрылыстың алар орны ерекше. Бүгінде қай жерде болсын, аталған саланың қарқынды жүріп жатқанын байқайсың. Әсем ғимараттар мен көрікті үйлердің бой көтеруі – ауданымыздың күннен күнге дамып, қанат жайып келе жатқандығының бір көрінісі.
Биыл қазалылық құрыш қолды құрылысшылардың еңбегі ұшан-теңіз. Жаздың аптап ыстығына қарамастан, белгіленген нысандардағы қызу жұмыс жыл соңына дейін аудан тұрғындарына қуаныш сыйлайды.
Жыл сайын тамыз айының екінші жексенбісінде құрыш қолды құрылысшылар кәсіби мерекесін тойлайды. Осыған орай кеше аудан әкімі Мұхтар Оразбаев сала ардагерлері мен бірқатар құрылысшыларды қабылдап, мерекемен құттықтады.
– Қасиетті Қазалы ауданындағы құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Соның нәтижесінде жаңадан нысандар салынып, жол жөндеу жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Ауданымызда бой көтеріп жатқан емхана мен мәдениет үйі мен баспаналар көптің көңіліне жылу ұялатуда. Одан басқа да қосымша салынып жатқан ғимараттар да бар. Бұл, әрине, қыстың суығында, жаздың ыстығында еңбек ететін құрылысшылардың маңдай тері, – деді Мұхтар Әуесұлы.
Аудан басшысы алдымен сала ардагерлері, «РЗА» АҚ президенті, Қазалы ауданының құрметті азаматы Самұрат Имандосов, Нағметәли Қадірқұлов пен Сұлушаш Абдрасуллаеваға «Құттықтау хат» табыстап, қазақы дәстүрге сай шапан мен камзол кигізді.
Мұнан соң «Нұрас и К» ЖШС директоры Нұркен Ботабаевқа «Құрметті жолшы» төсбелгісін табыс етті.
Мерекелік шарада «Намыс Құрылыс» ЖШС-ның жүк көлік жүргізушісі Абылай Сазанбаев облыс әкімінің, «Жылу ХХІ» ЖШС директоры Көпжан Бижанов пен «Болашақ» ЖШС директоры Панабек Әлиев аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Аудандағы эпидемиологиялық ахуалға байланысты мерекелік шараға көптеген құрылысшыларды шақыруға мүмкіндік болмады. Әйтесе де саланың өзге ардагерлері мен құрылыс мекемелері назардан тыс қалмайды. Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрбек Күзембаев бастаған ұжым мүшелері мерекелік құттықтауларды жеткізетін болады.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат