Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Табыс көзін тағамнан тапты

Табыс көзін тағамнан тапты

Талаптанса, жұмыс көп. Қарекет етсе, кәсіп көп. Ал оны жүзеге асырса, дөңгелейді, көкжиегі кеңейеді. Осы тұста төзімділік пен қайтпас шыдамдылық ұштасса, алынбас қамал бар ма?! Дәл осындай ұстанымды алға тартқан бүгінгі кейіпкеріміз – кәсібінің нәсібін көріп отырған жан. Аудандағы екі нүктеде орналасқан «Анкара» жеңіл тағамдар әзірлейтін орынды білмейтіндер жоқ шығар, сірә?!

Фаст-фуд – әлемдегі ең танымал тағамның түрі. Әр елдің өзінің фаст-фуды бар. Мәселен, Италияда пицца, Жапонияда суши, Шығыс елдерінде донер. Мұндай тағамдар үлкен қалаларда көбірек сұранысқа ие. Себебі ондай жердің тұрғындары жұмысбасты, уақыты аз. Сол себепті тез әзірленетін тағамды тұтынғанды жөн көреді. Ал бізде бәрі басқаша. Арасында бір сағынған сәтте, қалтаң томпайғанда қалалық тамақтан тойып тұрып дәм татқың келеді. Бұрындары донер таппай бас сауғалайтын аудан тұрғындары, қазір әр жерде орналасқан фаст-фуд өнімдерін таңдап жүріп тапсырыс бере алады. Соның бірі – жас кәсіпкер Данияр Әбдіразақтың тез әзірленетін тағамдар кафесі.
Кейіпкеріміз қазіргі таңда осы кәсіпті айналдырып отыр. Шығу тегі шығыс елдеріне тән тағамды даярлатып, сату арқылы өз бизнесін жүргізу оның ойында студенттік шақтан бері болған екен. Талапты жас оқу бітірген соң Қазалыға келіп түрлі кәсіпті жан-жақты зерделей бастайды. Солай инвестор арқылы «Анкараның» кірпіші қаланып, халыққа қызмет көрсетуге кіріседі. Одан кейін өз қаражаты есебінен біраз өзгертулер енгізіп, көкжиегін кеңейтіп, аудан орталығынан екінші нүкте ашады.
– Ақтөбе қаласында оқуда жүргенімде «Анкара» атауымен дәмді ас әзірлейтін жер болды. Дәл сол атаумен, дәл сол дәммен өз жерімізде ашуды мақсат еттім. Бастапқыда оңай болмады. Кәсіп болған соң бір сүрінесің, бір құлайсың, бір тұрасың. Бірақ әр қиындықтың артында жақсы күндердің келетінін ұмытпау керек. Әр орынның өз тұтынушысы болады. Сол үшін мен де жастайымнан өзімнің ісімді қолға алдым. Ең алғаш ашылған кезде тұтынушылар бірте-бірте жинала бастады. Қазір өзіміздің тұрақты сатып алушыларымыз бар. Ас мәзірінде донер, батонер, тантуни, қытырлақ тауық қанаттары, пицца, жапондық сушидің түрлері бар. Сондай-ақ үйге жеткізу арқылы да жұмыс істейміз, – дейді жас кәсіпкер.
Иә, дәмді тағамның қай кезде де тұтынушылары табылатыны сөзсіз. Десе де тұрақты сатып алушыны ұстап қалу, күн сайынғы сатылатын өнім санын көбейту оңай жұмыс емес. Кәсіпкердің айтуынша, күніне 250-300-ге жуық тапсырыс қабылданады екен. 15 шақты адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Тұрғындарға арнап түрлі акцияларды жиі жасап тұрады. Қайырымды істерден де құр қалған емес.
Қазір әлеуметтік желілердің дамыған уақыты емес пе? Анкараның инстаграм парақшасында да оқырман саны көп. Күнделікті қызықты видеолар жүктеп, тұрғындар арасында қызықты контенттер жасалынып тұрады. Әрине, «Анкара» десе елең ететін тұрғындар 11.00-ден бастап түнгі 02.00-ге дейін қалаған асынан дәм тата алады.
– Бастысы – сапа, тиімді баға. Әр дайындаған сайын тағамға салынатын өнімдердің мөлшерінің бірдей болуын қадағалаймыз. Себебі халыққа ұсынып отырғандықтан өнім олардың көңілінен шығуы керек. Фаст-фуд болғандықтан тез дайындалады, бірақ бұл тағамның сапасына ешқандай әсер етпеуі керек. Қазір жұмыс жоқ деп ата-анасының мойнында отырып, отбасына әбден масыл болған кей азаматтарды көріп қапаланамын. Аяқ-қолы сау, денсаулығы бар. Бірақ соны тиімді пайдалана алмайды. Екі қолына күрек ұстауды да ұмытып жатқандай. Уақыт жылдам. Әне-міне дегенше 30, 40 тіпті 50-ден асқаныңды байқамай қаласың. Сол кезде бар арманыңның орындалуына уақыт жеткіліксіз болады. Жоспар құрып, мақсат қойып, соған лайықты қарекет ету керек. Сабырлық пен төзімділікті қатар ұстап, тәуекел етсең барлық қиындықты еңсере аласың, – дейді Данияр Асқарұлы.
Жас кәсіпкер алдағы уақытта бизнесін кеңейтуді көздейді. Бұйырса үлкен қылып ресторан ашуды, ойын-сауық орталығы мен демалыс кешендерін ашуды жоспарлауда. Ал «Анкараға» тапсырыс беріп, тағамдарын тұтынып жүрген тұрғындар оған дән риза. Жылдам әрі дәмді мәзірге алғысын айтып, кәсібіне береке тілеуде. Біз де жас талапқа арманының аласарма­уын тіледік.
Әрбір қазақстандық азамат «жұмыссыз жүруге неге құмармыз?» деп терең ойлануы тиіс. Көштен алға озып кеткен 30 елдің қай-қайсысына қарасаңыз да бәсекелестік қабілет нықталған. Еңбектен қашпайды. Керісінше оза шауып, төске өрлеген сайын өршелене жұмыс істейді. Біз ше, одан кембіз бе?
Айнұр ӘЛИ
27 шілде 2024 ж. 1 652 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031