Бас ғимарат бітуге жақын
Экономиканың негiзгi iргетасы саналатын құрылыс индустриясы арқылы сол заманның бейнесі көз алдыңа оралады. Мемлекеттің қозғаушы күш-қуаты мен әлеуметтiк тұрақтылығы көрініс табатын сала – отандық құрылыс қарқыны мемлекет басшысының қолдауымен кеңінен қанат жайып, еліміздің түкпір-түкпірінде өз көрінісін беріп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар Қазалы ауданында да жыл санап артуда. Соның бірегейі – аудандық әкімшілік ғимараты.
Жалпы құрылыс алаңының аумағы 2 гектар, ғимарат көлемі 4169 шаршы метрді құрайтын негізгі нысан басындағы жұмыс бүгінгі таңда қызу да қарқынды жүргізілуде. Тендерде жеңімпаз болып танылған қызылордалық «Промстройсервис-Е» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Өткен жылдың соңында іргетасы қаланаған құрылыс нысанының қазіргі жай-күйі аудан тұрғындары мен қонақтарының таңданысын туғызуда. Оған себеп те жоқ емес. Тәжірибелері толысқан, еліміздегі таңдаулы сәулетті орындарды салуға қатысып жүрген компания өн бойы бетоннан қаланған бірегей нысанның жауапкершілігін саналарына терең сіңірген.
Тәжірибелі маман, учаске бастығы Әбет Аманбаев құрылыс басындағы жүзге жуық адамның тынымсыз тер төгіп жүргендігін жеткізді. Олардың қатарында түрлі салаға қатысты жұмысшы-мамандар бар. Қуаныштысы, солардың жетпісі – қазалылық. Учаске бастығының айтуынша, жергілікті құрылысшылар өнімділікті арттырып, туған жерінің түлеуіне ерекше қарқынмен атсалысып келеді.
Табанды еңбегімен танылып жүрген Амантай Байқабылов жетекшілік ететін бригададағы тас қалаушы Базар Нағашыбай, Ғалымжан Ізбасар, Оңдасын Хайрулланың туралық және дәлдікпен өрген өрнекті қабырғаларын көріп, көңіліміз сүйсінді. Беттерін күн қақтаған Самал Байтұрғанов, Қалдыбек Алжанбаев, Берік Әлекеев, Айбек Әбіл сынды сылақшылар ауа райының ыстығы сылақтың дұрыс шығуына көп көмегін тигізетінін атап өтті. Темірден түйін түйген дәнекерлеуші Иван Шамин мен Русланбек Сейтәлиевтің тыңғылықты тірлігіне мұндағылар дән разы. Білек қолды бетоншы Салғадин Қарғабаевтың да жеделдікті жаны қалайтын жан екенін ісінен ұғындық.
Қазір кеңсе ғимаратының үш қабаты бетондалып, металл конструктормен қамтылған. Ауқымды бөлігі сыланған. Су, кәріз, телефон желісі толығымен тартылған. Енді газдандыру, жылу жеткізу жұмыстары жүргізілу үстінде. Барлық күш ішкі жөндеуге жұмылдырылуда.
Мердігер межелеген жоспар – нысанды сапалы салып, уақытында пайдалануға беру. Оған кедергі жоқ. Құрылысқа қажетті материалдар түгелімен жеткен. Қауіпсіздік шаралары сақталған. Аудан ажарының айшықталуына атсалысқан құрылысшылар да өз қолтаңбалары – әкімшілік үйінің әдемі ғимарат қана емес, ел игілігіне қызмет етеріне бек сенімді.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА