Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастары бар жалынды, алымды һәм қарымды

Жастары бар жалынды, алымды һәм қарымды

Ауданда жастарға арналған ілкімді шаралар жүзеге асырылуда. Соның бірі – осыдан үш жыл бұрын бастау алған «Жастар керуені» жобасы. Биыл да аудан әкімдігінің қолдауымен жалғасын тапқан бұл шара шеңберінде ауданға қарасты елді мекендердегі жастар қауымымен кездесу өткізілуде. Тіпті еркін пікір алмасу алаңы құрылып, жастар көкейде жүрген сауалдарын мамандарға жолдап, тиісінше жауап алуда.

Әр апта сайын ауыл мен аудан жастарын біріктіретін бірегей жоба 21 бағыт бойынша жолға аттанады. Нақтырақ айтсақ, Қазалы қаласы, Әйтеке би кенті, Қызылқұм, Тасарық, Бозкөл, Аранды, Бірлік, Өркендеу, Алға, Ақжона, Майдакөл, Арықбалық, Көларық, Сарыкөл, Басықара, Құмжиек, Қарашеңгел, Ғ.Мұратбаев, Майлыбас, Шәкен, Сарыбұлақ, ауылдық округтеріне арнайы ат басын бұрып, ондағы қауымды қоғам өміріне белсене араласуға үндейді.
Біз білсек, бүгінге дейін «Жас­тар керуені» бірнеше ауылды аралап, жас­тармен түрлі жиын өткізіп үлгерген. Аудандық жас­тар орталығы мамандары ұсынған мәліметке сүйенсек, маусым айының бел ортасында бастау алған жоба аясында 9 елді мекенге аялдап, ауыл жастарымен жайдарлы жүздесу өткізілген.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бекітіл­ген кестеге сәйкес аталған көш өз жұмысын Бозкөл ауылдық округінен бастаған. Мақсатты топ мұнда жеткен соң, әуелі жастардың қатысуымен көңілді шаралар ұйымдастырды. Келісті келіндер өзара сайысып, ал ауыл жас­тарынан құралған командалар доп додасында бақ сынады. Одан кейін мемлекеттік қолдаулар мен бағдарламалар туралы толыққанды ақпарат берді. Сала мамандары жастарды уақытты ұтымды пайдалануға және жаңа тың жобаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырды. Шараның келесі кезеңі аудан және ауыл өнерпаздарының гала концертімен жалғасып, соңы жастардың би ке­шіне ұласты.
– «Жастар керуені» биыл үшінші жыл жүзеге асырылуда. Жоба аясында өткізіліп жатқан шаралардың жастардың жұмыспен қамтылуына, жеке кәсіп ашуына және баспаналы болуына септігі тиетініне сенімім мол. Өйткені жобаның басым бөлігі жастарды әлеуметтендіруге бағытталып отыр. Осы бағытта аймақ жастарына түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, оларды қолдауға, сондай-ақ мол мүмкіндіктер ұсынатын мемлекеттік бағларламаларды насихаттау және өзекті мәселелер бойынша сала мамандарының қатысуымен ақ­парат­тық-әдістемелік көмек көр­сетеміз, – дейді орталық директоры Нұрбек Ақпанбетов.
Керуеннің кезекті көші Ғани Мұратбаев ауылдық округіне аялдады. Мұнда да керуен мүшелері ауыл тұрғындарымен келелі кездесу өткізіп, жастарға қолдау көрсететін мемлекеттік бағдарламалардың негізгі тетіктері мен тиім­ділігін түсіндірді. Кездесу соңы гала концертпен жалғасып, ауыл және аудан өнерпаздары кешке жиналған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Араға аз уақыт салып керуен Тасарық ауылдық округіне сапарлады. Әдеттегідей келіндер сайысымен, кеңес беру сағаты сәтті өткізілді. Кездесуден кейінгі концертте өнер көрсеткен жастар ауыл аспанын әнге бөледі.
Ал Аранды ауылдық округіне табан тіреген көш ауыл жастарымен өтетін күнді жақсы жоспарлағанға ұқсайды. Мұнда келісі­мен-ақ керуен мүшелерінің жастармен кездесуге асық­қандығы соны аңғартты. Онысын жергілікті жастарды жарқын жобаларға қатыстырып, жетістікке жетелесек деген ниеті болар деп ұғындық. Расында, бұл жобаның түпкі мақсаты да осы. Жастарды жігерлендіріп, табысты болуға талпындыру. Мұны ауыл жастары да жақсы түйсінгендей. Бұлай деуімізге себеп: «керуен келді» дегеннен кеңес алуға ағылған жастардың қарасы аз болмады. Дұрыс ақпарат алып, діттегеніне қол жеткізуді ойлаған жастардың көптігі көңіл қуантты.
Кәукейде өткен кезекті жастар керуені де көптің көңілінен шыққандай. Жастар мәре-сәре күй кешті. Ауыл жастары жоба аясындағы шараларға белсене қатысып, спорттық сайыстарда бақ сынады. Алаңға жиналған жұртшылық өнерпаздардың әдемі қойылымын тамашалап, кешкілік поэзиямен сусындады. Ауыл аспанын ән мен күйге бөлеген концерт соңы от-шашумен аяқталды.
Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету және кәсіпкерлікті дамыту, жастардың сұранысындағы қажеттіліктерді қамтамасыз етіп, олардың уақытын ұтымды өткізуді мақсат тұтқан топ Өркендеу ауылына келіп тоқтады. Ашық аспан астында ауыл жастарымен кездесу ұйымдастырылып, кеңес беру шарасы өтті. Кездесу барысында жұмыспен қамту, тұрғын үй және кәсіпкерлік бойынша мемлекеттік бағдарламалар туралы маңызды мағлұматтар берілді. Содан кейін Қашқынбай Нысанов, Байтөре Дәметкен сынды жергілікті жерден шыққан тұлғалардың өмірі мен еңбек жолын ауыл жастарына үлгі ету мақсатында «Еңбектен тапқан бақытын» атты танымдық конференция өтті. Одан соң әдеттегідей жарқын жүздесу ауыл жастары дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасты. Ұлттық ойындар ұлықталып, ауыл жастарынан құралған командалар өзара тартысып, әдемі ойын өрнегін көрсетті.
Жоспарлы түрде әр ауылға бет түзейтін жастар көшінің кезекті тұрағы Түктібаев ауылдық округі болды. Мұнда аудандық жастар ресурстық орталығы және өзге де сала мамандары ауыл жұртшылығымен, атап айтқанда жас­тармен жүздесу ұйымдастырды. Тұрғындарды толғандырған сауалдарға мамандар тұщымды әрі толыққанды жауап беруге тырысты. Одан соң ауылдың жалынды жастары кездесу соңын көпшілікке арналған концертпен жалғап, керуеннің көркін әрлендіре түсті.
Барлық жастың басын қосатын кезекті көш Бірлік ауылына да жетті. Керуенмен келген қонақтар әуелі ауылдың тыныс-тіршілігіне қанықты. Кейін мұнда бет түзеуінің себебін баяндап, жастардың үніне құлақ түруге келгендігін тілге тиек етті. Содан соң керуен құрамы мемлекеттік бағдарламалардың әлеуеті мен елімізде жүргізіліп жатқан тың бастамаларды жастарға түсіндіріп берді. Ал жастар өз кезегінде сала мамандарына көкейдегі сауалдарын қойып, тұщымды жауап алды.
– Шыны керек, «Жастар керуені» жайында қаңқу әңгіме әлі де азаяр емес. Көңіл көтеруге арналған шаралар онсыз да көп емес пе дегенді де құлағымыз шалып жүр. Меніңше, бұл жұртшылықтың әлі де болса жобаның мақсатын жете түсінбеуінен. «Жастар керуені» жобасын жас­тар арасында туындап жатқан түрлі мәселелерді шешудің, сондай-ақ олармен еркін пікір алмасу алаңын құрып, олардың ойымен санасудың бір формасы деп қарау керек. Өйткені осы үш жыл ішінде жоба аясында біршама мәселе шешімін тауып, бірқатар түйін тарқатылды. Оған өздеріңіз де куәсіздер. Жастар қаузаған сан сауалдың арқасында кей ауылдарда бұқаралық спортты дамытуға бағытталған ойын алаңдары бой көтерді. Мәдени ошақтардың жұмысы жанданып, жүйелі жемісін беруде. Біршама жас ақпараттық қолдаудың арқасында өз кәсібін бастап, несібесін арттырып отыр. Осының бәрі керуен қызметінің келісті болғанын көрсетеді. Әрине, бұл жобаны тек кеңес беру шарасы деп түсінетіндер де аз емес. Бірақ бұның ауқымы одан да кең дер едім. Жастар керуенін рухани құндылықтар мен мемлекеттік бағдарламаларды насихаттаудың инновациялық жобасы десек әбден жарасады, – дейді аудандық жастар орталығының директоры Нұрбек Ақпанбетов.
Жас буынды мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың тиімділігі туралы тереңірек хабардар ету үшін жолға шыққан керуен Ақжона ауылдық округіне бағыт алды. Ақпараттық-насихат жұмысын жандандыруға ерекше ден қойған мақсатты топ ең алдымен жастармен жүздесті. Олар тарапынан туындаған жеке кәсіпкерлікпен шұғылдану, тұрғын үйге қол жеткізу, сондай-ақ сапалы білім алуға қатысты сауалдарына тұщымды жауаптар берді. Келелі жайттар қозғалған кездесу концертке ұласып, ауыл жастары көңіл көтерді.
Майдакөл ауылына маңдай түзеген кезекті көш керуен ауылда тұратын қыз-жігіттерге барынша қолдау көрсету үшін мемлекет тарапынан жасалып жатқан түрлі бағдарламалар жайлы тарқатып айтып берді. Кейін елді мекенде мәдени-сауықтыру сипатындағы шаралар ұйымдастырылып, оған ауыл жастары белсене қатысты. Нақтырақ айтсақ, әскери-патриоттық тәрбие қалыптастыру мақсатында «Отанды қорғау – абыройлы міндет» тақырыбында ауыл жастарымен жүздесу, сондай-ақ дәстүрлі ұлттық ойындар мен футболдан тартысты жарыс өтті.
«Жастар керуені» жобасы жастарға үлкен серпін берері сөзсіз. Тек ақпараттық қолдау көрсетуге асыққан керуеннен жастар қалыс қалмағаны абзал.
Айта кетейік, бүгінге дейін «Жастар керуені» 9 елді мекенді аралап, жастармен жүздесіп қайтты. Алда әлі бірнеше ауыл бар. «Жастардан – жастарға» деген ұранмен алыста жатқан ауыл жастарына бағыт алған көш керуен көрікті болсын дегіміз келеді.

Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
13 шілде 2024 ж. 229 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031