Жастар керуені Абай ауылында жалғасын тапты
Қазалы ауданы әкімдігінің қолдауымен дәстүрге айналып келе жатқан "Жастар керуені" жобасы Абай ауылында жалғасты.
Аудан жастарын оның ішінде ауыл жастарын әр қырынан шыңдап, олардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында өткізіліп келе жатқан аталмыш шараға жастардан бөлек ауыл тұрғындары да белсене атсалысты.
Шара барысында отбасылық құндылықтар дәріптеле түсетін "Әкеге құрмет" атты танымдық конференция өтіп "Мен тұратын киелі көше" атты ауылдағы әрбір көше тұрғындары бір-бірімен спорттық сайысқа түсіп, жастар ұлттық спорттың да түрлерінен бақ сынады.
Тағылымды шара кешкілік Абай ауылдық клубының алдында түрлі сала мамандарының қатысуымен ауыл тұрғындарына мемлекеттік бағдарламаларды кеңінен түсіндіру, кәсіп ашу, жұмыссыздық мәселесі жайында арнайы кеңес берумен жалғасын тапты. Сондай-ақ шара гала концертке ұласып, аудан өнерпаздары жиылғандарға ән мен биден шашу шашып көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Мерекеге айналған бұл кешке аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов пен аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Қайрат Әбубәкірұлы арнайы келіп, шара аясында ұйымдастырылған сайыстардың жеңімпаздарын марапаттап, ізгі тілектерін жеткізді.
Мұнымен қоса шара соңында әдеттегідей ауыл жастары ашық аспан астында бас қосып, түрлі ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат