Қос тойың қабат болсын, қазағым!
Бейсенбіде аудандық оқушылар үйінің төрінде қос мереке – бас қаламыз Астана мен ұлттық мұрамыз домбыра күні аталып өтті. Мерекелік шара жүздеген домбырашының Құрманғазы Сағырбайұлының «Адай» күйін орындауымен ашылды.
Әрі қарай ұлттық киім киген балғындар мың бұрала қазақша би биледі. Кереметтей кештің алғы сөзін аудан әкімі Мейрамбек Зинабдинұлы алып, сахна төріне шығып тұрғындарға жүрекжарды лебізін білдірді.
– Құрметті аудан тұрғындары! Сіздерді қос мерекеміз Елордасы Астана және ұлттық құндылығымыз домбыра күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Астана – бірлік пен берекенің, Отанымыздың телегей табыстарының символы, Қазақстан халқы қол жеткізе алатын шексіз мүмкіндіктердің үлгісі.
Астана Тәуелсіз Қазақстанды әлемге танытты. Мұнда әлемдік көшбасшылардың кездесулері, аса өзекті саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени мәселелер бойынша жоғары деңгейдегі халықаралық іс-шаралар өткізіліп келеді. Ол Еуразияның кіндік қаласына – елдердің орнықты даму жолдарын айқындап, халықтар арасындағы сенім мен өзара түсіністікті нығайту тетіктері қарастырылатын ортаға айналды.
Сонымен қатар ұлттық мұрамызды ұлықтайтын домбыра күні жайында да көп айтуға болады. Домбыра – қазақ халқының өте ерте және кең тараған, нағыз табиғи ұлттық музыкалық аспабы. Домбыра – қазақтың киесі, қасиеті, қазынасы. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» – деп Жұбан Молдағалиев ақын айтқандай, домбыра десе «қазақ халқының» тарихы көрінгендей болады.
Ұлттық домбыра күні – Рухани жаңғырудың әдемі көрінісі. Баршаңызды тағы да Ұлттық Домбыра күнімен құттықтай отырып, бақытты да баянды өмір, зор денсаулық, жемісті еңбек, шаңырақтарыңызға шаттық пен қуаныш, құт-береке тілеймін, – деді аудан басшысы М.Шермағанбет.
Мұнан соң «Туған өлке – тұнған өнер» атты өнер фестивалінің қатысушылары аудан әкімінің қолынан әртүрлі номинациялар бойынша марапат алды.
Әрі қарай мерекелік шара қыза түсіп, мәденеит майталманы Кемеңгер Өтеп бастаған «Сейхун» этно-рок ансамблі «Жұмыр қылыш» және топтың солисті Жамболат Өмірзақтың орындауында «Мен қазақпын!» әндерін орындап, жиналған жұрттың ыстық ықыласына бөленді.
Бұдан кейін мәдениет орталығы жанынан құралған бишілер тобы «Хорезми» биін билесе, әр ауылдық округтың клуб өнерпаздары топтық және жекелей әндер шырқады. Жұртшылық концерттік бағдарламаға риза болып, қошеметін жаудырды.
Мерекелік шараны тамашалауға немересін ерте келген Бағила әжей де барша өнерпаздарға және ұйымдастырушыларға төл өнерімізді, аспабымызды құрметтеп осынау кеш ұйымдастырғаны үшін алғысын жеткізді.
– Сіздерді Ұлттық домбыра күнімен шын жүректен құттықтаймын!
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде «Көне дәуірден жеткен бұл аспап халқымыздың болмыс-бітімін, салт-дәстүрі мен мәдениетін айшықтайды. Рухымызды көтеріп, мерейімізді өсірген қара домбыра асыл мұрамызға, ұлттың символына айналды. Біз оны жан-жақты дәріптей береміз», – деп атап өтті.
Киелі аспап ұлттық тәрбиенің негізін қалап, адамгершілік қасиеттерге тәрбиелейді.
Жастар арасында қос ішекте ойнайтын таланттар саны артқан сайын мәдениет пен өнеріміз дамып, халықтың рухани келбеті қалыптасады. Кештің ашылуында күмбірлете күй ойнаған бір топ жас соған дәлел болса керек. Ендеше ғасырлар қойнауынан жеткен күй шежірелеріміз бен ән-аманатымыз үзілмей, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсін. Осынау мерекемізді жоғары деңгейде өткізіп жатқан арда азаматтарға Алла зор денсаулық берсін, – деді кент тұрғыны Бағила Матығұлова.
Серік АҚМЫРЗА