МҰХИТ АСУ: мүмкіндік һәм мұң
Келімсек дегенде ала дорба асып, үй-үйді аралап, алақан жаятын диуаналар көз алдына келетін қазаққа бұл ұғым бүгін бөтен емес. Одақ іргесі ыдырып, Тәуелсіздік еншіге тигеннен бері сең бұзылды, ауқым кеңіді. Қазақстандықтар әлемнің өзге жеріне барып, білім алды, біліктілігін арттырды. Бұл бұрын шекараның арғы жағында айдың арғы жағындай қандай тұрмыс барына болжайтындардың арманын іске асырған алғашқылар бүгінгі еңбек етемін дегендер үшін жол ашты. Алысқа барып, арбалаймын деушілерге қазір мүмкіндік мол. Елге келіп, кәсіпкерлік көкжиегін кеңітіп жатқандар бар, «Бәлен жерде пайда бар» деп, қарызға батқандар да аз емес. Ұтқанымыз қайсы, ұтылған тұсымыз ше? Сараптауға тырыстық.
Жұмысшы қонақтар
Адам баласының жылдар бойғы ізденіс, даму, ұмтылысы жаңа өзгерістер мен көптеген күш-қуатты қажет етті. Тоқтаусыз қоғамдық үдеріс еңбек миграциясын қалыптастырды. Халықаралық жұмыс күшiнiң көшi-қон қозғалысы сол кездерден бері маңыздылығын жоғалтпады.
Бүгінде өз елінде жұмыс таба алмағандар алыс-жақын шет елдерге барып, нәпақасын айыратын жағдай көпке таныс. Тақырып сөз болғанда, «гастарбайтер» деген ұғым қоса айтылады. Ұғым немістің «гастар» – «қонақ», «байтер» – «жұмысшы» деген ұғымынан біріккен. Яғни уақытша жұмыс істеуге барған азаматқа айтылатын балама.
БҰҰ-ның мәліметі әлемдегі мигранттар санының 250 миллионнан асқанын көрсетеді. Жұмыс іздеушілердің таңдауы ең көп түсетін ел – АҚШ. Штаттарда 50 миллиондай мигрант тіршілік етеді. Екінші орынға жайғасқан Ресейдегі саяси жағдайға байланысты мигранттар саны соңғы жылдары азайған. Жұмысшы қонақтарды көп қабылдайтындар қатарында Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері Германия, Ұлыбритания, Польша, Оңтүстік Корея, Түркия бар. Қазақстан да Орталық Азиядағы мигранттар паналайтын жайлы мекен деп танылған.
Гастарбайтерлер өнімді, арзан жұмыс күші. Екіншіден, олардың табыстарынан түскен аударымдардың ел қаржысына қосар үлесі қомақты. Мәселен, Қазақстан ұлттық банкі 2020 жылғы елден сыртқа бағытталған ақша аударымдарының артуын карантиндік жағдайға байланысты елде қалып қойған еңбек мигранттарымен байланыстырған.
Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің мәліметіне зер салсақ, өткен жылы 194 мың қазақстандық шекара асқан. Оның 15 мыңы көшіп кеткен. Ал 2024 жылдың 5 айында ықылас білдіргендер өткен жылмен салыстырғанда, арта түскен.
Жастардың шет ел асуының себептері туралы зерттеген Ирина Черных және Рустам Бурнашев өзге мемлекетте оқыған, біліктілігін жоғарылатқан 50 жас маманнан сауалнама жүргізіп, төмендегі факторларды анықтаған.
Алғашқысы, Қазақстандағы әлеуметтік жағдай. Баспана «бас ауру». Табыс пен тұрмыстың сәйкессіздігі. Кредиттер үстемесінің көптігі. Коммуналдық шығынның қымбаттығы.
Екінші себепке саяси тұрақсыздық түрткі болған. Ресейдегі соғыс, ел ішіндегі жағдайлар, көрші елдермен қарым-қатынас.
Жастардың елге кетуінің тағы біріне барған елдердің мигранттарды шақыру бойынша жүргізіп жатқан саясаты себеп болған.
Анкетаға қатысушылар сыбайластық, бағаламау, қаржының төмендігі, өрістеудің баяулығын да алға тартқан.
Өмірі өрісті, жұмысы жемісті
– Көршілес Ресейде табиғи шырын дайындайтын цехта жұмыс істедім. Жұмыс ауыр, жалақысы да лайықты деп сендік. Дегенмен еңбегімізді бағаламай, ақымызды сұрасақ, заңсыз жүргенімізді айтып, көші-қон полициясына хабарласып, үстімізге ақы іліп жіберетіннін айтып, қорқытты. Амалсыз кері қайтуымызға тура келді. Хабарласып, шаршадым. Ақша да кетті, уақыт та кетті, – дейді Бақытбек Есенов.
Өзін қазақты жақсы көретін патриоттың бірі санайтын Жасұлан Айтөреев – жоғары техникалық білімімі бар маман. Елде үш жылда алған жалақысы 200 мыңға жетпеген. Пәтерақы, жолақы, отбасылық басқа шығындар титықтатқан жас отбасы тәуекел етіп, таныстары арқылы Африкаға жол тартқан. Қазір ыстық материкте 4 жылды артқа тастаған жұбайлар тұрақты жұмысқа құжат тапсырып қойған. Болашақта Қазақстанға қайтатын ойы бар. Бірақ он жылдықта жүзеге аспайды-ау деп қауіптенеді.
«Өмірі өрісті, жұмысы жемісті болса, адамның алысқа кетіп не бар? Қазақстан қанашама өндіруші күш, заман тұтқасы болар жалынды жастан айырылып жатыр. Күші мен ақылын замандастарым өзге елге сарп етуде. Билік басындағылар осы турлы ойланса екен», – дейді ол.
Қарқын тоқтамаса, қауіп
– Қазақ – көшпелі халық. Десе де атақонысын тастамаған. Түсінемін, сананы тұрмыс билеген тұста, қарекет ету – қамның қарымтасы. Бірақ қарқын тоқтамаса, елдегі адам капиталына айтарлықтай шығын әкеліп, маман тапшылығын тудыруы бек мүмкін.
Жыл басынан бері елімізден АҚШ-қа грин-кардқа (green card) 2500-ден аса адам құжат тапсырған. Құжат мақұлданса, қандастарымыз шетел асып, жұмысқа кетпек. Заңсыз кетіп жатқандар қаншама... Ниет етіп жүргендерді қосыңыз», – дейді статист Мақұлбек Ережеп.
Мұхит асуды мүмкіндікке санайтындар көбейіп келеді. Жайлы өмірді көксеген жасөспірім, желкілдеген жастар ғана емес, орта жастағылар мен үлкендердердің де көзқарасы оң.
«Балам Англияда маусымдық жұмыс істеп жүр. Ақша жіберіп тұрады. Әйелім екеуіміз де жұмыс істейміз. Балам: «Шаршадыңыздар, енді өзім бағамын. Жұмысты қойыңыздар», – дейді. Жақында қажылыққа барып қайттық. Өзі қаласа, неге қарсы шығуымыз керек. Ұлымның ісіне мақтанамын», – дейді қазалылық Әбілғазы Тұрысбек.
Жазира есімді қандасымыз 2018 жылы АҚШ-қа, Чехия, Англияға барамын деп қыруар қаржыдан қағылғанын айтады. Шетелге оңай жол деген желеумен заңсыздыққа барып, онсыз да күйін күйттей алмай жүргендерді сызға отырғызғанға тоқтам қойылса да, тоқтар емес.
Қазір Техаста уақытша тұрып жатқан ол блогында осыдан 5 жыл бұрын ваканция көп болғанынымен, қазір қиын екендігін айтады. Мәселеге еңбек миграттарынан «Work authorization» картасын талап ету жайы қолданысқа енгендігі басты себеп болған. Сондай-ақ АҚШ-та бүгінгі таңда арзан жұмыс күші мексикалықтар болып тұрғанын да жеткізді.
Біріккен араб әмірліктерінде жұмыс істеп жүрген Күнсұлу Әбдікерімқызы жергілікті жұрттың туристер мен миграттарға «екінші сұрыпты адамдар» деп қарайтын көзқарастары қынжылтатынын айтады. Кореяда күн кешіп, келешегін кемелді етемін деген Кемел Серік (аты өзгертілді) заңсыз жұмысқа тұрып, нәтижесінде депортацияланған. Оңтүстік Кореяға кіретін мүмкіндігінен айырылған.
Қазақтандықтардың Оңтүстік Кореяға заңды түрде жұмыс істеуі бағытында екі ел тарапынан көтеріліп жатқан бастамашылық орынды екендігі атап өтті. Өз ісіне өкінген кейіпкеріміз, қандастардың көбі саяси сауатсыздық пен білімсіздік салдарынан ұрынатынын айтты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитеті хабарлағандай, Түркия, БАӘ және тағы басқа елдермен де ол жақта жүрген жерлестеріміздің жағдайына бойлап, еңбек құқықтарын қорғайтын жаңа келісімде жасалып жатқаны жанды жадыратты.
Заң саласының маманы, туристік компания қызметкері Жансерік Шеріннің талаптанған жандарға айтары бар.
«Қазір «виза алып беремін» деп, елдің қалтасын қағып жүрген алаяқтар көп. Жалған жарнама, арбаған сөзге алданбау үшін қолма-қол ақша берерде, қолма-қол фискальді чек талап етіңіз.
Екіншіден, ешқашан «Каспий голдқа» ақша аудармаңыз. Ол аударымның заңды күші жоқ, ешкімге дәлелдей алмайсыз», – дейді.
Өздері ұсынған қызметке кіретін Польшаға барғысы келетін азаматтарға қойылатын талаптар туралы сұрап-білдік. «18-55 жас аралығында болуы керек. Соттылығы болса, наркологиялық, психикалық тіркеуде, кредит төлеуден «қара тізімде» тұрса, виза алуда кедергі болады. Соңғысы, денсаулығы мықты болуы шарт», – дейді.
Өткен жылы шалғайдан ізгілік іздеп барып, құрбандық құлына айналған Дилмұрат Садиров пен Арай Түсіпжановтың Нигериядағы адам төзгісіз өмірі, Иракта қамалған қазақтар қасіреті, БАӘ-дегі Аяжан есімді аруымыздың қайғылы қазасын қазақ жұрты ұмытқан жоқ. Бұл санаттағы санаулылар, сансызы қандай сергелдеңде жүр?
Қазақстан аумағынан 22 681 шетел азаматы нәпақасын тауып жүр. 2024 жылдың сәуір айында халықаралық ақша аударымдары 67,8 млрд теңгені көрсеткен. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, өткен жылдың бірінші тоқсанында 195 мыңнан аста отандасымыз шекара асқан. Жыл басынан бері 16 мыңнан астам қандасымыз көшті жалғаған. Қызылорда облысы бойынша соңғы 5 жылда шет елге кеткен 17 адам ғана тіркелген. Бұл реси ақпар. Бейресми деректі ҚР Сыртқы істер министрлігі де, көші-қон комиетті де, статистика саласы мамандары да бере алмайды. Тақырып аясында өзге елден жұмыс тапқан қазалылылық 6 адамның отбасымен кездестік. Енді санамалап көріңіз....
Түйін: Алыс-жақын қазақтың атақоныстан көбі қаңғып жүргенін жайына аз-кем бойладық. Жақындарының шет елге кетуі, үлкен қалаларға кеткендей қалыпты жағдай деп қабылдайтын жұртшылық олардың қауіпсіздігі мен қиыныдығына зер салмайтын жайға жеткенін ойладық. Тірлігін тіктеймін деп қатарынан озғандар да, талабы мен тауы шағылып, тозғандар да барына қамықтық. «Көзден кетсе, көңілден кетеді» деп мұндағы жағдайдан көштегілер құр қаламаса етті деп жабықтық. Елден кеткендердің оғландары өзге жерді отаным деп қабылдап, өз мекенін өгейсімесіне кім кепіл дестік. Жадағай жағдайды сылтау етіп, жерұйық іздеуде жерлестеріміз жаңылмаса етті деген алаң кештік.
Шынар АҚНИЕТ