Қазақ анимациясы бәсекеге қабілетсіз бе?
Әпкем баласын үйге әкеп тастаған еді. Жыламауы үшін барлығын жасап жатырмыз. Содан не керек, үлкен теледидар экранынан қызықты болсын деп «Қошқар мен текені» қостым. Бала болса «көрмеймінге» салып шетелдің Ютуб арналарын қостырды. Кіп-кішкентай балалардың блогын көріп, әйтеуір тынышталды. Не түйдік?
Ауылдың мамыражай кеші. Әр үйдің алдында топ-топ болып жиналып, әңгіме дүкен құрған әжелер. Күннің батқанын аңғармай доп теуіп қуаласқан балалардың дауысы. Иә, бұл менің өткен балалық шағым. Ал қазір ше? Ауылдың иісін аңсап сағынышпен жол тарттым. Көне үй, шаңы бұрқыраған көше, ескі мектеп қабырғасы бәрі-бәрі орнында. Бірақ көшеде тірі жан көрінбейді. Бұрыңғыдай қуаныш, шаттық жоқ. Себебі, қазіргі жаһандану заманындағы ғаламтор, көгілдір экран мен алуан түрлі фильмдер ересектерді ғана емес, балаларымызды да «жаулап» алды.
Бүлдіршіннің теледидардан көріп тамашалайтын туындыларының басым бөлігі – мультфильмдер. Ал сол көріп жүрген батыстық мультфильмнің балаңыздың денсаулығына, психикасына, ұлттық болмысына қандай әсерін тигізетінін білесіз бе? Американдық зерттеушілер теледидар көрермендерінің басым бөлігі балалар мен жасөспірімдер екенін дәделдеген. Олардың пікіріне назар аударсақ, әр бала шамамен өз уақытының 30 пайызын экран алдында өткізеді екен. Осыған орай зерттеушілер баланың мектепке барғанша 5 мың сағат, мектеп бітіргенге дейін 19 мың сағат теледидар алдында отыратынын да дәлелдеген. Сонымен қатар, шамамен балаларымыз күніне 17 өлім, 37 мейірімсіздікке толы көріністерді көреді екен. Осыдан-ақ өз балаңыздың дүниетанымы мен жүйке жүйесінің қалыптасуына теледидардың қаншалықты әсер етіп жатқанын аңғаруға болады.
Баланың сана-сезімін, бүтін психологиясын не адам емес, не құбыжық емес бейнелер жаулап алған. Ал оған тосқауыл боларлық деңгейдегі ұлттық өнімдеріміз жоқтың қасы. Қай үйдің баласы болмасын үстіне жамылғыны жауып алып «Супермен», қолына қылыш ұстап «Тасбақа-ниндзя», тағы бірі – «Өрмекші адам» болып тыным таппайды. Жаһандану үрдісі белең алған шақта батыстан келген анимациялық фильмдер жас ұрпағымыздың санасын улауда. Шетелдік мультфильмді қарасаңыз балаларды қызықтыру үшін барлық жағдай ойластырылған. Түрлі-түсті жарқыраған бейнелер балалар түгілі ересектердің өзін еріксіз баурап алады. Осыдан барып сана-сезімі, өзіндік ұстанымы әлі қалыптасып үлгермеген балалардың мінез-құлқында өзгерістер пайда болады. Күндіз-түні жағымсыз әсердегі фильмдер мен ағыл-тегіл төгілген қанды көріп, содан тәрбие алып өскен ұрпақ не болмақ?
– Бірде тобымдағы қыз қуыршақ алып келді. Түрі әдеттегідей «барби» болғанымен жүкті екен. Кәдімгідей шын бейнеленген. Қолынан тастамай бірінен-бірі алып ойнап жүр. Қазіргі таңда түрлі ұсқынсыз ойыншықтар әрбір дүкен сөрелерінде қаз-қатар тізіліп тұрады. Бастыстық мультфильмді көрген бала сол кейіпкерге ұқсағысы келеді. Дүкеннен сондай ойыншықты әкеліп ойнап жатады. Біз барынша қазақ ертегілерін айтып, қазақ анимациясын көрсетеміз. Әрине, қызығады, көреді. Бірақ олар да санаулы. Қайта-қайта көруден жалығады. Әлсіз тұсы сол батыстық мультфильмдердің көптігінен қазақ анимациясы кенде қалып жатады, – дейді балабақша тәрбиешісі.
Қазақ анимациясына 57 жыл толыпты. 1967 жылы Ә.Қайдаровтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі ұлттық анимацияның бастауы болды. Бірнеше жылдан соң Ж.Дәненов пен Ұ.Қыстауовтың «Алпамыс батыр», «Айдаһар аралы», Е.Әдірахмановтың «Тапқыштар», «Бозторғай», Б.Омаровтың «Үш шебер», «Қаңбақ шал», Т.Мұқановтың «Жібек шашақ», «Қайшы», Қ.Сейденовтің «Тігінші мен ай», «Қадірдің бақыты» сынды мультфильмдері халыққа танымал болып, жүзден аса графикалық және қуыршақ фильмдер дайындалған. 1991 жылы ел тәуілсіздік алған соң мультфильм түсіру жұмысы біраз уақытқа тоқтаған. Одан кейінгі жылдары жекеленген студиялар қазақ анимациясын құрастыруды қолға алды. «Сақ» киностудиясы түсірген «Қошқар мен теке», «Қазақ елі» мультфильмдері байқауларда бірнеше рет марапатталып, балалар мен үлкендердің көңілінен шығып, сүйікті мультфиліміне айналған болатын. «Azia animation» студиясы ұсынған ағайынды Артур, Игорь Краустың идеясымен түсірген «Алдар көсенің қызықты оқиғалары» экранға шығып, көрерменге жол тартты. Алайда біріне ұнаса, енді бірі ерсі түсірілгенге балады. Графикалық тұсы да батыстікінен әлдеқайда төменде.
Елде АҚШ, Ұлыбритания, Жапон, Қытай, Ресей елдерінің анимациялық фильмдері көп көрсетіледі. «Disney», «Warner Bros», «Pixar», «DreamWorks» студияларының туындылары кеңінен таралып, әрқайсысы қазақ аудиториясын өзінің идеалогиясымен, дүниетанымымен, көзқарасымен және менталитетімен толтырып отыр. Сондықтан ұлттық телеарналарда, кинотеатрларда қазақ ұлтының болмысын көрсете алып, дәуір тынысын ашатын кішкентай көрермен үшін тағылымды дүниелерге назар аудару керек.
Қазіргі таңда кино өнерінде ең бір күрделі деген мәселелердің бірі – заманауи фильмнің сюжеттеріндегі рухани әрі ұлттық ізденістер, тақырыбының тереңдігі, бүгінгі заман кейіпкерлерінің бейнесін көрсете алатын көркем дүние мен үлгі боларлықтай қаһармандарды табу, патриотизм сезіміне баулу сияқты тақырыптар басты тұғырға көтерілді.
– Біріншіден, біздің өндірісіміз әлсіз. Фильмдер аз шығады, режиссерлер де аз. Олар көбейгенде туындылар көбейеді, тақырыптардың ауқымы да көбейетіні сөзсіз. Екіншіден, ең бастысы жеке анимация киностудиясы ашылуы қажет. Біз бір жылда бір сағаттық фильм шығарамыз. Ал жұмыс тоқтамай конвеер сияқты тұрақты түсірілуі керек. Осы себептен дамымай жатырмыз. Мысалға, Ресей жылына 200 сағаттық фильм шығарса, Қытайда 3000 сағаттай мультипликациялық фильмдер түсіріледі. Соның өзінде Ресей өзінің фильмдер санына риза болмай жатыр. Үшіншіден, анимациялық сценаристер мәселесі өткір, жетіспейді. Көбінесе режиссерлер сценарийді өздері жазады. Өйткені, ондай мамандық жоқ. Анимациялық сценаристтердің балалар психологиясына сай фильмдер түсіру үшін білімі терең, ерекше көзқарас пен дүниетаным иесі болуы шарт, – дейді анимациялық фильмдердің режиссері, сценаристі, қоюшы суретшісі Жәкен Дәненов.
Біздің өнімдер шетелдік алпауыт компаниялардан 40-50 жыл артта қалып келеді. Соңғы уақытта анимация саласына қызығып, оқып үйренгісі келетін жастардың қарасы көбейген. Олардың дені шетелдік мамандардан онлайн дәріс алып, тәп-тәуір маман атануда. Әйтсе де білімін шыңдаған соң, отандық туындыларға қатыспай, шетел асып, сол жақтағы ірі компанияларға жұмысқа орналасады екен. Бүгінде біршамасы қашықтан онлайн жұмыс істеп жатыр. Себебі Қазақстанда аниматорлардың еңбек ақысы шетелмен салыстырғанда 10-20 есе аз бағаланады. Нарыққа шығу үшін арнайы кадрлар тартып, шетелден білікті маман шақырып, тәжірибе алмасу керек. Шетелде өткен фестивальдардан жүлде алып жүрген 2D анимациялық фильмдеріміз бар, бірақ өзгемен бәсекелес болатындай дәрежеде емес. Кинопрокаттан да қаржы жинайтын қауқары жоқ.
Ересектер мен балалардың серігіне айналған «youtube» желісіндегі қазақ анимациясына қарағанда шетелдік мультфильмдердің қарау саны миллионнан асады. Көргің келмесе де автоматты түрде құбыжық анимацияға қосып жібереді. Ұялы телефонның функциясына қанықпаған бүлдіршін сол қосылған мультфильмді көреді. Ойы енді ғана қалыптасып келе жатқан баланың санасын қан-жоса болып бірін-бірі өлтіргендер улап жатқанын бірі білсе, бірі білмейтіні өкінішті. Батыстық анимациялар қазақ баласының психологиясына ғана емес, тіл мен ұлтқа деген құрметіне кері әсер етеді. Ал сіз балалардың ойынына зер салып көрдіңіз бе? Экрандағы жағымсыз кейіпкерді ойын баласының бойынан оңай аңғарасыз.
– Менің екі қызым бар. Біріншісі ұялы телефонда ғаламтор болса болды «берге» салып жылайды. Мүмкін кішкентайынан мультфильм көрсетіп үйреніп қалған соң болар. Тіпті азаннан кешке дейін не ас ішпей, не ұйықтамай көруге дайын. Қолынан ала алмаймыз. Жөнді мультфильм көрсе бір сәрі ғой. Түрлі шетелдің қорқынышты анимациясын көріп, түнімен ұйықтамай шошынып шығатыны тағы бар. Ал екінші қызым мүлдем қызықпайды. Оңбай сабақ алған соң екіншімде қатты көңіл аудардым. Баланың ой-өрісінің өсуіне ананың алатын орны ерекше екенін кеш түсінгеніме өкінемін, – дейді ата-ана А.Тілепова.
Балаңыз мультфильм көргенде оның мазмұнына мән беріңіз. Бірге көріңіз. Көрген соң бірге талқылаңыз. Балаңыз көргенінен сабақ ала алды ма? Ерінбеңіз! Жіті қадағалаңыз. Бала тәрбиесі – өте нәзік дүние. Ол ұзақ жылдар бойы қалыптасады. Ал ең дұрысы – баламен көбірек тілдесу. Ешбір фильм сіз оқып берген ертегі мен аңыздың орнын баса алмайды.
Қазақ «Ер Төстігінің» Батыс «Бэтменінен» қай жері кем? Сапасы жоғары, графикасы мықты тың дүниелер шығарса қызықпайтын бала жоқ шығар, сірә?! Қазақ мифін жандандырып, бүлдіршінімізге ұлттық нақыштағы, рух пен ұлттық намыс дарытатын мультфильмді өмірге әкеліп, көгілдір экранымызды түзеуіміз қажет. Ертең кеш болмасын десек...
Айнұр ӘЛИ