«Таза Қазақстан» сенен басталады

«Таза Қазақстан» сенен басталады
Қазір республика бойынша, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен,«Таза Қазақстан» акциясы жүруде. Қоршаған ортаны тазартумен бірге, қоғамның, әсіресе жастардың экологиялық жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы ауқымды жалпыұлттық қозғалысқа айналды. Жалпыхалықтың маңызды бастаманы насихаттау, болашақ ел ертеңдері санасына сіңіру бағытында білім беру мекемелерінде түрлі шаралар өтуде.
Жақында редакция поштасына №266 мектеп-лицейдің аға тәлімгері Майра Мамбетова тақырыпқа орай жазылған мектептің бір топ белсенді шәкірттері жазған жұмыстарды жолдады.
Қоқыс – болашаққа қауіп
Қазіргі уақытта қоқыс мәселесі бүкіл әлемде ғана емес, біздін күнделікті өмірімізде де маңызды. Адамдар күн сайын тамақ қалдықтары, пластикалыққұтылар, пакеттер және түрлі тұрмыстық заттарды қоқысқа тастайды. Бірақ сол қоқыстың табиғатқа қандай зиян келтіретінін ойлана бермейді. Уақыт өте келе, бұл үлкен экологиялық мәселеге айналатын анық.
Қоқыс, ең алдымен, табиғатты ластайды. Көшеде немесе далада жатқан қалдық жердің көркін бұзады. Өндірілген өнімді қайта өңдеу арқылы жасалатын пластикалық бұйымдардың зиянын ғалымдар айтып, дабыл қақса да, көбі ол тазалық мәдениетін бойларына сіңірмей келеді. Олар ұзақ жылдар бойы шірімей, топыраққа, суға зиян келтіріп, жануарлар мен құстардың өміріне қауіп төндіреді. Кейде жануарлар қоқысты азық деп жеп қойып, табиғи өмір салтынан айырылады. Бұл олардың өліміне әкелуі мүмкін.
Тұрмыстық қалдықтар жайы біздің аудан үшін де актуалды. Кей тұрғындар тұтынған азық-түлігінің сырты не қалдығын арнайы жәшіктерге салмай, кез келген жерге тастайды. Кейде қоқыс көл жағасында, көшелерде немесе бос жерлерде жиналып қалады. Мұндай көріністер адамның көңіл-күйіне де кері әсер етеді. Сіз кішкентай әрекет деп тапқан немқұрайлылық салдары қоршаған ортаның ластануына себеп болып, табиғаттепе-теңдігін бұзады. Бұл орайда әр адам осы істе өзін жауапты деп сезінуі керек. Қоқысты кез-келген жерге тастамау, мүмкіндігінше оны сұрыптау, табиғатты таза ұстау – әрбір адамның міндеті.
Мәселен, пластикалық өнімдер мен қағаз қалдықтарын бөлек жинауға болады. Үйде де, мектепте де тазалық сақталса, айналамыз әлдеқайда таза әрі әдемі болар еді. Мектептерде экология тақырыбында тәрбие сағаттарын өткізіп сенбіліктер ұйымдастыру өте пайдалы. Осындай іс шаралар оқушылардың жауапкершілігін арттырып, табиғатты қорғауға деген дұрыс көзқарасын қалыптастырады.
Егер біз қазірден бастап табиғатты қорғауға мән берсек, келешекте таза және әдемі ортада өмір сүре аламыз.
Ибраһим АЗАМАТ
Қазақстан – біздің ортақ үйіміз. Сондықтан оның таза болуы әрбір адамға байланысты. Қоршаған ортаның тазалығы адам денсаулығына жақсы әсер етеді. Таза ауа жұтып, таза су ішкен адам өзін жақсы сезінеді. Сол себепті табиғатты қорғау қашан да маңызды. Оған дұрыс қарау арқылы біз өз болашағымызды қорғаймыз.
Қазіргі кезде көшеде шашылған қоқыс, лас өзен-көлдер жиі кездеседі. Кейбір адамдар қоқысты әр жерге тастап кетеді немесе табиғатты ластауға мән бермейді. Бұл – үлкен қателік. Өйткені табиғат бізге тегін берілген байлық. Егер әр адам қоқысты арнайы жәшікке тастап, тазалық сақтаса, көшелер де, аулалар да таза болар еді. Сонда еліміз де әлдеқайда көрікті көрінеді.
Адамдарды тазалыққа шақыратын жақсы бастама –«Таза Қазақстан» бастамасы арқылы сенбіліктер өткізіліп, ағаштар отырғызылып, көшелер мен саябақтар тазаланады. Сенбілікке қатысу қиын емес. Әр адам аз ғана уақытын бөліп, өз ауласын немесе көшесін тазаласа, үлкен нәтижеге үлес қосады. Ағаш отырғызу да табиғатқа жасалған жақсы іс.
Әркім айналасын таза ұстаса, табиғат та бізге жақсылықпен жауап береді. Егер біз табиғатты аялауды үйренсек, Қазақстанжылдан-жылға әдемі, таза әрі көрікті елге айналады.
Марина ЖҰМАБЕК
Тарихы терең, қойнауы құтты Сыр елініңҚазалы ауданы– қаншама ел абыройын асқақтатқан танымал тұлғалар түлеген топырақ. Осы пікірді айтып, кеуде кергенімізбен, кейде «Сол бабалар аманат еткен осы қасиетті жерді лайықты сақтай алып жүрміз бе?» деген ой мені мазалайды.
Біздегі экология мәселесі Арал теңізінің тағдырымен ғана шектелмейді. Күнделікті өмірімізден, өз ауламыздан басталады.
Қызылорда облысының климаты қатал, желіміз жиі тұрады. Сол желмен бірге адам қолымен тасталған қалдықтар ұшатыны қынжылтады. Аудан орталығы Әйтеке би кенті көшелерінің өзінде, арық ішінетасталған қалдықтарды көріп, жаным ауырады. Бұл тек көріністі бұзып қана қоймайды, Сыр ана суын ластап, жеріміздің құнарын жояды.
Мен,осы елдің жас патриоты ретінде, газет арқылы өзі ұсыныстарымды айтқым келеді.
Біріншіден, «Таза бейсенбі» акциясын жаңа деңгейге көтеру. Сенбілікті тек мұғалімдер тапсырмасы емес, челленджге айналдыру қажет. Мысалы, Instagram немесе TikTok желісінде «#ТазаҚазалы» хэштегімен әр сынып өздері тазалаған аумақты көрсетіп, эстафета жолдаса, бұл жастар арасында трендке айналар еді.
Екіншіден, біздің топыраққа төзімді сексеуіл мен жыңғылдарды көбірек егу. Бұл аймағымыздағы шаңды дауылдарды азайтып, ауаны тазартады. Әр мектеп бітіруші түлек мектеп ауласына немесе кент аймағына бір түп ағаш ексе, көгалдандыру ісіне үлес болар еді.
Үшіншіден, пластикті бөлек жинау мәдениетін мектептен бастау керек. Арнайы жәшіктер қойып, оқушыларға қоқысты сұрыптауды үйрету арқылы болашаққа үлкен инвестиция жасаймыз.
«Ауылын көріп – азаматын таны» дейді халық даналығы. Әйтеке би кентінің тазалығы – біздің мәдениетіміздің айнасы. Менің мақсатым – болашақта тұрғындар туған жерімнің тек тарихи ескерткіштерімен ғана емес, жап-жасыл табиғатымен және таза көшелерімен мақтанғанын қалаймын. Табиғатты қорғау – ұран тастау емес, нақты іс. Мен бұл істіөзімнен бастаймын!
Мұса МҰРАТ
Табиғат – адамзаттың үнсіз ұстазы, тіршіліктің алтын бесігі. Таңғы шықтай мөлдір ауа, сыбдырлаған жапырақ, сылдырап аққан өзен – бәрі де бізге аманат. Көк аспан мен кең дала адамға тыныштық сыйласа, жасыл орман жан дүниені жаңартады. Алайда табиғаттың тағдыры тек заңмен емес, әр адамның жүрегіндегі жауапкершілікпен қорғалғаны дұрыс. Бір тал еккен адам – болашаққа үміт отырғызғанмен тең.
Үлкен өзгеріс кішкентай әрекеттен басталады. Саябақта, көшелер мен қоғамдық орында демалғаннан кейін, қоқысын жинап кеткен жасөспірім табиғатты ғана емес, өз мәдениетін де сақтайды. Ауласына гүл егіп, ағашты баптаған қария да айналасына көрік сыйлап қана қоймай, кейінгі ұрпаққа өнеге қалдырады. Суды үнемдеп, табиғи байлықты қадірлеген әрбір жан баласы– Жер-Анаға жанашыр жан ретінде өзін орнықтыра алады.
Табиғат адамға тіршілік сыйлайды.Ал перзенті оны қорғау арқылы өз болашағын байыптайды. Табиғатты аялау – бір күндік іс емес, саналы өмір салты. Әр жүректе табиғатқа деген сүйіспеншілік оянғанда ғана әлемтаза, келешек жарқын болмақ.
Аяулым ӨТЕМБЕТОВА
Болашаққа төнген жау
Қазіргі қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі – қоқыс проблемасы. Адамзат технологияны дамытып, тұрмысын жеңілдеткен сайын, табиғатқа түсетін салмақ та арта түсті. Қоқыс көзге үйреншікті көрінгенімен, болашаққа төнген үнсіз әрі қауіпті жау.
Қазіргі кезде ауламызды немесе кейбір орындарды қарасақ, қоқыстар ретсіз шашылып жатады. Олардан төнетін экологиялық залал ұрпағымыздың денсаулығына үлкен зардабын тигізеді. Су мен ауаның ластануына, тірі ағзалардың өміріне үлкен қауіп төндіреді.
Әр адам үйде де қоқысқа жауапкершілікпен қарауы керек. Мысалы, қоқысты бөлек жинау, қайта пайдалануға болатын заттарды қолдану мәденеті дамыған елдерде жолға қойылса да, біздегі немқұрайлық жағдайды қиындатуға алып келуде. Әр адам қоқысты сұрыптауға салғырттық танытпаса, табиғатты қорғауға бағытталған батыл бастамалар жүзеге асар еді. Сондай-ақ пластик пакеттердің орнына көп рет қолданылатын сөмкелер пайдалану, тамақты ланч-бокспен алып жүру, үйде қалдықтарды сұрыптау сияқты қарапайым әрекеттер қоршаған ортаға тікелей пайда әкеледі.
Мектептерде сенбіліктер ұйымдастырып, оқушыларға табиғатты қорғаудың маңызын көрсету де өте маңызды. Ағаш егу, гүл отырғызу немесе қоқыс жинау сияқты іс-шараларға қатысу арқылы біз қоршаған ортаны бірге қорғай аламыз. Бұл тек мектепке ғана емес, өз ауылымызға, өз мекемемізге де зор пайда әкеледі.
Гаухар СЕРІК














