Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мультфильм көру де мәселе

Мультфильм көру де мәселе

Шетелдік ғалымдар теледидар көретіндердің басым бөлігі балалар мен жасөспірімдер екенін дәделдеген. Олардың пікіріне назар аударсақ, әр бала шамамен өз уақытының 40 процентін экран алдында өткізеді екен. Осыған орай зерттеушілер баланың мектепке барғанша 5 мың сағат, мектеп бітіргенге дейін 19 мың сағат теледидар алдында отыратынын да дәлелдеген. Сонымен қатар шамамен балғындар күніне 17 өлім, 37 мейірімсіздікке толы көріністерді көреді екен. Осыдан-ақ өз балаңыздың дүниетанымы мен жүйке жүйесінің қалыптасуына теледидардың қаншалықты әсер етіп жатқанын аңғаруға болады. Бүлдіршіндердің теледидардан көріп тамашалайтын туындылардың басым бөлігін мультфильмдер құрап отыр.
Әдетте балалар теледидардан көрген кейіпкеріне еліктеп, бірі «Ниндзя-Черепаха» болып, қылышын сумаңдатып жатады, енді бірі «Супермен» болып, алқымыңнан алады. Тағы бірі «Өрмекші адам» болып тыным таппайды. Мұның себебі де жоқ емес. Өйткені олардың сана-сезімін, бүтін психологиясын не адам бейнесіндегі емес, не құбыжық емес қалыптағы бейнелер жаулап алған. Ал оған тосқауыл боларлық деңгейдегі ұлттық өнімдеріміз жоқтың қасы. Жаһандану үрдісі белең алған шақта шетелден келіп жатқан анимациялық фильмдер жас ұрпағымыздың санасын улауда.
Қайсыбір шетелдік мультфильмді қарасаңыз да балаларды қызықтыру үшін барлық жағдайды ойластырған. Тіпті балалар түгілі ересектердің өзін еріксіз баурап алады. Осыдан барып сана-сезімі, өзіндік ұстанымы әлі қалыптасып үлгермеген балалардың мінез-құлқында өзгерістер пайда болады. Күндіз-түні жағымсыз әсердегі фильмдер мен ағыл-тегіл төгілген қанды көріп, содан тәрбие алып өскен ұрпақ не болмақ?
– Жақын туысымның үйіне барған сайын кіші ұлының теледидарға телміріп отыратынын көретінмін. Ата-анасы күнұзақ жұмыста. Кішкентай бала тәрбиешінің қолында қалады. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ». Қалағанын істейді. Қалағаны сол – күні бойы теледидар қарау. Екі жасқа да толмаған бала теледидардың қай тетігін басу керектігін жатқа біледі. Санау түгілі өз есімін айта алмайтын бала мультфильмдер тоғысқан арнаның қай тетікте екенін де көзді жұмып табатын дәрежеге жеткен.
Елде балаларға арналған жар дегендегі жалғыз арна «Balapan» ғана. Оны да қарай қоймайды. Көретіні – шетелдік «TiJi», «Nickelodeon», «Cartoon Network», «Gulli», «Boomerang», сынды телеарналар. Ал тәрбиешінің онымен ісі де жоқ. Тіпті бала кешке ата-анасы келер тұста өзі қалаған арнаны қойып, теледидардың басқарушы құрылғысын тығып тастайтынды әдетке айналдырған. Мұны танысымның өзі қызық көріп әңгімелеп отырады. Амалдың жоқтығынан ата-анасы да баласымен қосылып, мультфильм көреді. Ертеңгісін тағы сол күйбең тірлікпен ата-ана жұмысқа кетеді, Ал бала тағы да шетелдің даңғаза, мән-мағынасыз дүниелерін көрумен күн өткізеді. Одан қала берді компьютерді айналдырады. Қарапайым, жасына лайықты ойындарыңды менсінбейді. Міндетті түрде атыс-шабыс, бір-бірін өлтірген, соққыға жыққан ойындарды ғана ойнайды, – дейді Әлібек Айдар.
Мультфильмдер туралы жазбастан бұрын бірқатар шетелдік туындыларды әдейі көріп шықтық. Алғашқылардың бірі – «Наруто» анимациялық фильмі. Режиссерлердің фильмді барынша әсерлі етуге тырысқаны көрініп-ақ тұр. Қызылды-жасылды. Көркем. Бірақ кімнің кім екенін болжап болмайсың. Бірімен-бірі атысып-шабысып жатқандар. Қан-жоса болып жатқан адам деуге келмейтін – «құбыжықтар». Мұнан кейін көп балалардың сүйікті туындысына айналған «Спанч Бобқа» көз тіктік. Шындығын айтсақ, бұл туындыны аяғына дейін көруге шыдам жетпеді. Мән-мағынасы, айтар ойы да беймәлім, оқиға сюжеті де қызығарлық емес. Тіпті кейіпкерлерінің кескін-келбеті де түсініксіз. Жалпы шығарма мазмұнында іліп-алар дүние жоқ деуге болады. Әйтеуір оспадар күлкі мен мағынасыз әңгімеге толы.
Шығарушылар үшін бастысы саудасы жүріп, қалтасы қалыңдаса болғаны. Ата-ана да мұндай кезде «аш құлақтан тыныш құлақ» деп баласының дегеніне көніп, қалағанын алып береді. Мультфильм – өсіп келе жатқан жас ұрпақ тәрбиесінде аса қажет құралдардың бірі. Сондықтан қазақ халқы өзінің бет бейнесі мен болмысын, ұлттық салт-дәстүрін, болашақ ұрпақтың санасына сіңіргісі келсе, онда мультфульм саласына баса назар аудару керек.
Өкінішке қарай, біздегі анимация жанры – қазіргі таңда өз шешімін таппай, кенжелеп қалған салалардың бірі. Бірақ оны жандандыру кезек күттірмейтін мәселе. Өзіміздің «Тазша бала» мен алып «Алпамысты», қайсар «Қобыландыны» көрсетіп, ұлдарымызды ұлтжандылыққа, қыздарымызды қылықты болуға үндеу қажет. Ендеше «Нарутоның» қан шашқанын, «Халктың» қаһарланғанын, «Спанч бобтың» сандырағын көріп, өзгенің қаңсығын таңсық қылғанша төл туындыларымызды жандандырып, солар арқылы тәрбие берген артық екені айтпаса да белгілі.

Анеля ӘЛИ
05 шілде 2022 ж. 569 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031