Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Киберспорт кейбір спорттан озық

Киберспорт кейбір спорттан озық

Есіңізде ме? Оқушы кезімізде сабақ аяқталысымен анамыз бәліш алуға берген ақшаны компьютер орталығына барып жұмсаушы едік. Сол кездегі «Шіркін, осы ойынды ойнап ақша тапсақ» деген бала арманымыз бүгінде шындыққа айналды. Иә, киберспорт аз уақыт ішінде барлық ойыншыны біріктіретін және бүкіл әлем бойынша миллиондаған адамның назарын аударатын жаһандық индустрияға айналды. Тіпті көптеген елде виртуалды ойындар спорт ретінде белгіленді. Ал бізде ше? Елімізде киберспорт дәуірі қашан басталды? Болашағы қандай? Саралап көрелік...

Елде қашан бастау алды?
Бүгінде киберспорт әлемнің көптеген елінде дамып, тіпті олимпиадалық ойындар қатарына қосылу мүмкіндігіне ие болуда. Киберспорттың дамуы тек қана көңіл көтеру контенті емес, сонымен қатар мемлекеттің даму деңгейін де анықтайды. Атап айтқанда интернет жылдамдығы, үздіксіз таралуы мен арзандығы мемлекеттің потенциалын анықтаушы фактордың бірі.
Қазақстанда киберспорт дамуы екі мыңыншы жылдарда басталды және аталған индустрия «андеграунд» саласында ғана, яғни ойыншылардың, ынтагер-инвесторлардың және шағын компьютерлік клубтардың қаражаты есебінен ғана әрекет етті.
Қазақстандықтардың eSports саласындағы ең жоғары жетістігі 2017 жылы өткен «На мажоре» жарысында Counter-Strike: Global Offensive әлем чемпионаты болды. Бұл жарыста Абай «Hobbit» Хасенов, Рүстем «mou» Телепов және Дәурен «Adren» Қыстаубаев есімді жігіттер Gambit Esports ресейлік ұйымының құрамында әлемнің үздік командаларын жеңіп шықты. Сол кезде Gambit командасы Қазақстан үшін рекордтық жүлдені, яғни жарты миллион АҚШ долларын ұтып алды. Осыдан кейін Қазақстан киберспорттың әлемдік картасында өз туын түбегейлі тікті. Біздің ойыншыларымыз туралы әлемдік БАҚ жаза бастады, бірақ бұдан да маңыздысы – бұл жайт ел ішінде киберспортқа деген қызығушылықтың артуына серпін берді. Бүгінгі таңда қазақстандық киберспортшылар сапа белгісі болып есептеледі және олар бүкіл әлем бойынша, әртүрлі құрамда, әртүрлі дисциплинада ойнап жүріп, әртүрлі рейтингте жиі көрінеді.

Әлем аренасындағы қазақстандықтардың қауқары
Қазақстандықтардың шетелдердегі жетіс­тіктері ел ішіндегі киберспорт Дания немесе Швеция елдеріндегідей деңгейде дамыған дегенді білдірмейді. Жергілікті киберспорттың дамуындағы елеулі оқиға деп, біріншіден, Қазақстан Киберспорт федерациясының (QCF) құрылып, қалыптасуын айтуға болады. Ол осы индустриядағы көшбасшы елдердің тәжірибесіне сәйкес әуесқой деңгейден кәсіпқой деңгейге дейінгі турнирлерді өткізу үшін жауап беретін оператор болып есептелді.
Федерация 2017 жылы құрылды, ал келесі жылдың жазында, жаңа ұйымның тиімді жұмысының, сондай-ақ қазақстандықтардың әлемдік аренадағы жетістіктерінің нәтижесінде Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының 2018 жылғы 25 маусымдағы бұйрығымен киберспорт ресми түрде мойындалып, спорт түрлерінің тізіміне енгізілді.
Содан бері қазақстандық киберспортшылар әйгілі PUBG Mobile Club Open – PMCO Spring Split әлемдік турнирінде бірінші орынды иеленсе, IeSF World Championship жарысында да қарсыластарын ойсырата жеңіп, бас жүлдені алған.
2022 жылы Қазақстан құрамасы Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттер арасында өткен туринирде жеңіске жетті. Дүбірлі дода Ташкентте өткен болатын. Сонымен қатар жерлестеріміз Владивосток пен Қазанда өткен жарыстарда ел намысын қорғап, топ жарды. Бали аралында ұйымдастырылған әлем чемпионатында біздің спортшылар тағы да жеңіс тұғырынан көрінді. Ал өткен жылы Сауд Арабияда Dota 2 бойынша өткен әлемдік додада алғаш рет чемпион атанып, 3,6 миллион долларға ие болды. Жалпы жерлестеріміздің аталмыш спорттағы қарқыны жоғары, көз қуантады.

Киберспорт ойынқұмарлық емес
Киберспорт саласының дамуын кідіртетін фактордың қатарына әлеуметтік факторды жатқызуға болады. Себебі халықтың консервативтік бөлігінің пікірінше, киберспорт бұрынғысынша гейминг болып қалуда, ал киберспортшы спортшы емес, ойынқұмар деп есептеледі. Алайда шын мәнісінде жағдай мүлдем басқаша. Киберспорт федерациясы да осы бағытта жұмыстар жүргізуде және аталған спорт түрінің құндылықтарын дәріптеу қажет деп есептейді.
Мысалы, жыл сайын елімізде респуб­ликалық деңгейдегі Qazaqstan Respublikasynyŋ Kubogi киберспорттық турнирі өтеді. Онда жүлде қоры миллион теңгеден асады. Бұл тұрғыда жүлде қоры маңызды емес, себебі ол үнемі ұлғая түседі. Маңыздысы сол, турнирдегі жеңісі үшін қазақстандық киберспортшылар ресми спорттық разрядтармен – спорт шеберлігінен үміткер және спорт шебері разрядтарымен алғаш рет марапатталды.
Ал «киберспорт ойынқұмарлық па?» деген сауалға «Qazaly» командасының кәсіби киберспортшысы «Киберспортшы» мен «Ойынқұмардың» айырмашылығын көрсетті.
– Барлығының бастауында компьютерлік ойындар тұр, бірақ ойыншылар мен әуес­қойлардың ойынға деген көзқарастары басқа. Бізде «геймер» және «киберспортшы» дегенді автоматты түрде компьютерлік тәуелділік проблемасына қатыстырады. Бұл түбегейлі дұрыс емес, киберспортшылардың уақыты нақты және қатаң түрде құрылған. Киберспортшының компьютерлік ойындарына әуесқой адамнан және лудоманнан айырмашылығы, ол ойында күніне 8-10 сағат отырмайды. Себебі жарыстарда киберспортшыға құр дағды аздық етеді. Оған реакция қажет, яғни, керек кезде зейінін арттырып, керек кезде демала білуі қажет, оған физикалық тонус қажет. Мұның бәріне компьютердің алдында телміріп отырып қолжеткізу мүмкін емес, – дейді «Qazaly» командасының кәсіби киберспортшысы Қуаныш «TeQ» Талғатұлы.

Белсенді ойыншы аз емес
Соңғы жылдары елімізде киберспорттың дамуы жақсы қарқын алып келеді. Тиісінше аталған спортта жақсы геймерлерді дайындап шығару үшін елде бірнеше кибер академия ашылған. Елдегі көп академияларда әлемге жақсы танымал CS2 тәртібі бойынша дайындық жүргізіліп, шеберлік сағаттары мен 12-20 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында жарыстар өткізіледі. Жалпы статистикалық мәліметке сүйенсек, елімізде 1,5 миллионға жуық белсенді ойыншы бар.
Ең бірінші, ата-аналар үшін, жақсы тұсы – балалардың ерте жастан жақсы ақша табу мүмкіндігі. Өйткені жоғарыда аталған CS2, PUBG сынды танымал ойындардың жүлде қоры 1 миллион АҚШ доллардан асып жығылады. Ал егер жас киберспортшы бала кезінен мақсатты түрде жаттығатын болса, оның жақсы гонорарға ие болу мүмкіндігі бар.
– Киберспорт – бүгінде үлкен сұранысқа ие мамандықтардың біріне айналды десек, артық айтқандық емес. Себебі бұл салада 12-14 жас­тан бастап қызмет істеп, үлкен жетістіктерге жетумен қатар жоғары жалақы алу мүмкіндігі де қарастырылған. Әсіресе қазақстандықтар үшін мүмкіндік мол. Олай дейтініміз, белгілі бір онлайн ойынның финалдық сайысы үлкен сахнада, офлайн форматта 50-60 мыңға жуық көрермені бар залда өтеді. Бұл көбіне онлайн форматта жақсы нәтиже көрсетіп келген шетелдік спортшылардың психологиялық қысым алуы, қобалжуына алып келеді. Тиісінше, сол топтың қарсыласқа қарсы құрған стратегиясы сәтсіз аяқталады. Ал қазақстандық геймерлерді мұндай орында өнер көрсету керісінше, жігерлендіре түседі. Өйткені баршамыз білетіндей, елдегі жастардың көбі бос уақытын адам қарасы қалың компьютер клубтарында өткізеді. Соның нәтижесінде олар қобалжу, ойын үстінде стресске түсу сынды психологиялық фактілерді жеңген.
Жалпы киберспорттың жаман әдеттен гөрі жақсы тұсы басым. Онда психикалық процестердің дамуы бар. Киберспорттан зейін жақсарады, аналитикалық ойлау дамиды. Интеллект өседі. Үлкен биіктерге жете алмасаңыз да, жаттығудың оң әсері болады. Бейне ойындар жағдайға байланысты дұрыс шешім қабылдауға, логиканы дамытуға, оқиғаларды дұрыс талдай білуге ықпал етеді. Киберспортпен айналысатындар шешім қабылдау жылдамдығында қиындықтарға тап болмайды, өйткені ойында барлығын өте жылдам орындау керек, – дейді кибер академия мамандары.
Қорытындылай келе, киберспорт – енді дамып келе жатқан ең жас спорт түрі екенін атап өткен жөн. Технологиялық прогресстің арқасында баланың өзіндік дамудың жүзеге асырылуының жаңа аспектілерінің пайда болуына әкеледі, сондықтан киберспорт мектебінен өткен бала өз орнын таппай қалмайтыны сөзсіз.
Серік АҚМЫРЗА
01 маусым 2024 ж. 240 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031