Төрткіл дүниеге ортақ валюта
Бүгінде сандық технологиялардың дамуы барлық салаға оң әсерін тигізуде. Тіпті электронды төлем жасау да қалыпты процесске айналған. Соның арқасында кызмет көрсету саласындағы небір операцияларды санаулы секундтарда орындап тастауға қол жетті. Осындай оң өзгерістердің жемісі төрткүл дүние тұрғындарына ортақ – криптовалютаның дүниеге келуіне септігін тигізді. Бұл – қаржы нарығында үлкен жаңалық болды.
Жалпы криптовалюта дегеніміз не? Бұл – қаржылық пирамида және виртуалды ақша емес. Жоғарыда айтқандай сандық технологиялардың даму нәтижесінде пайда болған сандық ақша, төлем құралы. Сіз кез келген ақша аударымдарын жасасаңыз, банк арқылы немесе несиелік компания арқылы жүзеге асады. Мейлі телефонға бірлік, коммуналды төлемдер, тағы басқа көптеген операциялар делдал арқылы жүзеге асады. Ал криптовалюта да барлығы басқаша.
Әрбiр мемлекеттiң өз ұлттық валютасы бар. Ал мамандардың пiкiрiнше, қазiр ғаламтор арқылы төлем жүргiзетiн сандық биткойн криптовалютасы халық арасында кең қанат жайып келедi. Былайша айтқанда, ол интернеттегі төрткүл дүниеге ортақ валюта. Бұл ақшаны үкiмет басқара алмайды, адам қай елде жүрсе де, оны төлем ретiнде қолдана бередi. Сонымен қатар электронды валюта ешқандай да жүйеге бағынбайды.
Криптовалюта ешқашан кибершабуылға, xакерлік шабуылдарға бүлк етпейді. Себебі қорғанысы өте жоғары, мықты. Криптовалютаны кез келген әлемнің нүктесіне бір сәтте жібере аласыз. Шотыңызға тексеріс немесе транзакция жасау барысында сізге ешкім кедергі жасай алмайды. Ол жоғарыда айтқандай мемлекетке, ұлттық банкке тәуелді болмайды, яғни ешкімге бағынбайды. Сандық ақшаны жеке тұлғалар шығарады. Бірақ бұл мүлде басқа валюта. Сіз ол ақшаны қолыңызға ұстай алмайсыз және қалтаңызға сала алмайсыз. Биткойн – криптовалюталардың ішіндегі ең танымалы. Оның есеп-қисабы түрлi криптографиялық әдiс-тәсiлдерге негізделген.
Қазір биткоин арқылы көптеген елдерде сауда жасай аласыз. ЕуроОдақ биткоинды ресми түрде қабылдаса, Жапон елі бүгінде үйреншікті қолданып жүр. Әрине, кейбір адамдар криптовалютаға болашақтың төлем құралы ретінде қарайды. Ал кейбірі бұл жүйе әлемдік экономикаға өз зиянын тигізеді деп ойлайды. Бірақ екі тарап та кез келген ақша аударымы делдалсыз жүрсе әлемдік экономикаға тиімді екенін жоққа шығармайды. Кезінде қоғам нарықтық экономикаға көшкенде виртуалды ақша жүйесін сенімсіздікпен, үреймен қабылдап еді. Бүгінде екінің бірі қолданады. Тіпті елімізде аталмыш валютаны қолданушылар саны артып келеді.
"Әрбір шарықтау шегіне жеткеннің құлдырауы да болады" демекші, биткойн да бірнеше жыл бұрын құлдырауға ұшыраған. Тіпті биткойнның болашағына сенбеген кейбір АҚШ азаматы 10 мың биткойнға 1 пицца сатып алған. Бірақ оған сұраныс қайта артып, онлайн валютаны қолданушылардың қуанышына орай, бүгінде 1 биткойн – АҚШ-тың 51 793 долларды құрап отыр. Ал теңгемен салыстырар болсақ, 1 биткойн – 23 миллион 202 мың теңге болады.
Биткойн қайдан және қалай пайда болады? Әдетте оны криптовалюта қолданушылары майнинг фермалары арқылы жинайды. Жалпы майнинг – биткойн немесе басқа да криптовалюталарды өндіру немесе іздеп табу болып табылады. Майнинг негізі Блокчейн технологиясы арқылы жұмыс істейді. Блокчейн дегеніміз – кез келген операцияларды белгілі блоктарға бөліп жұмыс істеу. Ал майнингтің өзін кез келген компьютер арқылы жасауға болады. Майнер (криптовалюта табушы адам) биткоин немесе криптовалютаны табу үшін өте мықты компьютер немесе процессор керек. Себебі барлық блокчейн операциясы процессор арқылы өтеді. Блокчейн технологиясы әлемдегі кез келген процессор арқылы жүреді. Майнер электронды цифрлық қолтаңбаны (хэш) табу үшін арнайы есептеулерді орындау үшін процессор қуатын пайдаланады. Сол цифрлық қолтаңбаны «тапқан» үшін майнерге криптовалюта сыйақы түрінде беріледі. Майнинг арқылы қауіпсіз транзакция жүргізе алуға мүмкіндік болады. Биткойн және басқа да көптеген криптовалюталар үшін бұл – эмиссияны ұлғайтудың жалғыз жолы. Майнингтің басты мақсаты – осы. Майнинг фермасы арқылы биткойн жасауда әлем алпауыттары арасында бейресми жарыс өтеді. Онда өткен 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан криптовалюта өндіруден АҚШ-тан кейінгі екінші орынды иеленген. Кейін еліміздегі заңдағы өзгерістерге орай, көптеген фермалар жабылған. Тиісінше Қазақстан аталмыш тізімнен бой көрсетпеген. Десек те, келешекте доллар, евро сынды бірде бір елдің валютасына дес бермеген ақшаны басып озар биткойнның болашағы зор. Әсіресе сандық жүйені жіті меңгерген қазақстандықтар үшін де алдағы уақытта қалыпты қолданысқа енетініне еш шүбәміз жоқ.
Бүгіннің өзінде елімізде виртуалды ақшаны қолданудың үрдісі қалыптасты. «Kaspi.kz» қосымшасын қолданбайтын адам бүгінде жоқтың қасы. Тіпті жол жүру ақысын да QR-код арқылы төлеп, арнайы карта арқылы қолма-қол ақшасыз есеп айырысып жүрміз.
Қазір ел электронды үкіметті дамыту индексі бойынша БҰҰ-ның әлемдік рейтингінде 33-ші орында тұр. Ол адами капиталды дамыту, телекоммуникациялық инфрақұрылым және онлайн қызметтер индикаторларынан тұрады. Алдағы уақытта технологиялық прогресте көшбасшы елдердің қатарына қосыламыз деп сенеміз.
Серік АҚМЫРЗА