Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда тәтті сусындар қымбаттайды – Неге оған қуануымыз керек

Қазақстанда тәтті сусындар қымбаттайды – Неге оған қуануымыз керек

Фото: Midjourney
Бүгінде Қазақстан үкіметі зиян тағамдарға салынатын салықты өзгертуді, оның ішінде қант қосылған сусындарға салық салу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Алайда бұл процесс баяу жүріп жатыр – премьер-министр Олжас Бектенов құрамында қант бар сусындарға акциз салығы әзірге енгізілмейтінін айтты. Соған қарамастан мамырда Астанада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) өкілдерінің қатысуымен өткен конференцияда қант қосылған сусындарға салық салу мәселесі талқыланды. Kazinform тілшісі қанттың неліктен қауіпті екенін және Қазақстанда тәтті сусындарға салық әлі де қажет пе, жоқ па – соны анықтап көрді.
Қант қазақстандықтардың денсаулығына қалай әсер етеді?

Қазақстан әлемдегі ең зиянды тамақтанатын ТОП-10 елдің қатарына кіреді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы мәліметтеріне сүйенсек, 9 миллионнан астам қазақстандық тұрақты түрде энергетикалық сусын ішеді. Ал 6-9 жас аралығындағы ұлдардың 16,3 пайызы, қыздардың 17 пайызы күн сайын қант қосылған сусындарды тұтынады. Балалардың жартысынан көбі – 52% қант қосылған сусындарды аптасына кем дегенде бір рет, тіпті 5-6 рет ішеді.

Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазақстандық жасөспірімдердің 14 пайызы күнделікті Coca-cola ішеді. Бұл сусындар қантты тұтынудың негізгі көздерінің бірі екені белгілі, бірақ олардың құрамында қосымша тағамдық құндылық жоқ. Қант қосылған сусындарды, тұзды және транс майлары көп тағамдарды шамадан тыс тұтыну гипертония, жүректің ишемиялық ауруы, семіздік және 2 типті қант диабеті қаупінің жоғарылауына әкеп соғады.
қант
Инфографика: Kazinform
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы біз күнделікті тұтынатын ең танымал тағамдардың қант құрамы туралы деректерді ұсынды. Мысалы, дайын таңғы ас жармасында шамамен 4 ас қасық қант бар, ал сүт қосылған сусында (коктейль) 7 қасық болады. Ал қантты сусынның құрамында 20 шай қасықтан астам қант бар.

Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда соңғы жылдары 2-типті қант диабетімен сырқаттану 4 есеге артқанын, ал 2015 жылдан 2022 жылға дейін қант диабетімен ауыратын 15 жасқа дейінгі балалар саны 66 пайызға көбейгенін хабарлады. Осы аурудың асқынуының салдарынан жыл сайын 16 мыңға жуық аяқ-қолды кесу операциясы жасалады. Сонымен қатар, 2023 жылы диализге шалдыққандар саны 16 мың адам болған. Жалпы елімізде қант диабетімен ауыратын 400 мың адам тіркелген.

Тағы сандарға тоқталайық: 6-9 жас аралығындағы балалардың 21% -ы артық салмақ пен 6%-ы семіздікке шалдыққан. Ересектерге келетін болсақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеулеріне сәйкес, Қазақстанда 2016 жылы семіздіктің орташа таралуы – ерлерде 18,9%, ал әйелдерде 22,7% құрады. Екі жағдайда да семіздікке шалдыққандар санының тұрақты өсуі байқалды.

Нутрицолог Юлия Гончарова қанттың адам ағзасында энергия ролін атқаратынын айтты. Бірақ нормадан артық тұтынылатын кез келген қант «қорға», содан кейін майға айналады. Қантты шамадан тыс тұтыну ішкі органдардың жұмысының бұзылуына, интоксикацияның жоғарылауына, қатерлі ісік қаупіне, жүйелі қабынуға, есте сақтау қабілетінің бұзылуына, салмақтың өсуіне және басқа да ауыр ауруларға әкеледі.

    Ағзадағы көмірсу, ақуыз бен май арасында баланс болуы керек. Қанттан толығымен бас тартудың қажеті жоқ. Мәселе – балансты сақтау үшін күні бойы қанша қант тұтынатынын түсіну. Тәулік бойы тағамның теңдестірілген және ақуыздар мен майлардың қалыпты мөлшері бар екенін түсінсеңіз, қантты алып тастаудың қажеті жоқ. Бірақ, егер адам қантты шамадан тыс тұтынуға байланысты проблеманы асқындырып алған болса, онда қантты уақытша шектеу керек және бұл жағдайда адам өзінің қалыпты жағдайына оралады, – деп түсіндірді сарапшы.

Нутрицологтың айтуынша, қантты тұтынуды қалай шектеу керегін түсіну үшін оның не үшін қажет екенін білу керек. Егер сізде артық салмақ болса, онда сіз тамақ жейтін тәрелкеңізді талдау керек. Дұрыс тағамдық табақ – ¼ протеин, ¼ май (сапалы майлар) және қалған бөлігі – ½ табақша күрделі көмірсулар (көкөністер, жарма) болуы керек. Осы тепе-теңдікті сақтай отырып, дені сау адам ешқашан тәттіге құмар болмайды. Егер сіз микроэлементтер арасында жүктемені осылай таратсаңыз, ағзаға тұрақты «энергия құю» қажеттігі азаяды.
тәтті
Инфографика: Kazinform
Сондай-ақ, Юлия Гончарованың сөзінше, тәттіге деген құштарлық көптеген себепке байланысты болуы мүмкін. Мысалы, магний, мырыш, хром және темір сияқты микроэлементтердің жетіспеушілігінен болады. Әдетте, бұл витаминдер жеткілікті мөлшерде болса, тәттіге құмарлық төмендейді.
Қант қосылған сусындарға не үшін салық салу қажет?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, құрамында қант бар сусындарға салық кем дегенде 20% болуы керек.

    Қазір Денсаулық сақтау министрлігі акцизді енгізу, реттеу әсеріне талдау жасау, сондай-ақ құрамында қант бар сусындарды шамадан тыс тұтынудың зияны туралы халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сауаттылықты арттыру мәселесін қарастырып жатыр. Денсаулық сақтау дағдыларын нығайту мақсатында халықтың салауатты және дұрыс тамақтануын (тұз, қант, май, трансмай көп тағамдар), оның ішінде балалар арасында насихатталып жатыр, – деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.

ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнәр Сәрсенбаеваның атап өтуінше, Қазақстанның денсаулық сақтау саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, инфекциялық емес патологиялардың алдын алу бойынша ғылыми зерттеу жүргізу міндеті қойылған. Денсаулық сақтау министрлігі салада жүктеме артады деген болжам бар, өйткені 2030 жылға қарай ел халқының саны 13%-ға өседі деп күтілуде. Бұл аурулар мен науқастар саны өсіп, денсаулық сақтау саласында үлкен шығындар болады дегенді білдіреді.

    Бүгінде Қазақстан халқының 15 пайызына денсаулық сақтау жүйесінің жалпы бюджетінің 65 пайыздан астамы жұмсалады. Денсаулық сақтау министрлігі бюджетінің басым бөлігі күрделі операцияларға, созылмалы ауруларды емдеуге, босануға, сондай-ақ онкологиялық және туа біткен патологияларға бөлінеді, – деді Гүлнәр Сәрсенбаева ДДСҰ ұйымдастырған конференцияда.

Еліміздегі барлық өлім-жітімнің шамамен 84%-ы жұқпалы емес аурулардан болады. Қант диабеті 2023 жылы Денсаулық сақтау министрлігін «ең көп шығынға батырған» он аурудың қатарына кірді.

    Еңбек өнімділігінің төмендеуіне байланысты экономикаға келетін шығын мемлекеттің денсаулық сақтау саласына жұмсайтын сомадан 6,5 есе асып түседі және жылына 2 триллион теңгені құрайды. Жалпы, жұқпалы емес аурулардың Қазақстан экономикасына келтіретін шығыны жылына 2,3 триллион теңгеге жетеді, бұл елдің жылдық ішкі жалпы өнімінің 4,5 пайызына тең, – деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.

Сондықтан мұндай сусындарға салықты көбейтіп, түскен пайданы денсаулық сақтау жүйесіне салуға болады. Екінші жағынан, қант қосылған сусын қымбаттаған соң оны тұтынушылар азаяды. Мұны таразылаған елдер әлдеқайда салық жүйесін реттеп қойған.
Әлемнің 115 елінде қант қосылған сусындарға салық салынады

Қант қосылған сусындарға салынатын салық шамадан тыс калория тұтынуды шектеу үшін экономикалық жағынан тиімді саясат шарасы болып саналады. Мемлекет үшін бұл үш жағынан пайда әкелуі мүмкін: адамдардың денсаулығы жақсарады, мемлекеттік кірістер ұлғаяды және денсаулық сақтау саласының ұзақ мерзімді шығындары азаяды.

2016 жылы ДДСҰ инфекциялық емес аурулармен күресу және балалардағы семіздікті тоқтату үшін саясатта қант қосылған сусындарға салық салуға басымдық беретінін жариялады. Халық денсаулығын жақсартуға кешенді көзқарастың маңызды құрамдас бөлігі ретінде салық-бюджет саясатының шараларын ұсынды. Қазірдің өзінде әлемнің 115 елі мұндай сусындарға салық (импорттық баж, акциз, адвалорлық салық – ред.) салады, соның ішінде әлемнің ең бай елдері – БАӘ, Сауд Арабиясы, Қатар, Оман және Еуропа елдері бар. Сондай-ақ, кем дегенде 148 ел ұлттық деңгейде алкогольдік өнімдерге акциз салығын енгізді.

    Зиянды тағамдарға салық салынса, ол халықтың денсаулығын жақсартады. Бұл бүкіл қоғамға оң әсер етеді: ауру азаяды, ал үкімет қызмет көрсету үшін қосымша кіріс алады. Алкогольге салынатын салық зорлық-зомбылық пен жол-көлік апатынан болатын жарақаттарды азайтуға көмектеседі, – деді ДДСҰ денсаулықты нығайту жөніндегі директоры Рудигер Крех.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, алкоголь мен құрамында қант бар өнімдерге салықты көтеру компанияларды денсаулыққа пайдалы өнімдер шығаруға ынталандырады. Жақында ДДСҰ және Bloomberg Philanthropies ұйымымен бірлесіп жүргізген Gallup сауалнамасы барлық елдегі респонденттердің көпшілігі алкоголь мен тәтті сусындар сияқты зиянды өнімдерге салықты көтеруді қолдайтынын көрсетті.
Қазақстанда қант қосылған сусындар қашан қымбаттауы мүмкін?

2024 жылғы ақпанда Денсаулық сақтау министрлігі ҚР денсаулық сақтау саласын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасына өзгерістер енгізді. Негізгі мәселе – семіздік пен артық салмақтың таралуын азайту, оның ішінде 2025 жылдың желтоқсанына дейін қант қосылған сусындарға акцизді енгізу. Денсаулық сақтау министрлігі жобаны ұсынудан бастап республикалық деңгейде салық енгізуге дейінгі толық процедура 1-2 жылға созылуы мүмкін екенін түсіндірді. Мысалы, вейптерді сатуға және таратуға тыйым салуға екі жылға жуық уақыт кеткен.

    Біз осы ережені енгізудің реттеу әсеріне талдау жүргізуіміз керек. Кәсіпкерлік қызметке әсер ететін кез келген нормативтік реттеу заңға сәйкес бірқатар процедурадан өтеді – қоғамдық талқылау, реттеу әсерін талдауды дайындау. Одан кейін мұны бизнес қауымдастық талқылап, Ұлттық экономика министрлігіне жіберіледі және осы норма бойынша оң қорытынды алғаннан кейін Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссияға жетеді. Содан кейін сол жерде бұл норманы қолдау туралы шешім қабылданады, – деп түсіндірді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнәр Сәрсенбаева.

Спикердің сөзінше, Денсаулық сақтау министрлігі құрамында қант бар сусындар үшін ең төменгі салықты әр литріне 100 теңге көлемінде енгізуді ұсынып отыр. Сонда, мұндай акциздердің халықаралық тәжірибесіне сәйкес, қант қосылған сусындарға деген сұранысты реттеуге мүмкіндік туады және халық біртіндеп ауыз суға көшеді.



30 мамыр 2024 ж. 104 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930