Тәтті сусындардың бағасы екі есе қымбаттауы мүмкін
Тәтті сусындар өндірісі құрдымға кетуі мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «КТК» телеарнасына сілтеме жасап.
Соңғы уақыттары Үкімет тарапынан қысым көбейді деген Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен бизнес өкілдері құрамында қанты бар сусындарға акциз енгізсе талай кәсіпорын тұралап қалатынын айтады. Ашынған кәсіпкерлер Денсаулық сақтау министрлігінің елдегі семіздік пен жұқпалы емес аурлардың артуын шырынды сусындардан көруі шындыққа жанаспайды дейді.
Естеріңізге салсақ, бұдан біраз бұрын жауапты министрлік тәтті шырындар жүрек ауыры, қант диабеті мен семіздікке қатысты көрсеткішке кері әсерін тигізіп жатқанын айтып, дабыл қаққан еді. Соған сәйкес 2023 жылы 20 пайыздан бастап үш жыл ішінде 45 пайызға дейін мөлшермен құрамында қант бар сусындарға акциздер енгізуді ұсынған болатын. Алайда, тағы да бас көтерген кәсіпкерлер негізсіз қадам дамушы салаға кері әсерін тигізеді дейді.
[media=view-source:https://www.ktk.kz/framevideo/187978/]
Табыс азайып, өндіріс көлемі қысқарады деп алаңдағандар негізгі салада 2 мыңнан астам, ал аралас салада 17 мыңға жуық адам жұмыссыз қалатынын айтады. Жаңа жанама салықтың кемшілігін тізбелегендер халық денсаулығын жақсартудың басқа жолын іздеу керек деп есептейді.