Сарапшылар: Қазақстанда темекі бағасын қымбаттату керек
Қазақстанда темекінің бағасы тағы да қымбаттауы мүмкін! Бүгін Денсаулық сақтау министрлігінде темекі өнімдері мен тәтті сусындарға салықты еселеп көтеру мәселесі талқыланды. Сарапшылар аталған өнімдердің бағасын қымбаттаса Қазақстанда шылым шегетіндердің саны азайып, бюджетте кірістер көп болады дейді. Бұл туралы КТК арнасына сілтеп, Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Қазақстандағы орташа темекі өнімдерін бір долларға сатып алуға болады. Ал Ресейде бір қорап шылым екі доллар, Еуропада – бес, Нью-Йоркте – 13 доллар тұрады екен. Жаман әдетке неғұрлым көп ақша төлесеңіз, соғұрлым одан тез құтыласың. Соңғы кездері біздің елде темекі өнімдерінің бағасы өскеніне қарамастан, сарапшылар олар әлі де қолжетімді болып тұр дейді.
«Қазақстанда осы тауарлардың түрі басқа елдерге қарағанда әлдеқайда арзан. Әсіресе ересек еркектер арасында тұтыну деңгейі өте жоғары, шамамен 40 пайыз»,-дейді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық сарапшысы Патрисио Маркес.
Халықаралық сарапшының пікірінше, еліміз шылымға акцизді қазіргіден де бірнеше есеге өсірсе, сонда темекі құны қымбаттайды да, тұтынушы саны төмендейді. Нәтижесінде түрлі дерт пен өлім азаяды. Бұл – әсіресе, әлеуметтік жағдайы төмен адамдар үшін тиімді болмақ. Онсыз да айлығы шайлығына жетпей жүрген жан ақшасын үнемдейді және аурудан аман қалады. Бірақ, сұраныс төмендегенімен, салық есебінен бюджетке түсім артады екен. Астанада өткен жиында жұрт күнде тұтынатын газдалған сусындардың да мәселесі қаралды.
«Ең алдымен кола, пепси сынды сусындарды шығаратын компанияларға салықты көтеру керек. Сонда кәсіпорын бірден өнімнің бағасын қымбаттатады. Нәтижесінде газдалған, құрамында тәттісі көп сусынды тұтынушылардың саны еселеп азаяды»,-деді Дүниежүзілік банктің салық бойынша кеңесшісі Линн Сильвер.
Тұтынушыны осылай мәжбүрлемесе, адамның жаман әдеттен арылуы қиын дейді сарапшылар. Ал дүкен сөрелерінде самсап тұрған газдалған сусын, салқын шәйдің құрамында қант көп. Оның ағзаға еш пайдасы жоқ. Бір жағынан қысым көрген өндіруші компания да ойлана бастайды. Сусынның құрамын өзгертуге тырысады деп сенеді сарапшылар.