Тәрбие – тал бесіктен. Десек те...
Қай уақытта болмасын кіші буынға рухани тәлім-тәрбие беру заманның өткір талабы болып қала бермек. Тәрбие – тал бесіктен. Десек те, бұл істе әсіресе білім беру жүйесіндегі тәрбие беру ұлттық және рухани негізде үйлестіре жүргізуді қажет етеді. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Тәрбиенің негізі – тәртіпте, ал тәртіп бар жерде нәтиже болады» деп айтқандай, бала тәрбиелеу – адамзаттың аса маңызды қоғамдық қызметі, азаматтық борышы.
Өткен аптаның аяғында үйінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес аудан әкімі Мейрамбек Шермағамбеттің төрағалығымен оқу жылының аяқталуы және жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға байланысты кеңейтілген мәжіліс өтті.
Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында өткен жиынға аудандық ауданның бас прокуроры Дарын Әбіш, Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Әбенұлы, Білім бөлімі басшысы Әділхан Жөлекешов сынды басқа да сала басшылары мен ата-аналар да қатысты. Мәжілісте жалпы ауданның білім саласындағы өзекті мәселелер мен жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық, қылмыстың алдын алуға бағытталған жұмыстары сараланды. Жиында аудан басшысы М.Зинабдинұлы сөз сөйледі.
– Қай қоғамда болмасын, қашанда ұрпақ тәрбиесі – өте өзекті. Бүгінгі таңда елімізде Мемлекет басшысынан бастап ұрпақ тәрбиесіне аса мән беріп, білім беруші мен білім алушыға мүмкіндігінше жағдай жасау, сапалы біліммен қатар саналы тәрбие беру бағытында, жалпы ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін түрлі шараларды қабылдауда. Жуырда аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының төрағалығымен облысымыздағы білім саласының өзекті мәселелері мен дәл осы ұрпақ тәрбиесіне қатысты маңызды жиын өтті. Бүгінгі жасқа сапалы біліммен қатар саналы тәрбие беру – қоғамның басты міндеті. Ал ендігі біздің міндет қоғам болып сонымен қатар адамгершілік құндылықтарды сіңіру, балалардың түрлі құқықбұзушылықтармен зиянды әрекеттерге бармауына жол бермеу бағытында бірлесе, жауапкершілікпен жұмыс жасау, – деді аудан әкімі.
Мұнан кейін кеңейтілген мәжілісте прокурор Алмат Алдабергенов аудандағы білім беру ұйымдарындағы құқықбұзушылық профилактикасы және бірқатар мәселесіне тоқтала отырып, баяндама жасады.
Атап айтар болсақ, 2023 жылы жалпы аудан бойынша кәмелет жасқа толмаған жастар арасында тоғыз қылмыстық іс тіркелген. Ал әкімшілік құқықбұзушылық бойынша 146 іс болған. Жалпы бұл статистиканы биылғы жылдың 5 айымен салыстырғанда қуанышқа орай, қылмыстық іске бой алдырған жастар қатары анықталмаған. Керісінше әкімшілік құқықбұзушылық саны артып тұр, яғни ауданда бес айдың ішінде 167 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді.
Бұдан бөлек, кейбір білім ордасы, балаларды сауықтыру демалыс орталығы «Шағала» лагерінде санэпидемиологиялық нормалар бұзылған. Осы секілді басқа да мәселелер, анықталған олқылықтар баяндалды. Прокурор сөзі тәмамдалған соң аудан басшысы аталған сала басшыларына қатаң ескерту жасап, мәселені тез арада қолға алуды тапсырды.
Одан кейін мінберден орын алған аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Ғани Құрманалиев балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады.
Полиция басшысы орынбасарының мәліметінше, оған дейін мемлекеттік және мемлекеттік емес қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, аудандағы 38 мектеп, 3 колледж бойынша оқушылардың құқықтық білімін арттыруға, есірткі және басқа қылмыс түрлеріне жол бермеуі жайында сұхбат, кездесулер жасалған. Бұдан бөлек, түнгі рейдтік жұмыстар да өз жалғасын тауып келе жатқанын айтты.
Профилактикалық жұмыстар барысында барлығы 167 құқықбұзушылық анықталған. Оның ішінде жасөспірімдерге шектеулі түнгі уақытта жүрген, ойын-сауық орталықтарында болған барлығы 107 оқушы анықталған. Оларға бірінші ескерту жасалып, екінші рет қайталанған жағдайда ата-анасына 25 мың теңге көлемінде айыппұл салынуда. Сонымен қатар балаларын тәрбиелеу және білім беру жөніндегі міндеттерін орындамаған 19 ата-анаға әкімшілік құқықбұзушылықтың белгігі бабы бойынша шара көрілген. Тиісінше сотқа жолданып, 39 мың шамасында айыппұл салынған. Тағы өз міндетін орындамаған 2 ата-ана құқығынан айырылды. Сондай-ақ отбасындағы бұрыс қатынастың нәтижесінде үйінен безген жастарда анықталған. Полиция бөлімі басшысының орынбасары Ғани Құрманалиев бұндай жағдайлар көбіне мектептен тыс уақытта орын алғандықтан, балалардың бос уақытын тиімді пайдалануға және ата-ананың баламен дұрыс қатынаста болуын сұрады. Жалпы полицияның басты міндеті қылмысты ашу ғана емес, оның алдын алу екенін де тілге тиек еткен ол ата-аналар мен ұстаздар қауымына анықталған құқықбұзушылық жағдайды дереу полицияға хабарлау керектігін айтты.
Аудандағы оқу жылының аяқталуы және оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру, кәмелет жасына толмағандар арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар жөнінде білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов баяндады.
Ал аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Жолтаев ауданда «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы тұжырымдамасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндама жасады.
2024 жылы аудан әкімдігіне қарасты 24 мәдениет ошақтарында «Адал адам» мәдени-тәрбие тұжырымдамасының 7 бағыты бойынша 505 іс-шараның жүзеге асырылу көзделген. Мәдениет үйлері мен клубтардың «Адал адам» тұжырымдамасы бойынша ғимараттарды тақырыпқа сай ішкі және сыртқы безендіруіне 2 млн 569 мың теңге қаралып, тиісті жұмыстар атқарылған. Жобаның 7 бағытына сәйкес 24 мәдениет ошағында 331 іс-шара өткізілді. Атап айтар болсақ, «Кино тайм», «Әлем бук», «Арт» уақыт жобасы, Еріктілер тобы, «Сұхбат тайм», «Креативті хаб», «Жанұя шуағы» жобасы бойынша 300-ге жуық шара өткен.
«Адал адам» мәдени-тәрбие тұжырымдамасының «Еріктілер тобы» шеңберінде Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Роза Бағланова атындағы мәдениет орталығы жанынан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына орай «Шабыт» еріктілер тобы құрылған. Топ тарапынан тазалықты сақтауға арналған челлендждер, сенбілік жұмыстарын жүргізушілер үшін ұйымдастырылған «Бауырсақ пати» әлеуметтік желі қолданушыларының оң ықыласына бөленді.
Бұдан бөлек, Болат Әбенұлы оқушылардың жазғы демалысын тиімді пайдалану үшін аудан көлеміндегі мәдениет ошақтары жанынан құрылған үйірмелер жұмыс жасауға толықтай дайын екенін де атап өтті.
Мәжіліс соңында аудан әкімі оқушылардың жазғы демалыс уақытын тиімді ұйымдастыру, жасөспірімдер мен жастар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу, демалыс уақытында балалардың қауіпсіздігін басты назарда ұстап ата-аналармен тығыз байланыста болу жөнінде тиісті сала басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
Айта кетейік, кеңейтілген мәжіліске аудан прокуроры, аудандық мәслихат төрағасы, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, аудандық мәслихаттың депутаттары, мекеме-кәсіпорын басшылары, кент, қала және ауылдық округ әкімдері, аудандық қоғамдық кеңес, ардагерлер кеңесі және әйелдер кеңесінің төрағалары, ата-аналар комитетінің өкілдері, аудандағы білім беру ұйымдарының басшылары мен бітіруші сыныптардың сынып жетекшілері қатысты.
Серік АҚМЫРЗА
ФОТО: Нұрлан ҚАНАТ