Қуаттылық һәм қымбатшылық
Адамзат дамуының озық өнертабысы саналатын электр энергиясын пайдалану өмір сүрудің ажырамас бөлшегіне айналды. Өркениеттің өркендеуіне өлшеусіз өріс берген дәл осы жаңалық ауқымы артып, тұрмыстың түзелуінің негізгі тетігіне айналды. «Жарықтының күні қарық, жарықсыздың күні қаріп» деген заманауи мақалды тудырған Қазақстан электр қуатын өндіретін және экспорттайтын мемлекет. Алайда қуаттылық пен қымбаттылығы жағынан қуанта алмайтыны анық. Саланың серпін алмауына не кедергі? Қандай тетікке маңыз бермей отырмыз? Сараптап көрдік.
Табысты таза энергия
Электр энергиясы – экологиялық таза энергия түрінің бірі. Ежелгі грек философы Фалес тәжірибесінен табылған жаңалықты жаңғырту ісі сол кезеңнен бері толастамаған. Алғаш Еуропада электрмен ауқымды тәжірибелер жасау басталады. Магдебург мэрі фон Герике салған электростатикалық қондырғы, Стивен Грейдің электр тогын қашықтыққа тасымалдау бойынша табысы оның қажеттілігін ұғындырды. Бұл бағыттағы электромагниттік әрекеттесу, Ампер, Гаусс, Джоуль, Ленц, Омның электр ізденісі ілгерілетті. Бертін келе ашылған электростатикалық өріс теориясы, электромагниттік индукция, құбылысы кванттық электродинамика теориясы көпке таныс.
Ескі стансалар есті кетіріп тұр
Балам: «Мама, күн бұлттанып тұр. Телефоныңды зарядтап ал, қазір сібет сөнеді», – дейді», – деді Айсұлу Қаниева. Күлетін нәрсе емес, таныс көрініс. Биылғы көктем Қызылордада жаңбырлы болды. Демек жарық та жиі сөнеді деген түсінікті халыққа қалыптастырған. Жауапты мекеме не саланы кінәлауға негіз жоқ. Олардың басты жұмысы – көнерген құрылғыларды жаңалаудан әрі аспауда.
Кадр тапшылығы да кедергісін келтірген.
«Күнделікті еңбегі еленіп, жұмысы көзге көрінбегенмен, бұл мамандық маңызды. Өнімді жұмысты қашан да білікті мамандар атқарады. Қазір ешкімнің бұл салаға барғы келмейді. Себеп те жоқ емес. Жалақысы арзан. Қауіптілігі жоғары. Маман тапшылығын жоюға базалар жасақталып, жүйелі жұмыстар жасалуы керек», – дейді ардагер энергетик Амангелді Алпамысхан.
Қазіргі таңда Қазақстанды жарықтандырып отырған 220 стансаның 60 процентке жуығының тозығы жеткен.
Тапшылықты еңсеріп, экспорттық әлеумет көлемін көбейту күн тәртібінен түспейді.
ҚР энергетика министрлігі өткен жылы 35 гиговатқа дейін қосымша жаңа генерациялау қуаттарын арттыруға бағытталған іс-шаралар жоспары әзірленген-ді. Егер қолданыстағы электр стансаларын жаңғырту ісі жанданса, қосымша 5,6 гиговат қамтамасыз етелмек.
Жоспарда электр станцияларындағы 10 энергоблок, 55 қазандық және 45 турбинаны жөндеу де межеленген.
Қазақстанның энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев үкімет отырысында жыл ішінде 2 энергоблок, 12 қазандық және 2 турбинада жөндеу жұмыстары жүргізілегенін жеткізді. 1 энергия блогы, 1 қазандық және 4 турбинадағы жөндеу аяқталған.
Министрдің мәлімдеуінше, жыл соңына дейін 20,9 мың шақырым электр беру желілері, сондай-ақ 423 бірлік жоғары вольтты қосалқы станцияларды жөндеу межеде тұр.
Салалық министрлік ұсынған сандарға сенсек, 2024 жылы 6,2 гигават болжамды тапшылық жойылады деген жорамал бар.
2023 жылы елдегі тұтыну көлемі 115 миллиард киловатт сағатты көрсеткен. Оның 112 миллиардын елдегі стансалар өндірсе, 3 киловаты Ресейден келген. Қазақстан 1миллиард киловатт сағат элекр энергетикасын шетелге шығарған.
АЭС: қауіп пен қауқар
Сұраныс артқан сайын тапшылық туындайтыны белгілі. Жоғарыда көрсетілген жұмыстар салаға түбегейлі өзгеріс әкеліп, жандандыруға қауқарсыздығын көрсетіп отыр.
Қажеттілікті өтеу үшін бірнеше жыл бұрын халықтың бір тобы АЭС салуды айтқан. Ал екінші тарап адамзат басына қасірет әкелген апаттардың дені осындай стансалар кесірінен орын алғанын алға тартады. Бұл орайда алпауыт елдердің өзі бұл тәуекелге бел бумай отырғанын да ескеру орынды.
Егер өмірдің әлемдік қоры 270 жылға, мұнай 50 жылға дейін, газ 70 жылға дейін жететінін ескерсек, АЭС салу қажеттілігінің маңыздығыны ұғынуға болады.
Дүниежүзіндегі бай уран қоры бар үштікке кіретін елге бұл табиғи байлықты пайдаланудың мүдделілігі туындап отыр. Әлемдегі 191 атом электр станциясы бар. Олар 31 мемлекетте орналасқан.
Өткен жылғы желтоқсанда Қытайға атом электр станцияларының жұмысына арналған жылу бөлгіш құрастырмалардың бірінші партиясы жеткізілді.
Егер АЭС жұмысы жүрсе, қазақстандықтар төмендегідей артықшылықтарға қол жеткізеді. Біріншіден, электр энергиясын өндіру арзанға түседі. Екіншіден, атмосфераға тарайтын зиянды түтін көлемі азаяды. Үшіншіден, 1000 МВт қуатқа ие жаңартылған энергия нысандары жылына 8 миллион тонна оттегі жұтса, АЭС оттегіні қажет етпейді.
ЖЭС-ті құру үшін ірі көмір не газ кен орындары, тасымалдау көп қаражатты талап етсе, АЭС-ке қажетті уранға бір жүк машинасы ғана керек. Қолданылатын отын, қайта өңделіп оны тағы да пайдалануға болады. Негізгі басымдылығы, АЭС қуаты қауқарлы. Яғни 1000-1600 Мвт.
Баламалы бағыт
Дүниежүзі халқы өсімін осы қарқынмен жалғастыра беретін болса, бірнеше жылда жер бетінде табиғи энергия қоры түгесілері сөзсіз. Бұл орайда дәстүрлі энергия көздерін алмастыратын баламалы энергия басымдылығы туралы айтылып жүр.
2019 жылдың өзінде бүкіл әлемде жалпы қуаты 200 ГВт болатын ЖЭК орнатылды.
Табиғат үрдістерінің есебінен тұрақты берілетін энергия жаңартылған энергия көздеріне саналады. Ғалымдар жаңартылған энергия мүлдем таусылмайтынын және қолжетімділігін айтады.
Баламалы энегияны тұтынуға көшу – қажеттілік талабы. Қазақстанда оның бірнеше көзі бар. Мәселен шығыс, оңтүстік-шығыс, оңтүстік аймақтардағы су электр станциялары мен жел электр станцияларынан электр энергиясын өндіруге болады. Табиғи ерекшелік – желдің қуатын пайдаланудан да ұтарымыз көп. Каспий жағалауы және Алатау, Қаратау, Алтай тауы асулары, шөлейтті жерлердегі соққан желдерді де қажеттілікке асыру орынды. Алайда жел энергетикасын салу Қазақстан үшін тым қымбатқа соғады. IRENA-ның деректері соңғы жиырма жылда құрлықта және теңіздегі желден энергия өндірудің әлемдік қуаты 75 есеге өскенін айтқан.
Біздегі күн энергиясын қолдануда да мүмкіндік мол. Экологиялық тұрғыда таза, дыбысы естілмейтін, қауіпсіз. Тағы да қымбатшылық қолбайлау. Сондай-ақ ауа райы мен тәуліктің уақытына тәуелді жүйенің –құбылмалы табиғи ерекшелігіндегі беталысын бақылау да қиын.
Жердің жылуын, таяз ұңғымаларды пайдаланып, үлкен салымдарды қажет етпейтін геотермалдық энергия, жылу, электр және жанармай, қатты, сұйық және газ тәрізді биомассадан алынатын биоэнергияны да көпшілік біледі. Соңғы уақытта альтернативті энергияға көшкен елдер де бар.
Үнемдеген ұтады
Бүгінгі алаң – электр энергиясын үнемдеу. Әлем жұрты жаңартылатын энергия көздеріне көшудің үлкен мақсаттарын қойып, түрлі заңдар қабылдады. Өкініштісі, елімізде электр энергиясын үнемдеу деген түсінік толық қалыптаспаған. Күнделікті тұрмыста тұтынатын техникалық құралдарды пайдану ережелерін сақтамау салғырттығы толастар емес.
Мамандардың айтуынша, электр энергиясын үнемдеу арқылы қоршаған ортаның ластануын азайтуға болады.
Британдық Cable.co.uk басылымы рейтингінде электр қуаты арзан үш мемлекет: Африкадағы Ливия, Ангола және Судан болса, Соломон әулие, Елена аралдары мен Вануатуда электр қуаты ең қымбат ел екенін анықтаған. Қызығы, Қазақстаннан электр қуатын экспорттайтын Қырғызстан Орта Азиядағы ең арзан тұтынушысы бар мемлекет.
Қазақстан тариф құны төмендігі бойынша он алтыншы тұғырда.
Елдегі стансаларды жөндеу жұмыстарын желеу қылып, тарифті өсіру үрдісі үзілмей келеді. 2024 жылы қуаттылықтың шекті тарифінің деңгейі айына 1065 мың теңге болып белгіленген.
Арынына әлем сүйсінетін, Орта Азиядағы алпауыт энергия көзі бар елдегі токка төленетін ақы өмір сүру деңгейіне шағылатын нормаға сай келмейтіні көпті қынжылтады. Тіршілікке тыныс берген күретамыр саладағы сапаға сүйсіне алмай отырған жұрт әзірге «Үп еткен желге дірілдей берме, Шыдамдылықты ұнатады өмір» дегенді қанағат тұтатындай.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА