Құрылыс қарқыны қуантады

Жақында М.Зинабдинұлының тапсырмасына сәйкес, аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев ауылдық елді мекендерде салынып жатқан бірқатар құрылыс нысандарын аралап, жұмыстың сапасын бақылады.
Жалғас Оңғарұлы алдымен Жанқожа батыр ауылындағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтерген 300 орындық мектеп құрылысына барды. Қазіргі таңда жаңа білім ордасының бірінші қабатының терезелерін орнатып, екінші қабатының кірпіші өрілуде.
Мұнан соң Бекарыстан би ауылына барып, елді мекенде жуық арада басталған спорт кешенінің құрылысын көрді. Құрылыс жұмыстарымен мердігер мекеме «Жылу ХХІ» ЖШС тайналысуда. Дәл қазіргі уақытта спорт кешені құрылысының жер қазу жұмыстары аяқталып, іргетасы қойылып жатыр.
Аудан әкімі орынбасары Кәукей ауылына арнайы ат басын бұрып, ондағы 100 орындық ауылдық клубтың құрылыс жұмыстарын да бақылады.
Бүгінгі таңда клуб құрылысы толықтай аяқталуға жақын. Мердігер мекеме «SCSИнжиниринг» ЖШС қызметкерлері ішкі әрлеу және жабдықтарын орнату, клуб ауласын аббаттандыру жұмыстарын жүргізуде.
Жаңа нысанмен танысқан топқа аудан әкімінің орынбасары құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы мен мердігер мекемелердің жауапты қызметкерлеріне құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытылы жүргізілуін қадағалауды тапсырды.
Серік АҚМЫРЗА