Қазақстанда жыл сайын 600-ден астам әйел жатыр мойны обырынан көз жұмады
Фото: freepik.com
Жыл сайын Қазақстанда жатыр мойны обырының 1 900-ге жуық жаңа жағдайы тіркеліп, 600-ден астам әйел бір жылда осы патологиядан көз жұмады. Бұл туралы Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Досмырзаева ӨКҚ бнифингінде мәлім етті.
«Адам папилломасы вирусы (АПВ) — теріні және дененің әртүрлі бөліктерінің шырышты қабықтарын зақымдайтын вирустар тобы. Вирус жылдам таралуға қабілетті, қатерлі ісікті өзгеруге әкелетін қоздырғышқа айнала отырып, соның салдарынан қатерлі ісікті дамытуымен қауіпті. Жатыр мойны обырының дамуына әйелдің АПВ инфекциясын жұқтыруы себеп болатыны ғылыми дәлелденген. Статистикаға сүйенсек, жыл сайын Қазақстанда жатыр мойны обырының 1 900-ге жуық жаңа жағдайы тіркелді, 600-ден астам әйел бір жылда осы патологиядан көз жұмады. Біздің елімізде жатыр мойны обыры барлық жастағы әйелдер арасында сүт безінің обырынан кейінге кең таралған обырдың екінші түрі болып саналады», — деді Гүлназ Досмырзаева.
АПВ келесі жолдармен беріледі:
— Тұрмыстық жанасу жолымен — АПВ қол алысу, сүю, терідегі зақымданулар арқылы берілуі мүмкін. Вирус ылғалды ортада тез таралады, сондықтан қоғамдық орындарға барғанда өзіңізді ұқыпты ұстағаныңыз дұрыс;
— Жыныс жолымен — вирустардың онкогенді типтері жыныстық жолмен берілгенде жыныс мүшелері аймағында орналасатын ұшы сүйір сүйелдерді тудырады;
— Тікелей жолмен туу кезінде — вирус анадан сәбиге оның босануы жолдарымен өту кезінде беріледі. Сүйелдер көбіне нәрестелерде өмірінің алғашқы жылдарында ауызда немесе теріде пайда болады;
— Өзін-өзі жұқтыру жолы — АПВ қырыну немесе эпиляция кезінде дененің бір бөлігінен екінші бөлігіне жиі ауысады.
Досмырзаеваның сөзінше, бүгінгі таңда АПВ емдеу жолы болмаса да, алдын алудың бірден бір әдісі — бұл вакцинация.
«Адам папилломасы вирусына қарсы вакцина 15 жылдан астам уақыт бойы әлемнің 135 елінде қолданылып келеді. ДДҰ мәліметтері бойынша, 4 елде АПВ вакцинациясын енгізгеннен кейін аурудың таралуы айтарлықтай төмендеді. Айта кетсек, осы жылдың күзінде Қазақстанда 11 жастағы қыздарға АПВ-ға қарсы вакцинацияны бастау жоспарлануда.Елорда тұрғындарын, әсіресе, қыздардың ата-аналарын аталған аурудың алдын алу және өскелең ұрпақтың сау болуы үшін уақытылы вакцина қабылдауға шақырамыз», — деді басқарма басшысының орынбасары.