Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақсаған атакәсіп, тау-тау тері

Ақсаған атакәсіп, тау-тау тері

Фото: ашық дереккөзден
Бәрімізге таныс «Менің атым Қожа» фильміндегі қос баланың Жұмағұл шопанның елтірісін ұрлап кететін көрінісі бүгінгі буынға қызық әрі түсініксіз. Мәселені тарқатайық. Сол бір еліткен елтіріні қазір елейтін жан жоқ. Қоқысты толтырған төрт түліктің терісі қажетсіз болып тұр. Сыры неде? Байыптап көрейік.
Кез келген елдің дамуы оның ауыл шаруашылығы, шикізаттық және өнім өндірушілік көрсеткішімен өлшенеді. Өткен ғасырда сапалы, балғын терісімен посткеңістік мемлекеттерді қамтыған қазақтың бүгін шаруашылығы шатқалақтаған.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары өзге өндіріс орындары сынды өз жұмысын тоқтатқан тері өңдеу ісі егемендік еншіге тиіп, еңсе тіктелген тұста да тұралап тұр.
Алғашқы себеп, күнкөріс қамымен қалаға үдере көшкен қалың қараның мал шаруашылығын маңдытуға жағдайы да, мүмкіндігі де болмауы.
Мәселеге мемлекет маңыз беруі керек дейді маман.
«Бұл жерде бірнеше проблема топтасып отыр. Экономикаға иек артқан мемлекет барлық мүмкіндіктерді қарастырып, түйткілдің шешілуіне жол ашуы керек. Әлі күнге дейін жеңіл өнеркәсіп өндірісін дамытуда кедергілер жетерлік. Мәселен салықты реттеу, экспорттауда қиындық көп. Бағаның да бәсекелестіктегі құнының төмендегені де мәлім», – дейді ауыл шаруашылығы саласына тер төккен ғалым Аймағамбет Нұртазаев.
Деректерге жүгінсек, дүниежүзі бойынша ең көп қойлы ел – Аустралия. 130 миллионнан аса шопан төлі бар аталған мемлекет жеңіл өнеркәсібімен ел қаржысын қампайтып, экспорт әлеуетін арттыруда. Тері шикізаты бойынша Түркия екілікті толықтырады.
«Біздің бала күнімізде 40 түтіні бар шағын ауылдың өзінде үлкен тері қабылдау пункті жұмыс істеді. Қыста, жазда терінің бұзылмауы үшін температурасы да бақыланатын кең қоймасы бар. Әртүрлі құралдары болатын. Соны көріп өстік. Қазір біреуі де жоқ. Бірер жыл бұрын тиын-тебенге мал терілерін, қырқыған жүндерді қабылдайтын. Қазір ол да жоқ. Естуімше, шекара шегендеулі. Тастауға мәжбүрміз. Көміп тасаған жерден иттер сүйреп, жердің бетіне шығарып тастайды. Тіпті жылағың келеді», – дейді ардагер Бақберген Өмірәлі.
Тері қабылдайды деген екі кәсіпкердің номерін та­уып, тілдескенімізде, Данияр Әлмерек ісін тоқтатқанын айтып, қысқаша жауап қатса, Мерей Жүсіп телефонын көтермеді. Дауыстық хабарламамызға да жауап болмады. Өзінің толық атын атамауды жөн сұраған азамат терілер көршілес қырғыз еліне, ол арқылы өзге де шет мемлекеттерге, Қытайға заңсыз асып жатқандығын айтады. Тіпті жасырын, заңсыз орталықтар Алматы өңірінде көп екендігімен бөлісті.
«SAMGAUSmg» брендін қалыптастырған Сам­ғау Нәсіпханұлы төмендегі жағдайды жеткізеді. «Жақында Өзбекстанда болдым. Сонда естігенім, ол жақта тері өнімдерін шет елдерге шикізат ретінде шығаруға қатаң тыйым салынған. Тиісінше кластерлік даму жолға қойылған. Нәтижесінде сыртқа экспорттайтын үлес 11-12 пайыз, біздікі 1-2 пайыз ғана», – дейді. Аяқ киім өндіруші кәсіпкер салдарынан бізге дұрыс тері жетпейтінін, дұрыс тері жетпегеннен кейін, дұрыс аяқ киім жасай алмайтынын айтады. Көршілес елдегі импорттық көлем ұлғайған. «ZARA», «Adidas» сынды брендттер сертификатын алып, ішкі өндірісті дамыту қолға алынған.
Шикізат сатып, шекеміз шылқымайды. Бұл пікірді осы жолда тер төккен Кемелбек Әбілбекұлы айтады. 1993 жылдан бері тері өндіруді қолға алған ол қиындығымен бөлісті. Теріге мән берілмейді. Қалай болса, солай сойылады. Сондай-ақ күзде малдың қырқылмауы да кедергі. Барлық құрал-жабдықтар, шикізатты өңдеуге қажетті қоспалар түгел дерлік шетелден әкелінетінін ескерсек, тиімсіздігін ұғынамыз. Сондықтан көп кәсіпкердің бойлай бермейтіні содан.
Соңғы отыз жыл ішінде елімізде жұмысын бастаған 17 зауыттың, 2-уі бүгінде жабылу қаупінде. Ірі қара терісінің 80 пайызы өңделуге келсе, қой терісіне сұраныс әлемде жоқ. Жылқы терісі мүлде жарамсыз. Жұмысы жанды 4 жүнді қайта өңдеу, 5 аяқ киім шығаратын фабрика қазақстандықтарды қамтуға жеткіліксіз.
Бәріне таныс Тараз, Түркістанда, Алматы, Екібастұздағы тері өңдеу кәсіпорны, Жамбылдағы аяқ киім шығаратын кәсіпорынға да қолдау қажет.
Алматы облысы Елтай ауылындағы тері өңдеу орны 40 тоннаға дейін өңдей алады. Италия, Қытай, Түркия, Таиландтан шикізатқа тапсырыс қабылдауда. Әзірге тек былғары қолғап тігуге ғана қауқарлы.
Керекулік кәсіпкер Руслан Мұстафиновтер тері жинау бизнесін бастағанымен, мемлекет ынталандыруға ықылассыздығына қынжылады.
Елімізде 8 миллион ірі қара бар. Олардың 17 миллионы ұсақ малдың еншісінде. Тұлыпқа айналып жатқан теріні субсидиялайтын бағдарлама қажеттігі көтерілгеніне бірнеше жыл болса да, бастамада «сең бұзылмаған».
Мәліметтерге зер салсақ, біздің өңделмеген сиыр терісінің бағасы әлемде төмен. Бар-жоғы 50 долларға бағаланады. Ал АҚШ-тікі 130 долларға тең.
Тағы бір қолбайлау, мал сойылғанымен, ол орындарда тері дайындайтын, сақтайтын цехтардың болмауы.
Соңғы жылдары тері өндірушілер қауымдастығы теріден желатин жасайтын өндіріс орнын ашу туралы бизнесті қолға алған. Жұмыс жанданса, мал терісі жүзеге асады. Ас өндіруде де көмегін тигізеді.
Алматымен іргелес Көкөзек ауылындағы «Almaty Tannery+» ЖШС шикізат Алматының айналасындағы ауылдардан жинайды. Дайын өнімді Алматы, Тараз, Ақтау, Қараған­ды қалаларындағы мемлекеттік тапсырыстарды орындаушы фабрика, цехтар тұтынады. Арнайы етіктер, әскери етіктер дайындалады.
Тараз қаласында орналасқан «ТаразКож­Обувь» ЖШС тері өңдеу жергілікті жерден жетпеген шикізатты өзге өңірлерден алады. Зауыт сиыр, қой терісін қабылдайды.
Шымкент қаласындағы «Turan Skin» ЖШС 1 күнде (күндіз) 1000 теріні өңдеп, дайын өнім қылып шығарады. Дайын өнімді Қытай, Түркия, Италия, Пәкістан, Балтық жағалауы елдеріне экспорттаған.
Біз санамалаған дерек импортты айтып, төл өнімге сұранысты бағыттау қажеттілігі туып тұрғанын көрсетуде.
Дамыған елдер Италия, Франция, Түркияда ата-бабалары бастаған жолды жалғастырып келе жатқан ұрпақ сол саланың өсіп-өркендеуіне тәжірибе және жаңашылдық арқылы қол жеткізуде. Ал біз тері өңдеу, жүн өнімдерін дамыту ісінен қол үзіп қалдық. Көз алдыңа ақсақ адамды елестететін көрініс жағдай жалғасса, ендігі жиырма жылда мүлде жоғаларын жорамалдатып отыр. Денсаулыққа пайдалы өндіріске бетбұрыс жасасақ, тиынға кетіп, тиімсіздігін тудырған агроөнеркәсіп кешенін дамытуға алғышарт болар еді.


Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
14 мамыр 2024 ж. 199 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031