Әскердегі әсерлі сәт
Адамның өмірінің белгіленген мөлшеріжоқ. Оның бағасы жасаған жасымен емес, еңбегімен, қоғамға адамдарға тигізген пайдасымен отанға деген сүйіспеншілігі, соңында қалған ұрпағының бойына сіңірген үлгі-өнегесімен өлшенеді.
Жас ұрпақ мектеп қабырғасында жүргенде өз денсаулығының мықты болуына көңіл бөліп, спортпен шұғылданып, алғашқы әскери өнерге ден қойса, азаматтық парызын өтеуге барғанда қиналмай, қорықпай айналасындағылардың қай-қайсысымен де тез тіл табысып кететін болады. Өйткені ол өзіне сенімді екенін көрсетеді. Адал адам отбасына, әулетіне, қызметіне, жеріне, еліне, Отанына адал болуы керек.
Мен әскери борышымды өтеуге үш жыл кейін бардым. 1966 жылы, №70 кәсіптік-техникалық училищесінде еңбек шебері болып жүріп, азаматтық борышымды өтеуге 25 желтоқсанда армия қатарына шақырылдым.
1967 жылы №7 Алматы-Москва поезында жаңа жылды жолда қарсы алдық. Бізді әскери теңіз флотының капитаны бастап, Солтүстік мұзды мұхитына Мурманск облысының Севедоморск қаласына алып келді. Бұл жерде дәрігерлік тексеруден өткізіп, көбісін жағадағы әскери жасақтарға жіберді. Біздер Қазақстаннан барған қазақ балалары сынақтан сүрінбей өтіп, әскери формамызды киіп, сол жердегі корабльдерге бөліндік.
Төрт жігітпіз. Қазалыдан екеу, Қызылорда және Шиеліден. Мина таситын корабльге келдік. Корабльде бір ай оқып, корабльдің құрылысы, әскери флот жарғысын жаттап, емтихан тапсырдық. Корабльдің командирі Борис Апушкин келіп, бізбен танысып, танысып, оңболсын айтып, жағдайымызды сұрап жатыр. Біз кірген корабльде он бір ұлт өкілі болды. Басқарып жүрген аға сержанттар, старшиналармен танысып, бір үйдің баласындай тату-тәтті әскери міндетімізді абыроймен атқаруға кірістік.
Жауынгерлік достықтағы басты нәрсе – өзара түсіністік, адамның адамгершілігін құрметтеп, сыйлай білу, жолдасының іс-әрекетін мадақтап, көтере білуге ұмтылу, қасиеті болса, тіке айтып, тоқтата білу, сөйтіп өзің де қаһармандық іс жасауға құлшыну болмақ. Әскери қатарында жүргенде адамның барлық қасиеті сынға түседі. Егер елде жүргенде адамның кейбір ерекшеліктері байқалмаса, ол азаматтық парызын өтеу үстінде ашылады. Әскердегі адамның психологиясын қилы, жеке және қоғамдық өмірде адал қасиеттеріне әскери кезең әсер етпей қоймайды. Азамат әскери борышын өтеп жүріп, соғыс әдіс-тәсілдерін, қолдағы қаруларды қалай пайдалану, нысанаға дәл тию, дұшпанды одан бұрын жайрату, өлу үшін емес өмір сүру үшін машықтанады. Жастарға әскери комиссарияттан шақыру қағазын алып келген сәтте-ақ қорқыныш сезім пайда болады. Бұл қорқыныш парыз сезімінің күресі. Ал, парыз адамгершілік сезімі. Намыс, ар-ұят адамды кез келген опасыз сәтте қорғайды. Өлімнен ұят күшті. Адам өзінің ар-намысын және азаматтық абыройын қорғай отырып, ең ұлы сезім азаматтық парызын орындау үшін ата-ана, ағайын-туыстардың да қауіпсіз болуын ойлап, саналы түрде өз басын қауіп-қатерге тігуге мәжбүр болады.
1967 жылы Солтүстік мұзды мұхиттан үш корабль, ортамызда басшы корабліміз бар. қақ теңізге жол тарттық. Қыстың кезі. Ашулы арыстандай ақ көбігін аспанға атып, долданып жатыр. Неше түрлі жыртқыш балықтар, акула, қос аяқ, касаткалар ауыздарын ашып, корабльді айнала жүзіп жүр. Біздер қару-жарағымызды сайлап, артиреллияларды дайындап келеміз. Біздің мақсатымыз – шетелдің корабльдерін біздің шекарамызға жібермеу. Мұзды мұхиттың бір аралына жақындағанда алыстан мұз таулары көрінді. Судың бетінде екі қабатты үйдей үсті толған шағалалар және теңізде жүзетін бөтен құстар. Сөйтіп, екі күнде солтүстік мұзды мұхит северное теңіздері артта қалып, Норвегия теңізі жағалауында келеміз. Биік ұштары біздей таулар көрінді. Тау етегінде түзу, қалың өскен қарағайлар менмұндалап көз тартады. Осы қалпымызбен аман-есен Атлант мұхитына келіп жеттік. Бұл жерде командиріміз дабыл қағып, «Абай болыңыздар! Ретсіз палубаға шықпаңыздар, дауыл соғатын жер» деп ескертіп жатқанмен біздің басымызға мұхит беті теп-тегіс айнадай жарқырап жатыр. Суда дельфиндер ойнап, балықтар секіріп, киттер тобымен төбесінен су атқылап жүзіп жатты. Жақындағаннан алып құйрықтарын салп еткізіп, сүңгіп кетеді де 50-60 метр жерден қайта шығады. Енді жоспарымызда Жерорта бейтарап теңізі. Бұл жерде американдық вертолет, самолет қонатын үлкен кеме жүріп өтті. Германияның мина таситын торпедасы бар кемелері мен катерлері жүрген. Соған кездестік. Олар туын түсіріп, белгі беріп, сәлемдесіп жатыр. Бізде сәлемдесіп өттік. Біздің командиріміз ағылшынша сөйлеп, жарыс ұйымдастыратын болдық. Ортаға бензин құйған бөшкені тастап, соны екі жақтан ататын болдық. Үш рет айналып ату кезінде біздің зенит артериясының матростары бірінші тигізіп, бөшкені жарды. Жеңіс біздікі. Содан кейін жылдамдыққа басып, жарыс ұйымдастырдық. Бұл жарыста да біз көш ілгері болдық. Кемелер бір-біріне белгі беру арқылы тарастық. Жерорта теңізінен Қара теңізге жеткенше, тағы қос теңізден өттік.
Бұл жерлерде гректер билеген жер екен. Енді Босфор бұғазына келіп, Стамбул қаласынан өтіп, Қара теңізге бет алдық. Стамбул қаласының жағасында әскери жасақтар орналасқан. Осман империясынан қалған қорғандар, темір қоқыстар, тастан қаланған үйлер, София мешіті көрінеді. Біздер кемеде қатар-қатар тұрып, өтудеміз. Алдымызда Қара теңіз. Кемеміз барлығымызды радио арқылы бір айдың ішінде екі мұхит, жеті теңізден жер шарының экваторынан аман-есен өтіп, өз елімізге келеміз деп құттықтап жатыр. Бізде бір-бірімізді құттықтап мәзбіз. Ел тұтас дүние – оның қадірі зор. Туған жердің құдыреті ел тағдырымен байланысты және ел мен жерге деген адал махаббатын, өшпес сағынышын, асыл қасиетін шалғайда ел ішінен шығып, қиырға қара үзіп кетіп, алыста жүргендер ғана айрықша анық сезеді. Қадір-құнын жетік біледі. Сондай қашықта жүрсекте, Отанға деген сүйіспеншілігіміз артпаса, кеміген емес. Әскери теңіз флотының ортаңғы Севастополь қаласына келіп тұрақтап, әскери борышымызды жалғастырып, енді кемені жөндеу мақсатында келесі қаладағы кеме жөндейтін зауытқа келіп тұрдық. Сол жерде арнайы құрылғы көмегімен кемені көтеріп, матростарды бөтен кемеге жіберіп, тек қана оны жөндейтін адамдарды алып қалдық. Ол кезде мен кемедегі зенит артериясының аға сержантының қасында өз командам бар. Жөндеу жұмысына кірісіп кеттік. Әскери қызмет соңында жоғарғы орталық штатта үш айлық партия мектебі ашылып, мені соған оқуға жіберді. Оны бітіргеннен кейін партия қатарына өтіп, коммунист болып ауылға оралдым. Менің айтарым, бойында барлық абзал қасиеттері бар адамды тәрбиелеу әскерге алынғанға дейінгі кезеңде жүргізілетін тәрбие жұмысы болуы тиіс. Қазақ халқы "ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің" дейді. Балаға адамның азаматтық, бойындағы барлық жақсы қасиеттері ананың ақ сүтімен бірге берілуі қажет. Сонда ғана Отанын, өз елін, жерін қорғайтын патриот шықпақ.
Жеткербай МАХАМБЕТ