Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өзбек қызы немесе көршіңізбен қандайсыз?

Өзбек қызы немесе көршіңізбен қандайсыз?

Фото: Ашық дереккөзден
Бала күнімде Роза есімді өзбек қызымен қатар өстім. Алашапанды ағайынның үйімен біздің үй қатар тұр. Ортада есік жоқ. Әрқашан ашық тұрады. Кішкентайымызда тіпті туыстардай жақын араластық. Пісірген тәтті, ұлттық тағамдарынан әкеліп, дәм татқызатын. Біз де дәл солай. Бір қызығы сол бала күнгі құрбым өзбек тілінде сөйлей алмайтын. Қызық көріп «бір рет болсын өзбекше сөйлеші» десек, «мен білмеймін» дейтін.
Қатар тұрған көршілермен тек қазақ тілінде ғана емен-жарқын араласатын. Қуанышымызда да, мұңайғанымызда да осы көршімен бірге болдық. Таң атқаннан кеш батқанға дейін бірге ойнап, ауыл көшелерін тоздырушы едік. Сонда Роза сыпайылығымен, тәрбиелігімен, ақылдылығымен есімде қалды. Біздің үйдің бақшасындағы алма ағашы түбінде отырып ұзақ сырласатынбыз. Сонда оның әпкесі ұзатылып жатқан болатын.
– Менің әпкем ұзатылып, той болып жатыр. Уақыт қалай тез өтеді? Екеуміз де мектеп бітіріп, жан-жаққа кетеміз, – деді ол мұңлы жүзбен.
– Бір-бірімізден алыста болсақ та байланысымыз үзілмейтін шығар, – деймін мен де амалсыз.
Ол кезде қазіргідей байланыс құралдары жоқ. Үй телефоны мен «агент» қана гүрлеп тұр. Кейін біз де есейдік. Мектеп бітірдік. Жан-жаққа жолымызбен кете бердық. Арада бірнеше жыл бойы байланыс үзілген еді. Бірде инстраграмнан хабарлама келіп түсті. Сөйтсем, өзімнің көрші өзбек қызым. Ұзақ жылдан соң қауқылдасып, әңгімемізді алыстан өрбіттік. Сол баяғы болмысы. Мүлдем өзгермеген...
«Алыстағы ағайыннан жаныңдағы көршің артық» деген қазекем көршісін қадірлей білген. Осындайда үлкендеріміздің көршілерімен қалай араласқаны еріксіз ойға оралады. Қазір дәл мұндай жылулық, мейірімділік жоқ шығар, сірә?! Іштен әттең дейміз... Кейде Мөңке би айтқан «Бір-біріне қарыз бермейді, шақырмаса, көрші көршіге кірмейді» деген сөзі рас па дерсің. Қош. Ауыл адамдары бір-бірімен туыстай екеніне күмәніміз жоқ. Көршіге кеңпейілмен қарау тек ауылға ғана тән секілді. Ал қалада мүлдем басқа. Әркім өзімен-өзі. Бес қабатты пәтерде бірнеше жыл тұрып бірде бір көршіні тани алмадым. Жасыратыны жоқ. Жұмада жеті шелпек пісіріп таратайын десең, кәдімгідей «мұң». Қорқынышты көзімен қарайтындай. Ауылға қайттым. Бұл жақта мүлдем бөлек. Күнделікті үйге келген көршілер. Шай ішіп, шүйіркелесіп әңгіме айтқан үлкендер. Қысқасы, нағыз татулық пен берекенің иісі аңқитындай.
«Көрші ақысы – тәңір ақысы» дейді ата-бабамыз. Жаңадан көшіп келген үйге қоныс тойын өткізуде де қазақ халқы көрші-қолаңмен танысып-білісуді мақсат тұтқан. Жаңа көршіні ерулікке шақыру да содан туса керек. Көрші туралы қасиетті Құранда былай дейді: «Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған ешкімді серік қоспаңдар. Әке-шешеге, туыстарға, жетімдерге, кедей-кепшіктерге, жақын көршіге, алыс көршіге, жаныңдағы жолдасыңа, қаражаты таусылған жолаушыларға, қолдарыңа қарағандарға (қызметшілерге) жақсылық жасаңдар. Алла дандайсыған тәкаппарларды жақсы көрмейді».
Осындайда ойды ой қозғайды. Мына ғибратты әңгіме есімізге түсті.
Имам ағзам Әбу Ханифаның маскүнем бір көршісі болыпты. Күнде дабырлап сөйлеп, жанұясында жанжал шығарып, түнімен ұйқтамай ел-жұрттың да, имамның да мазасын алған екен. Сол көршісі бірде абақтыға қамалады. Имам болған мән-жайға қаныққан соң, қаланың әкіміне жолығып, көршісін босатып алыпты. Екеуі бірге қайтып келе жатқанда, өзінің бұл қылығына ұялған жігіт: «Өзіңізге жамандығы болмаса, жақсылығы жоқ адамды неге босатып әуреледіңіз?» – деп сұрапты. Сонда имам ағзам: «Жігітім, сен қандай адам болсаң да, менің көршімсің. Көршіге жақсылық жасау – мұсылмандардың міндеті. Мен өз міндетімді ғана орындадым. Қайта кешірек естіп, кештеу қамдандым ба деп өкініп келемін», – деп жауап беріпті. Мұны санасына сіңірген әлгі жігіт тәубаға келіп, имамның шәкірті болған деседі.
Иә, көрші – қонысы ортақ, етене араласатын, аман-саулық сұрасатын кісілеріміз. Қазақ халқы «көршіні Құдай қосады» дейді. Ал сіз көршіңізбен қандайсыз?

Айнұр ӘЛИ
30 сәуір 2024 ж. 190 0