Қазалыда "Пушкин оқулары" атты аудандық байқау өтті
"Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «Пушкин оқулары» атты аудандық байқауы өткізілді.
Байқаудың мақсаты - қазақ тілінде білім алатын жастардың орыс тілі мен әдебиетіне деген қызығушылығын арттыру, орыс тілін меңгерген дарынды жастарды анықтау және қолдау, сөйлеу мәдениетінің деңгейін көтеру. Байқауға 16-22 жас аралығындағы қазақ тілінде оқитын мектеп оқушылары қатысты.
Байқау шарты бойынша қатысушылар А.С.Пушкиннің поэзиялық шығармаларынан жатқа үзінді оқу, А.Н.Крыловтың мысал-өлеңдерінен қойылым көрініс көрсетіп, өзара тартысқа түсті.
Талапкерлердің өнерін сарапқа салу үшін арнайы қазылар алқасының құрамында Ұлжан Ахметова - актриса, аудандық білім бөлімінің ардагер ұстазы, Асқарова Алима - №276 орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Алмаева Жадыра - Қ.Нұрмаханов атындағы №95 орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі әділ бағаларын берді.
Нәтижесінде Бас жүлдені №182 орта мектептің оқушысы – Балауса Болатқызы, бірінші орынды №24 орта мектептің оқушысы – Саяжан Бердібай, екінші орынды №249 мектеп-лицей оқушысы – Нартай Әлия, үшінші орынды №96 орта мектеп оқушысы – Ақжүніс Балдырғанова жеңіп, арнайы Дипломмен, бағалы сыйлықтармен марапатталса, қалған өнерпаздарға Алғыс хаттар табысталды.