Спортшы-ұстаздар сайысты

Турнирдің ашылу салтанатына ауданның бас ұстазы Әділхан Жөлекешов, білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы төрағасы Әбілқасым Роман спорт пен ұстаздықты қатар алып жүрген азаматтардың мерекесімен құттықтап, сайысқа сәттілік тіледі.
Тартысқа толы сайыстың қорытындысына сәйкес С.Сейфуллин атындағы N165 мектеп командасының асығы алшысынан түсіп, жеңімпаз атанды. Қорқыт-Ата атындағы Өнер мектебі командасы екінші орынды еншілесе, N266 мектеп-лицей командасы үздік үштікті қорытындылады. Сонымен бірге "Үздік ойыншы" бағамымен N165 мектептің мұғалімі Н.Дәрмен, "Үздік қорғаушы" бағамымен N104 мектептің мұғалімі Е.Нағымет, "Үздік қақпашы" номинациясымен өнер мектебінің мұғалімі Ж.Өмірбек, "Үздік сұр мерген" бағамымен N165 мектептің мұғалімі Е.Толыбай, "Үздік команда жетекшісі" бағамымен өнер мектебінің мұғалімі С.Отаралиев және "Үздік төреші" бағамымен N249 мектеп- лицейдің мұғалімі М.Сансызбаев марапатталды.
Ал N266 мектеп-лицейдің басшысы Е.Өтепбергенов "Үздік шабуылшы" атанып, жеңімпаздар аудандық білім бөлімінің және білім қызметкерлері кәсіподағының арнайы дипломы, кубок пен медалдарымен марапатталды.