Тариф жобасы талқыланды
Фото: ашық дереккөзден
Жуырда “Нұра топтық су құбыры” шаруашылық жүргізу құқығындағы РМК мамандарының, сондай-ақ БАҚ өкілдері, депутаттар мен аудан тұрғындарының қатысуымен сумен жабдықтау қызметіне тариф жобасын бекіту бойынша жария тыңдалым өтті.
Жуырда “Нұра топтық су құбыры” шаруашылық жүргізу құқығындағы РМК мамандарының, сондай-ақ БАҚ өкілдері, депутаттар мен аудан тұрғындарының қатысуымен сумен жабдықтау қызметіне тариф жобасын бекіту бойынша жария тыңдалым өтті.
Қазақстан Республикасы ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы қарашадағы №90 бұйрығымен бекітілген тарифтерді қалыптастыру қағидаларына сәйкес, филиалдың суды магистральдық құбыр жолдары және таратушы желілер арқылы беру қызметтері бойынша тарифтерді және тарифтік сметаларды бекітуге берген өтінімдері 2023 жылдың 29 желтоқсанында келіп түскен. Соған сәйкес келіп түскен өтінімдерді уәкілетті орган 90 күн ішінде қарап, жұмыс жүргізеді.
Филиалдың жобалық орташа босату тарифі 1 текше метрге ҚҚС-сыз суды магистралдық құбыр жолдары және таратушы желілер арқылы беру қызметі биылға – 956,72 теңгені құрап отыр. Ал алдағы 2025 жылға – 1112,71 теңге, 2026 жылға – 1045,04 теңге, 2027 жылға – 1192,92 теңгеге, сондай-ақ 2028 жылға – 1162,31 теңге, 2029 жылға – 1243,30 теңгеге дейін өсімді арттыру көзделген. Сонымен бірге суды таратушы желілер арқылы беру қызметі үшін биылғы тариф – 725,54 теңге болып бекітілді. Ал 2025 жылға – 753,38 теңге, 2026 жылға – 753,39 теңге, 2027 жылға – 779,90 теңге, 2028 жылға – 829,02 теңге, 2029 жылға – 869,21 теңгеге дейін тарифті ұлғайтуға ұсыным берілді.
Департамент қазіргі таңда қолданыстағы норомативтік-құқықтық актілерге сәйкес, филиалдың тарифтерін бекітуге ұсынған құжаттары қарастыруда. Сонымен бірге “шикізат және материалдар”, “жанар-жағармай” және тағы басқа баптары бойынша түзетпелерді енгізуді қолға алуда.
Жария тыңдауда аудан тұрғындар тарифке қатысты алаңдаушылықтарын айтып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Ал депутаттар болса, комитет нормаларға сай жұмыс жасау керектігін жеткізді. Алдағы уақытта бастамашыл ұжым тариф қымбаттылығына қатысты мәселелерді реттеп, айтылған сын-ескертпелерді ескеріп, жұртшылыққа қонымды шешім қабылдайды деген сенім бар.
Айта кетейік, өңірді дамытуға және жергілікті атқарушы органдардың жұмысының тиімділігін арттыруға, сондай-ақ тұрғындарды сумен қамтамасыз етуге бағытталған Табиғи монополияларды реттеу департаментінің тарифке қатысты шешімі 2024 жылдың 15 мамырында қабылданады.
Арайлым ЖҮСІПОВА