Күй – кеуденің, жыр – жүректің әуені

Жыраулар бөлімшесінің ұйымдастыруымен өткен руханият кешінде аудандық мәдениет орталығының директоры Ғани Хайруллаев сөз сөйледі.
– Мың жыл бұрынғы саздың, күй мен сарынның бүгінгі күнге жетуінің өзі – ұлттық болмысымыздың биік көрінісі деп білемін. Бекзаттықты бойына жиған өнерпаздарымыз барда ғасырдан ғасырға жалғасқан ұлттық құндылығымыз бен мәдениетіміздің ғұмыры ұзақ болары сөзсіз, – деді мәдениет орталығының директоры Ғани Хайруллаев.
Атадан балаға мирас болып қалған жырларды кеңінен дәріптеуде Б.Рсалиев, Ә.Мақсатбаев, Г.Досан, Ж.Құтмаханов, Е.Айдар, О.Балмағанбетов, Ж.Өмірзақ, А.Тұрар, М.Оңғаров, Е.Мәдиқызы, Б.Шындәулет, Н.Темірбек, Д.Ерболат, Қ.Айқара, Г.Байқазаққызы сынды өнерпаздар барын салды.
Ал концертке келген тыңдарман қауымның құлақ құрышын қандырып, күмбезді күй тарту еткен Балқыз Өмірзақ, Тұрар Сәдуақас, Рүстем Шөмекей, Жарылқасын Даржан, Рамазан Айқожа көптің ықыласына бөленді. Сондай-ақ Қорқыт ата атындағы аудандық Өнер мектебінің оқушылары А.Сұлтанбековтің “Домбыра” әнін орындап, өнерлерін ортаға салды.
Шара соңында төл дәстүрімізді терең меңгеріп, халық музыкасы арқылы ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, мәдени мұрамызды қалың қауымға ұсынған өнерпаздар марапатталып, оларға сый-сияпаттар табысталды.
Арайлым ЖҮСІПОВА