Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Еріктілердің еңбегі еріккеннің ермегі емес

Еріктілердің еңбегі еріккеннің ермегі емес


Қоғамда әр түрлі жадайларға тап болған небір мұқтаж жандар бар. Бірі тағдыр тауқыметіне ұшырағандар болса, енді бірі табиғи апаттан, тілсіз жаулардан зардап шеккендер. Көмекке зәру адам кезіксе, қол ұшын созар жандардың жолығары анық. Олар еш ақыны талап етпейтін, қандай іс қылса да жан қалауымен жасайтын жақсылар.
Ғалам тұрғындарының сегізден бірі осы еріктілер ретінде қоғамдық жұмыспен айналысады екен. Олардың саны тұтас әлемде бір миллиардқа жуықтайды. Ал еліміз бойынша мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялағаннан бастап, волонтер саны көбейе бастады. Бұл шешім оларға қолдау болып, еріктілердің еңбегі еріккеннің ісі емес екендігіне дәлел бола алды.
Елімізде орын алып жатқан табиғи апатқа ұшыраған аймақтарға көмектің кез келген түрін жолдап жатқан еріктілер аз емес. Осы ретте аудан тұрғындарының демеуімен Қазалы ауданының қайырымдылық керуені Қобда ауылына жолға шықты.
Әлеуметтік желіге тараған жылы бейнеден кейін еріктілерден нақты қандай заттармен көмек көрсетіп жатқандығын білгім келіп, аталмыш жұмыстың басында жүрген аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Н.Ақпанбетовпен хабарластым:

– Қазір қасымда он шақты жігіт бар. Елдің аманатын тапсыруға және қолдан келген көмекті көрсету үшін арнайылап бара жатырмыз. Ал ауданнан жалпы еріктілердің санын нақты айту қиын. Осы жұмылған үлкен істе әрбірінің үлесі зор. Тіпті базардан зат алуға барғанымызда кәсіпкерлер өздерінің атынан деп киім мен азық беріп жатты. Қолымызда 2,3 тонна ұн, 3,3 тонна күріш, 1 жарым тоннадай сұйық май мен картоп, бір тоннадан аса макарон және тағы да басқа азық-түліктеріміз бар. Сонымен қоса гигиеналық заттар мен балалрға қатысты жүргектер, тіпті ойыншықтарға дейін жиналды. Кәсіпкерлер мен белді азаматтар арасында 100 мыңдап ақшалай көмек көрсеткендер де болды. Сол жиналған қаржыдан қолымызға 1 миллион теңге қоса алып бара жатырмыз. Ауданнан тағы да еріктілер хабарласып, екінші жүк көлігін толтыруға қамданатындарын айтты. Қиын-қыстау заманда бауырларымыздың жанынан табыла білу бізге парыз іспеттес. Ел жұмылса, ойлағанның бәріне жетуге болады деп ойлаймын.
Елдің тұтастығымен қатар ел ішіндегі тыныштықпен қамсыз өмір де маңызды. «Он адам жүрген жерде із қалады, жүз адам жүрген жер – соқпақ, мың адам жүрген жерде жол қалады» деген еліміздің даналық сөзі бар. Еріктілердің біз білетіннен бөлек жасырын қалыпта сауапты іс жасап жүргендері қаншама? Жүректеріне жылулық ұялаған еріктілердің жасырын яки жария жасалған істері қашан да үлгі жол. Әрқайсысымыз ел қамы үшін үлес қосуға тырысайық.
Жанна МИХА
10 сәуір 2024 ж. 528 0