Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыстан олжамен оралды

Облыстан олжамен оралды


Жуырда ғана ауданды жарықпен қамтамасыз етіп отырған Қазалы электр торабы мекемесінің жемісті еңбегін мақаламызға арқау етіп, жеткен жетістіктерін сөз еткенбіз. Тағы да сондай сәт туды. Ұйымшыл ұжымның жақсы жаңалығын жария етіп, сіздермен бөлісуді жөн көріп отырмыз. Облыс орталығында ұйымдастырылған кіші футболдан өткен турнирде өзгелерден оза шапқан Қазалы электр торабы мекемесінің қызметкерлері ауданға олжамен оралды.
Сайыста сынға түскен сайыпқырандардың айтуынша, бұл турнир "Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы" АҚ құрылғанына 60 жыл толуына орай ұйымдастырылған. Тартысқа толы додаға аудан орталықтарындағы электр тарату торабы қызметкерлерінен құралған командалар қатысты. Кіл мықтылар бақ сынаған сайыста жерлестеріміз бәсекелестеріне шақ келтірмей, тамаша ойын үлгісін көрсете білді. Қарсыластарына оңайлықпен жеңілмейтіндіктерін аңғартып, сәт сайын шабуылдап, құрама намысын барынша қорғап бақты. Нәтижесінде барлығынан басым түскен қазалылық оғландар қарсыластарын ойсырата жеңіп, бірінші орынды қанжығаға байлады. Екінші орын Тереңөзек аудандық электр торабының қыметкерлеріне бұйырды. Ал орталық электр торабының қызметкерлері үшінші орынды місе тұтты.
Бұдан бөлек Өндірістік база командасының ойыншысы Сәбит Сейтқазин «Ең үздік қорғаушы», Өндірістік база командасының ойыншысы Манасбек Аймұратов «Ең үздік сұрмерген», Тасбөгет аудандық электр торабы командасының ойыншысы Қуаныш Жидебаев «Ең үздік қақпашы», Жалағаш аудандық электр торабы командасының ойыншысы Оразәлі Ақылбекұлы «Ең үздік шабуылшы», Жаңақорған аудандық электр торабы командасының ойыншысы Нұрсұлтан Жангелдіұлы «Турнирдың ең үздік ойыншысы» сынды бағамға ие болды. Жарысқа қатысушы құрама командалар арнайы алғыс хаттармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
– Өз ісіне мығым мамандық иелерінің басын бір жерге қосып қоймай, спортқа деген қызығушылығымызды сарапқа салған турнир тартысқа толы болды. Қарсыластарымыз өте жақсы дайындықпен келген. Аудан намысын арқалап барған соң, бізде аянып қалғанымыз жоқ. Нәтижесін өздеріңіз көріп тұрсыздар. Өзімізге артылған үмітті ақтадық деп ойлаймын. Бұл жеңіс біздің команданың, қала берді ұжымның жетістігі. Ауызбіршілігімізді арттырып, жұмысқа ынталандыратын осындай сайыстар алдағы уақытта да жалғасын тапса, жеңіске жетер жолындағы еңбегіміз әрі қарай да жемісті болмақ, – дейді Қазалы электр тарату торабы футбол командасының капитаны Нұрлан Жүсіпәлиев.
Бірлікті ту еткен білікті қызметкерлердің қай істе де ширақ екеніне тағы да көз жеткізгендейміз. Бағана басына шығып, биікті бағындырып, спортты серік еткен серілердің шығар шыңы аласармасы анық. Өйткені олар үшін жауапкершіліктің жүгі бәрінен жоғары.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
30 наурыз 2024 ж. 263 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.
Атамның әңгімесі

Атамның әңгімесі

03 мамыр 2024 ж.
Кіндік шешеңіз кім?

Кіндік шешеңіз кім?

12 наурыз 2024 ж.
Көнеден қалған мұра

Көнеден қалған мұра

20 ақпан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930