Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Күйі кеткен «питомник»

Күйі кеткен «питомник»

Фото: ашық дереккөзден
Ауыл болсын, қала болсын, көпшіліктің мәселесі қаңғыған ит болды. Әсіресе сабаққа барып, қайтатын оқушылар үшін күнделікті арпалыс. «Қаппайды» деген Құтжолыңның өзі жануар. «Арп» етсе бітті, адам ба, бала ма қарамайды. Ырылдаған бұралқының бейнесі зәремізді алып бітті дейтіндер де көбейген. Оның үстіне соңғы кезде орын алып жатқан оқиғалар күдігімізді арттыруда. Иманы ұшқан жұрт тіпті баланы далаға жіберуге жүрексінеді. Иесіз иттер көпшіліктің құтын қашырып, бала тұрмақ, ересек адамның өзі жалғыз жүруге тайсақтауда. Қаңғыбас иттер неге қаптады? Әлде итке қабылданған заңның «жылымығы» жаққан ба? Заң енді. Ал панажайдың мәселесі не болмақ?

Бала күнімізде ауылда көршінің сұлу қызы болатын. Ол кезде жас шамасы 15-16 болса керек. Кешқұрым. Ойын қуған балалар әрі-бері доп қуалап әлек. Кенет арс еткен алабайдың өткір дауысы шықты. Қатар естілген әлгі қыздың ащы дауысы құдды көрші ауылға жеткендей еді. Біз де баламыз ғой. Жақындауға қорқып тұрмыз. Талап жатыр. Қолымызға түскен тас-кірпішті лақтырғанымызбен әлгі ит қыздан ажырай қоймады. Қыз тыпыршуын қойғанда ғана ит те кері шегінді. Үлкендер де келіп, азан-қазан болып ауыл шулап кетті. Абырой болғанда қыз аман. Тек өткір тіспен осқан беті терісіз қалыпты. Жұрт тамсанатын көркем жүзінен түк жоқ. Дәрігерлер бірнеше ота жасап, сандағы терісін бетіне салды. Содан бері үйінен шығуды қойған бойжеткен мектепке де бармай, үйден білім алды. Әр жылы өсіп, денесі үлкейген сайын ота жасап отырылуы керек екен. Арада бірнеше жыл өткенде сол қызды жолықтырдым. Бетінде бетпердесі бар, кекілін төмен түсіріп қойған. Жасы отыздан асса да әлі күнге дейін қоғаммен араласпапты. Ал иттің иесі сол уақытта-ақ жазасыз құтылған. Еміне деп берген азын-аулақ ақшасы қыз ғұмырына араша бола алсын ба?
Аңдамасаң алабайың да аямайды
Қазір әлеуметтік желінің қайнап тұрған шағы. Бұрын естіп-біле бермейтін мәліметтер бүгінде секунд сайын тарап жатыр. Сондағы көптің көңілін күпті еткен жаңалықтың біршама бөлігі осы қаңғыбас иттер жайында. Жақында ғана алабай иттің қаршадай қызды талағаны, иесі жазасыз қалғаны көрсетіліп еді. Бізге құдды аңыздай, бірақ бұрын шын өмірде орын алған оқиға бар-тын. Жаңа түскен келін ауласында байланып тұрған төбедей төбетке тамақ беруге тысқа шығады. Той-тойлап жүріп үй іші әлгі итті тамақтандырмаса керек. Әбден ашыққан ол үнсіз панасында жатыр. Астауына етін салып, иттің алдына тоса бергені сол еді, арп етіп әлгің жас келінді талай жөнелді. Трагедия. Солай аш байланған ит келінді жеп қойған. Бұл үй ауласының ішінде тұрып-ақ орын алған оқиға. Ал оларды кешқұрым босата салатын ит иелері не ойлайды екен? Әр көшенің басында түрі қорқынышты, ебедейсіз, ірі, түрлі тұқымдағы иттер кезіп жүреді.Аңдап баспасаң, алабайың да аямайдының кері.

Бәріне кедергі заң ба?
Ата-аналар қаңғыған иттердің көзін жоюды талап етуде. Несін жасырайық, әкімдік өкілдері тұрғындар жағында екенін ескертеді. Дегенмен, иттерді өлтіре салуға болар еді, бірақ жаңа заң рұқсат бермей тұрғаны қолбайлау. Жалпы облыстағы, аудандардағы тұрғындар да шаһарда иесіз иттердің көбейгенін айтып дабыл қағып жүр. Олар көліктерге абалап қана қоймай, адамдарға да жиі айбат шегетінін алға тартты. Былтыр қазалылық тұрғын немересінің қаңғыбас итке таланып, бір өлімнен аман қалғанын мәлімдеді. Айдың-күннің аманында қаңғыған иттің құрбанына айнала жаздаған немересінің жайын баяндап, қауіпсіздік мәселесі күн тәртібіне шыққанын айтты. Бұдан бөлек, анаубір жылдары Арал ауданында да 7 жасар баланы ит қауып, жарақат алған бала травмотологияға түскен еді. Қайсыбірін тізбектейміз. Айтылмай, жазылмай, тіркелмей жатқан оқиғалар қаншама? Бірнеше жыл бұрын «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға қол қойылды. Заңды әзірлеген – Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі. Осы заңға сәйкес қазір көшеде қаңғып, қоқыс жәшігін торуылдаған итті атуға болмайды. Атсаңыз да, аттырсаңыз да, заң алдында жауап беріп, айыппұл арқалайсыз. Қысқасы басыңыз бәлеге қалады.
Панажай, құрылысың өте жәй
Қанша ашынып, даурықсақ та қаңғыған итке шара қолданылмаудың сыры осы. Бұрынғыдай көше-көшені аралап, кезген иттерді ата салу жоқ енді. Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, жаңа заңға сәйкес, алдыңғы жыл соңынан бастап, қаңғыбас ит мысықтарды аулап, жою жұмыстары тоқтатылған. Қазіргі таңда қаңғыбас, қараусыз қалған иттердің есебін жүргізу, сондай-ақ олардан жұғатын аса қауіпті құтыру, эхинококкоз ауруларын алдын алу бойынша вакцинациялау жұмыстары жүргізіліп тұрады. Қазір бұдан өзге ветеринарлар тарапынан қаңғыған итке қарсы дәрмен жоқ.
Ал болуы керек панажайдың жайы қалай? Бұл жайында жалпылама болмаса, мардымды жауап ала алмайтынымыз өкінішті. Заң аясында әзірлеген үлгілік қағидалар бойынша ауланған жануарлар уақытша ұстау орындарына жеткізілуі тиіс. Облыста қазіргі таңда уақытша ұстау орындары жоқ. Алдағы уақытта бекітілген ережелерге сәйкес панажайлардың құрылысын салу мен басқа да жұмыстар заңда белгіленген тәртіп бойынша атқарылмақ. Әлеуметтік желілерді ақтарып отырып бір парақшаға көз түсті. «Пушистики Кызылорда» атауымен инстаграмда арнайы парақша ашылыпты. Мұнда қараусыз қалған мысықтар мен иесіз иттерге көмек көрсетіледі. Әсіресе жағдайы ауыр жануарға көп болып ақша жинап, емдейді екен. Панажай емес. Бірақ иесін тауып, жақсы қолға өткізеді. Осы уақыт аралығында 10 мыңнан аса жануарға жайлы үй тауып берген. Мыңнан аса жануарды зарарсыздандырған. Арнайы шотқа мейірімді жандардан ақша жинап, иесіз ит-мысыққа осылайша көмек көрсетілуде. Бұл – ерікті жандардың бастамасы.
Сонымен қатар, осыдан 3 жыл бұрын Қызылорда облысында алғаш рет иттер мен мысықтарға арналған уақытша баспана ашылған болатын. Зообақтай жайлы әрі қауіпсіз мекенге айналған арнайы орын Байқоңыр қалалық әкімшілігінің көмегімен жұмыс істеуде. Көше кезген бұралқы немесе иесінен ажырап қалған хайуандар енді ветеринарлық бақылаудан өтіп, арнайы орында 21 күн бойы бақылауда болады. Содан кейін олардың құлағына белгі салынып, есепке алынады. Осы уақыт аралығында волонтерлар әлеуметтік желілер арқылы жаңа иелерін іздестіреді. Осылайша қамқорлық танытып жүрген мамандар, бұл әдіс арқылы бұралқы ит пен мысықтың санын азайтып айналаға тиер қауіпті сейілткен. Бұл жерде иттерге арналған 107 валер, мысықтарға арналған 53 клетка бар. Бұл баспананың шығыны да, мақұлықтарға қарайтын қызметкерлердің айлығы да бюджеттен қарастырылған. Хайуандарға қажетті барлық жағдай жасалған. Тамағы, суы, медициналық көмегі, операционный блогы да осы жерде. Бұдан бөлек іс-сапармен немесе уақытша басқа жаққа кеткен тұрғындарда үй жануарларын осы жерде қалдыру мүмкіндігі бар. Бұл ретте қонақ үй сияқты. Әсіресе ресейлік азаматтар кезекті демалысқа шыққанда, үйіндегі мақұлықтарын осы жерге орналасатырып кетеді екен. Ал ит-мысыққа бей-жай қарамайтын волонтерлар болса осындағы мақұлықтардың суреттерін жарнамалап отырады. Тұрғындар болса ұнағанын алып кетіп жатады екен.
Панажай деген – итті аулаған соң оның қанша өмірі бар, соған дейін шығармай, күтіп ұстауға тиіс орын. Біздікі – уақытша күтіп ұстау. Уақытша күтіп ұстауда итке тиісті барлық процедура жүргізіледі. Мерзімі – он бес күн. Одан соң, яғни, он алтыншы күні қайдан ауланды, бригада сол орынға апарып, қайтадан қоя береді. Қазір уақытша ұстау кезінде бір итке бөлінетін қаржы 96 мың теңге көлемінде екен. Бұл қаржыға қаңғыған ит-мысықты аулау, ұстау, залалсыздандыру, вакциналау кіреді. Айтпақшы, ашық ресурстардағы деректерде әлемде 200 миллионнан астам бұралқы ит бары айтылады. Қазақстанда соның ішінде, Қызылорда облысында қанша екенін қарапайым қараша түгілі құзырлы орынның өзі де білмейді. Дегенмен, көше кезген көп бұралқы ит саны айлап көбейіп келеді.

«По факту» қалай өзі?
Жалпы соңғы жылдары өңірде қаңғыбас иттерден адамдардың зардап шегу фактісі жиілеп кеткен. Былтырғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап үй жануарларын міндетті тіркеу процесі іске қосылды. Бүгінгі таңда арнайы ақпараттық жүйеде 32 ит тіркелсе, облыс бойынша 32160-ға жақын ит паспортталған. Осы күні кез келген мөлтек ауданынан қосақталып жүрген қаңғыбас иттерді байқау қиын емес.
Халықаралық және Еуропалық Конвенцияларда жануарлар құқығы туралы айтылған. Бірақ олардың өмір сүру ортасы адамдарға қауіп төндіру жолымен сақталсын делінбеген. Яғни, белгілі қауіпсіздік ережелері мен күтіп-ұстау бойынша нақты ұсыныстары бекітілген. Біздің елде де қараусыз жүрген ит-мысықтарды уақытша бағатын, халықаралық үлгіде арнайы орын салынады деп айтылып келеді. Әзірге нәтиже жоғын сіз де, біз де көріп отырмыз. Дәл бүгінгі таңда қаланың қай шағын ауданына барсаңыз осы иесіз, қараусыз жүрген иттерден қорғануға мәжбүр боласыз. Және олардың арасынан дене тұрқы кішкентай итті көрмейсіз, бәрі үлкен, адамға шабуыл жасаса, жазым қылатын, балаға қараса жеп қоятындай түрі бар.
– «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР Заңына байланысты бекітілген «Жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру», «Үй жануарларын ұстау және серуендету» қағидаларына сәйкес жұмыстар жүргізілуде. ҚР Қаржы министрінің №527 бұйрығымен бюджеттік бағдарламалар айқындалған. Оның ішінде аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдеріне «Жануарларға арналған панажайлар, уақытша ұстау пункттерін салу», «Үй жануарларына арналған панажайларды, уақытша ұстау пункттерін ұстау» жұмыстарын ұйымдастыру құзыреттіліктері берілген. Қазіргі күні Қызылорда облысы көлемінде уақытша ұстау орындары мен панажайлар салуға 4,4 гектар көлемде 7 жер телімі нақтыланды. Құрылыс жұмыстарына қаржы бөлу және инвесторлар тарту мәселелері қаралуда, – дейді Қызылорда облысы ветеринария басқармасының баспасөз қызметі.
«Төбеттер» тіркелуде
«Қаңғыбас иттердің санын реттеуді қамтамасыз ету мақсатында Call-центр жұмыс істеп, арнайы бригада адамдар көп шоғырланатын жерлерде және мектеп аумақтарында бақылау жүргізіп, иесіз, топтасқан иттер мен тұрғындардың шағымы негізінде аулау жұмыстарын атқаруда. Әлеуметтік желілерде қараусыз және қаңғыбас иттерге байланысты жарияланымдар бойынша уақытында кері байланыс орнатылып, өтініш түскен аумақтарда арнайы қызмет тиісті жұмыстарды жүргізуде. Сонымен бірге, 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап үй жануарларын (ит, мысық) міндетті тіркеу басталды. Осыған байланысты, үй жануарларын есепке алу бойынша ветеринариялық ұйымдар арнайы ақпараттық жүйемен қамтамасыз етіліп, тіркеу жұмыстары жүргізілуде. Заңның маңыздылығын ескере отырып, тұрғындар арасында кездесулер, интернет-ресурстар, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Үкіметтік емес ұйымдары өкілдерімен кездесулер, арнайы кеңестер ұйымдастырылып, әлеуметтік желіде кеңінен насихатталуда. Осы жылы тұрғындардың өз өтініші негізінде және қала, аудан аумағын аралау барысында қоғамға қауіп төндірген, агрессивті иттер аулануда, – дейді Қызылорда облысының ветеринария басқармасы.
Қалай десек те, әлеуметтік желіде қараусыз жүрген үй жануарларына деген сын көп. Тұрғындар қараңғы ерте түсіп, оқушылардың сабақтан кеш қайтатынын, жолай қаңғыбас иттермен алысатынын айтып шағымданады. Жауапты органдар «мәселе бақылауда» дегеннен аса алмай тұр.
Әрине, ит – адамның досы. Оны асырауға да бап керек. Ол сырласың да бола алады. Мұңайғанда жаныңды түсінеді. Алайда оның жануар екенін ұмытпаған жөн. Кез келген уақытта «арс» етпеуіне кім кепіл? Тағыланған иттердің көбеюі тұрғындардың жауапсыздығынан. Далаға еркіне жібере салады. Олар қоқыс жәшіктерінің маңын торуылдап, мекемелер мен тұрғын үйлердің аулаларында түнейді. Біреу емес, бірінің артынан бірі еріп топтасып жүреді. Осының салдарынан ата-аналар балаларын өздігінен оқуға, далада емін-еркін ойнауға жіберуге қорқуда. Мамандардың айтуынша, тұрғындар иттерін бетімен жібермей, тіркеп, ветеринарлық емханада егу шараларын жүргізуі қажет. Ауру иттің белгілерін де оңай аңғаруға болады. Сілекейі шұбырып, жүні үрпиіп, көзі қызарған итіңіз болса дереу екпе салдыртыңыз. Сонау ежелгі ойшылдар Аристотель мен Демокрит иттің құтыруын ауыр дертке балаған. Ал, тарихта Әмір-Темірдің бұйрығымен Алтын Орданың болашақ ханы Тоқтамыстың ит қапқан әйелі мен қызын арнайы өлтірген. Демек, бұл құтырудың жұғу жолы өте жеңіл дегенге саяды.
Бұралқы иттердің қаппауына ешкім кепілдік бермейді. Көбіне олар өзі жүретін шекарасын қорғау үшін адамға шабуыл жасайды. Ал одан қалай қорғануға болады? Қабаған ит жолықса, сабыр сақтау керек. Арсылдаған иттен қашуға, айқайлауға да болмайды. Әрбір қимылыңыз баяу болсын. Итке тіке қарамай, көзіңіздің қиығымен ғана әрекетін бақылаңыз. Шап бергенде, аузына кез келген затты салып үлгеріңіз. Себебі иттің азулы тісінен сақтанған абзал.

Сөз соңы
Итін бос жіберген иесі алабай-канденінен қауіп жоқ екенін алға тартып, «Ит – адамның досы» деген тәмсілді берік ұстанған-ау. Әйтпегенде көшелерде қап-қара болып кезіп жүрген питбуль не овчарканы сіз де көрген боларсыз. Ондай «ерекше» иттердің тұмылдырық киіп жүруі керек емес пе еді? Бұрында болған «питбуль баланы жеп қойыпты» деген оқиға тағы қайталанбасына кім кепіл? Қаңғыған иттер ше? Атылмаса, ұсталмаса, панажайы болмаса, ендігі көшеде жүруден қалармыз, бәлки? Осыны әлде де ескеріп, әлде де дұрыс шара қабылдануы керек. Бұл тек біздің емес, көптің жанайқайы.

Айнұр ӘЛИ
30 наурыз 2024 ж. 208 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031