Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Көше көркін келтіргендер

Көше көркін келтіргендер

Тазалық, тәртіп, жайлылық. Бұл әрбір адамға керек-ақ. Өзіңіз ауасын жұтып, суын ішіп отырған өлкенің тұмса табиғатын аялай білу аса маңызды. Көше тазалығын сақтау да сіздің мәдениетіңіздің деңгейін көрсетеді. Десе де көрінген жерге қоқыс қалдырып, қоршаған ортаны, табиғат ананы – табанға таптап жүргендер де жетерлік. Бұны әркімнің санасына, таным-түсінігіне қалдырдық. Біздің бүгінгі мақаламызға арқау болар тақырып – көшені күнделікті күл-қоқыстан, қажетсіз қалдықтардан арылтуда аянбай тер төгіп жүрген тазалықшылардың тынымсыз еңбегі.
Таңертеңмен «АвтоТех» оқу орталығы ЖШС бас инженері Темірлан Ысқақовпен телефон арқылы хабарласып, түпкі ойымызды айттық. «Тазалықшы аға-әпкелердің еңбегін оқырманға көрсетсек, тұрғындарды тазалық сақтауға шақырып, таң азаннан кеш батқанша тынымсыз жұмыс істейтін жандардың жай-күйін бастан өткеріп қайтсақ» деген ниетімізді құп алды. Түс ауа келіскен жерде кездестік.
Таңғы 8-ден басталатын тірлікке тазалықшы аға-әпкелер әбден төселген. Өздеріне бөлініп берілген аймақтың тазалығына мұқият қарайтын жандар көше бойын, арық ішін қалдықтардан арылтып, қапқа жинайды. Арнайы жүк көлігіне тиеп береді. Көлік жүргізушісі қалдық шығаратын орынға алып кетеді. Осылайша күнделікті жұмыс жалғасады. Бір қараған адамға бәрі оңай көрінуі әбден мүмкін. Өйткені, «Оның несі қиын? Мусорды теріп қапқа салғанның не ауырлығы бар?» деп таяз ойлайтын жандар да табыла кетті тұрғындар арасынан. Қате пікір. Жұмыстың жеңілі болмасы анық. Әйтседе тазалықшыларға артылар жауапкершіліктің жүгі тіптен ауыр. Кейбір тұрғындардың ерсі әрекеті тазалықшыларды одан әрі титықтатып жібереді. Көшенің кез келген бұрышына қоқыс лақтырып кететіндер мен үйінің алдына тұрмыстық қалықтарды шаша салатындардың іс-әрекеті шымбайға батып-ақ тұр. Бүгінгі кейіпкерлеріміз бізбен әңгіме кезінде «тұрғындар тазалыққа бейжай қарамаса екен» деген тілек білдірді.
Жұмыс барысында жүрген Темірлан Ысқақовтан сауалдарымызға жауап алып үлгердік. Себебі, қызу тірлік кезінде сағаттап әңгіме айтып тұруға уақыт тапшы. Білгеніміздей, бұндаы отыз жұмысшы бар. Оның 10-ы тұрақты штатта болса, 20-сы ақылы қоғамдық негізде еңбек етеді. Басшысының айтуынша алдағы уақыта жұмысшы санын көбейтіп жоспарда бар.
– Таңғы 8-ден 12-ге дейін, 14:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс. Күнделікті екі бригада жұмысқа шығады. Әр бригадада жүргізушіні қосқанда бес адамнан. Кент ішін аралап, жиналған қоқыстарды жүк көлігіне тиеп, қатты қалдықтар шығаратын арнайы полигонға төгеді. Тазалық жұмысының да түр-түрі бар. Арықтарды аршу, қоқыстан тазарту, жапырақтарды жинау, қалдықтарды теруден бөлек қыс мезгілінде жолдарды қардан тазалап, тұз бен құм себуді де атқарамыз. Тұрғындардан түскен өтініштерді де орындаймыз, – дейді Темірлан Нұғманұлы.
Расында да олар қысы-жазы таңмен таласып ерте тұрады. Тіпті сенбі-жексенбі де дамыл таппайды. Кейде мереке күндері де қолына сыпырғысын алып, көшені күл-қоқыстан арылтуға қызу кіріседі. Темірлан Ысқақов ұйымдастыру және үйлестіру мәселесін жақсы меңгерген. Бірнеше жыл осы саланың ыстығы мен суығын бастан кешірген азамат. Жұмысшылардың да жұмысын ыждаһатты жасап, тиянақты тындырғанан қалайды. Сондықтан болар үнемі басы-қасында жүріп, бақылайды. Темірланның іс-әркетінен талапшылдығы анық аңғарылып тұрды.

Роллан Қартқожақ күнделікті әдетімен тысқа шығып, алдымен аулада тұрған «ГАЗ-53» маркалы көлігінің жай-күйін тексереді. Көлікті күні бойғы қауырт тірлікке сақадай сай ету оның басты міндеті. Жүргізушілікті жанына серік еткеніне де талай жылдан асып барады. Жұмысшылар жинап, тиеген күл-қоқыс пен қап-қап қалдықты кенттен 13 шақырым қашықтықта жатқан қоқыс полигонына төгу үшін күніне бірнеше мәрте қатынайды. Сағат тілі жеті жарымды көрсеткенде жүк көлігін орнынан қозғап, жұмысқа асығатындығына қарап, оның жауапкершілігіне сүйсінесің. Аталған серіктестікте бұдан бөлек «ЗИЛ» автокөлігі мен трактор тізгінін ұстаған жүргізушілер – Жасұлан Кюалиев, Сәт Ерекешов және Алтынбек Еспаев.
Бас инженер Темірлан Ысқақовпен тілдесіп, кездесетін жерге жеткенімізде қолдарына күрек пен сыпырғы ұстаған жұмысшылардың қызу тірлігіне куә болдық. Теміржол вокзалы маңын тазалауға кіріскен еңбеекерлер көше бойына көрпедей төселген шыны сынықтарын сыпырып, қаптап, машинаға тиеп жатты. Бұдан бөлек әр жерде шашылған полителин пакеттер мен бос құтыларды да теріп, жүк көлігіне салды. Өздерін Айнагүл Амирова, Ботакөз Балмаханова, Ақмейірім Жанатова, Ақбота Жиеналиева, Гүлім Иманғазиева, Зібайда Сәдуақасова, Шынар Сыдықова, Гүлдана Өмірәлиева, Лира Нұғманова деп таныстырған қыз-келіншектердің алды осы салада еңбек етіп жүргеніне бірнеше жыл толған. Кейін келгендердің өзі екі жылды артқа тастаған.
– Күніне сегіз сағат жұмыс істейміз. Жаз мезгілінде үш, күз айларында екі сағат түскі үзіліске шығамыз. Адамдардың бізге деген көзқарасы мен жұмысымызға деген пікірлері түрліше. Біреулер жүк көлігін әдейілеп күтіп, қоқыстарын салып жатады. Ал кейбірі «сендердің жұмыстарың ғой» дегендей көрер көзге көшеге құтыны, темекі қорабын, тағы басқа заттарды тастай салады, – дейді олар.
Серіктестік директорының айтуынша, жұмысшыларға айлық жалақы уақытылы төленеді. Оның сөзін еңбеккерлер де құптап, өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарайтындарын аңғартты.

*
Үстеріне қызыл желетке киіп, қолдарына сыпырғы ұстаған, көбінесе көше бойында жүретін тынымсыз жандарды күнделікті кез келгеніміз кездестіріп жатамыз. Қолдарындағы қапқа жерде жатқан қоқыстарды толтыра салып, жүк машинасына қарай аяңдайды. Олар қыста қолына күрек, жазда сыпырғыш пен шүберек ұстап, күн сайын ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, қаламызды таза ұстауға жұмыстанады.
Жамиға Пірімбетова бірнеше жылдан бері осы салада еңбек етеді. Екі баланың анасы. Отбасы Бозкөлде. Алғашқы жылдары аталған ауылда үш жылға жуық жұмыс істепті. Әйтеке би кентіне биыл келген. Еңбек етуден қашпайтын жан өзіне тапсырылған іске мығым. Жүрдім-бардым орындамайды. Жанашырлықпен, жауапкершілікпен қарайды.
– Көпшілікпен бірге жұмыс істеген соң аса қиын деуге келмейді. Алайда жеңіл деп те айта алмаймын. Әр істің өз қиындығы болады. Тазалық жұмыстарын жүргізгенде сақ болу керек. Шыны қалдықтары, өткір заттар қолды жарақаттауы әбден мүмкін, – дейді Жамиға Жуандыққызы.
Қытымыр қыстың аязды күндері, шіліңгір шілденің аптапты ыстығында күні бойы далада жүріп еңбек ететін бұл жандардың жұмысы жеңіл емес. Тұрғындар да түрліше. Тазалыққа салғырт қарайтындар әлі де болса ауданымызда жетерлік.
– Тазалық – баршаға ортақ міндет. Кент көшелерінің көрікті болуына кез келген тұрғын атсалысу керек. Иә, бұл біздің жұмысымыз. Десе де кейбір үйлердің есігінің алдында ретсіз шашылған қоқыстар, жыртылған пакеттер жатады. Оның барлығын теріп жүру уақыт алады. Ең болмаса бір белгіленген жерге жиыстырып қою керек ғой, – деп реніш білдірді тазалақшылар.
Әрине, тазалыққа тек бір ғана мекеме емес, әр адам жауапты болуы тиіс.
– Қазалы үлкен әрі көрікті аудан. Халқы да қонақжай, дарқан, кеңпейіл. Бірақ, әйтсе де тазалық жөнінде мәдениетін, түсінігін әлі де көтеру қажет. Ата-ана ойын баласын «қоқысты төгіп кел» деп жұмсай салады, оны шынында арнайы темір жәшікке апарды ма, жоқ па, әлде аулаға, көше бойына лақтырып кетті ме, қадағаламайды. Шынын айту керек, халық қоқысты қай жерге болсын төге салады да «ақысын төлеп жатырмыз ғой» деп, бізге міндет қылады. Жалпы, бұл мәселемен тек көше тазалаушылар ғана емес, қоғам болып айналысу керек.
Жұмыстың үлкен-кішісі, қадірлі-қадірсізі болмайды. Ең бастысы адал еңбектену. Көше сыпырамын деп намыстанудың қажеті жоқ. Өз басым осы мекемені басқарып отырғанымды мақтан тұтамын. Және әрбір жұмысшыммен мақтана аламын, әрқайсысы асын адал тауып жүрген нағыз еңбекқор жандар, – дейді Т.Нұғманұлы.
Расында еңбекпен тапқан нан тәтті, маңдай термен келген несібе берекелі. Бұл сөздерді бүгінгі кейіпкерлердің жанарынан оқығандай болдық.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
16 наурыз 2024 ж. 291 0

Ана сүтінің маңызы

21 сәуір 2025 ж. 94

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930