Еңбекпен тапқан ас адал
Олар қысы-жазы таңмен таласып ерте тұрады. Тіпті сенбі-жексенбі де дамыл таппайды. Кейде мереке күндері де қолына сыпырғысын алып, көшені күл-қоқыстан арылтуға қызу кіріседі. Бүгін біз нағыз еңбеккер жандар туралы сөз етеміз.
Кент тұрғыны Ролан Қартқожақ тынымсыз жан. Ол – Әйтеке би кентін күл-қоқыстан тазалап, көркейту-көгалдандыру жұмыстарымен айналысатын мекеменің бірі – «ЭкоСервисСтройКосталтинг» ЖШС-де еңбек етеді. Директоры – инженер-құрлысшы мамандығын меңгерген Темірлан Ысқақов. Бірнеше жыл осы саланың ыстығы мен суығын бастан кешірген азамат. Ұйымдастыру және үйлестіру мәселесін жақсы меңгерген.
Ролан күнделікті әдетімен тысқа шығып, алдымен аулада тұрған «ГАЗ-53» маркалы көлігінің жай-күйін тексереді. Көлікті күні бойғы қауырт тірлікке сақадай сай ету оның басты міндеті. Жүргізушілікті жанына серік еткеніне де тоғыз жылдан асып барады. Жұмысшылар жинап, тиеген күл-қоқыс пен қап-қап қалдықты кенттен 13 шақырым қашықтықта жатқан қоқыс полигонына төгу үшін күніне бірнеше мәрте қатынайды. Сағат тілі жеті жарымды көрсеткенде жүк көлігін орнынан қозғап, жұмысқа асығатындығына қарап, оның жауапкершілігіне сүйсінесің. Аталған серіктестікте бұдан бөлек «ЗИЛ» автокөлігі мен трактор тізгінін ұстаған жүргізушілер – Арыстанбек Кетебаев пен Жандос Садуақасов.
Серіктестік директоры Темірлан Ысқақовпен тілдесіп, кездесетін жерге жеткенімізде қолдарына күрек пен сыпырғы ұстаған жұмысшылардың қызу тірлігіне куә болдық. Көше бойына көрпедей төселген жапырақтарды сыпырып, қаптап, машинаға тиеп жатты. Бұдан бөлек әр жерде шашылған бөтелке шынылары мен бос құтыларды да теріп, жүк көлігіне салды. Өздерін Жалғасбек Маханбетов, Темірәлі Өмірзақ, Руслан Қартожақ және Берекет Тілеубаев деп таныстырған азаматтардың алдының осы салада еңбек етіп жүргеніне бірнеше жыл толған. Кейін келгендердің өзі екі жылды артқа тастаған.
– Күніне сегіз сағат жұмыс істейміз. Жаз мезгілінде үш, күз айларында екі сағат түскі үзіліске шығамыз. Адамдардың бізге деген көзқарасы мен жұмысымызға деген пікірлері түрліше. Біреулер жүк көлігін әдейілеп күтіп, қоқыстарын салып жатады. Ал кейбірі «сендердің жұмыстарың ғой» дегендей көрер көзге көшеге құтыны, темекі қорабын, тағы басқа заттарды тастай салады, – дейді олар.
Серіктестік директорының айтуынша, жұмысшыларға айлық жалақы уақытылы төленеді. Оның әр адам 63 750 теңге көлемінде айлық алады деген сөзін еңбеккерлер де құптап, өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарайтындарын аңғартты.
– Біз де жиырма жұмысшы бар. Жаз маусымында жұмыспен қамту орталығы арқылы қоғамдық жұмысқа жіберілген 45 адам келді. Олар үш ай еңбек етті. Сонымен бірге «Жасыл ел» еңбек жасағы қатарында 100 жас жұмыс істеді. Тазалық жұмысының да түр-түрі бар. Арықтарды аршу, қоқыстан тазарту, жапырақтарды жинау, қалдықтарды теруден бөлек қыс мезгілінде жолдарды қардан тазалап, тұз бен құм себуді де атқарамыз. Тұрғындардан түскен өтініштерді де орындаймыз, – дейді Темірлан ЫсқақовP.S. Расында жұмыстың жақсы не жаманы, ауыр не жеңілі болмайды. Еңбекпен тапқан нан тәтті, маңдай термен келген несібе берекелі. Бұл сөздерді бүгінгі кейіпкерлердің ¬жанарынан оқығандай болдық.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА