Мамандық таңдау – маңызды қадам
Осындай тақырыпта Қ.Нұрмаханов атындағы №95 білім ордасында мектеп директорының бейіндік оқыту жұмысы жөніндегі орынбасары Л.Дәстенованың ұйымдастыруымен оқушыларға кәсіби бағдар беруге арналған кеш өтті. Шарада мұғалім, дәрігер, музей қызметкер, журналсит, дәнекерлеуші, ветеринар, аспаз, кондитер, автомеханик және тағы басқа мамандық иелері қонақ болды.
Кеш басталамас бұрын мектеп психологы Д.Аққоянова қонақтармен «Қуанышты шеңбер» тренингін өткізді.
– Мектеп –шәкірттерді тек білім нәрімен сусындатып қана қоймай, олардың болашағына даңғыл жол салып береді. Әрбір шәкірттің ертеңіне алаңдаған ұстаз олардың кемел келешектің иесі болуын көздейді. Қазіргі білім беру жүйесіндегі жаңа мазмұн білімнің тұлғаға бағытталуын, олардың белгілі бір мамандықты игеруіне ықпал етуін қамтиды. Сондықтан шәкірттеріміздің өз қабілеттері мен мүмкіндіктеріне қарай жүрек қалауымен жақсы мамандық таңдау жолында бағдарлы білім алып, әрқайсысы дүниенің бір кірпіші болып қалануын тілейміз. Кешіміздің мақсаты да – осы. Болашаққа дайындықты бүгіннен бастауымыз қажет. Осы орайда кешімізге ауданымызда еңбектің әр саласында қызмет етіп жүрген іскер мамандарды шақырып, ой бөліскелі отырмыз, – деді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ж.Көпенов.
Кеш барысында мектептің ән-әуез пәнінің мұғалімі Б.Қауымбай дайындаған «Домбыра» үйірмесінің мүщелері композитор Бораш Әбеновтың «Желдірме» күйін орындады. Шәкірттер «Мамандықтар әлемі» көрінісін сахналады. Бүлдіршіндер «Құрбылар» биін билесе, «Еркін микрофон» айдарында оқушылар көкейде жүрген сауалдарын қонақтарға жолдап, жауап алды. Әр маман иесі өзінің жұмысының қызығы мен қиындығын айтып, ақыл-кеңес берді. Аталған мектеп түлегі, «ASTANA OPERA» Мемлекеттік опера және балет театрының солисі, Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Алтынбек Әбділда бейнеролик арқылы сәлем жолдады. Мектеп тәлімгері Жанна Елеусізқызы «Жақсы адамдарым» әнімен кешті қорытындылады.
Ұ.ЕРБОЛҚЫЗЫ